Трендке айналған "Лабубу" ойыншығы балаларға қауіпті ме? Психолог жауабы

  • 10:05, 17 маусым 2025
Трендке айналған "Лабубу" ойыншығы балаларға қауіпті ме? Психолог жауабы Сурет: depositphotos.com

Кейінгі кездері әлеуметтік желіде балалар арасында “Лабубу” атты ойыншық трендке айналды. Түр-сипаты жағынан сүйкімсіз, тіпті кейбір ересектер үшін қорқынышты көрінетін бұл ойыншықты балабақшадағы бүлдіршіннен бастап, мектеп жасындағы балаларға дейін жанталаса сұрап жатыр. Балалар неге "ұсқынсыз" ойыншықтарға құмар? Мұндай ойыншық баланың психологиясына кері әсер ете ме? Аqshamnews.kz тілшісі зерттеп көрді. 

"Анашым, лабубу алып берші"

Бұл өтініш сізге де таныс болар. Бүкіл бала таласа сұрап жүрген ойыншық кейінгі уақытта пайда болған секілді көрінгенімен, бұл кейіпкер алғаш рет 2015 жылы гонконгтік иллюстратордың қиялынан туған. Лабубудың ең қатты танымал болған сәті K-pop тобы Blackpink мембері Лисаның сөмкесінен көрінгеннен кейін басталды. Артынша бұл трендті Ким Кардашьян мен Рианна да жалғастырды.

Осыдан кейін Лабубу бейнеленген ойыншықтар мен заттарға сұраныс күрт артты: ресми дүкендердің алдында ұзын-сонар кезек пайда болып, ойыншықтың бағалары шарықтап кетті. Ал қазір TikTok пен YouTube-та Лабубуды су жаңа күйінде ашып жатқан видеолар миллиондаған қаралым жинап, оны одан сайын вирустық трендке айналдырды. 

сурет: depositphotos.com

4 мыңнан - 190 мыңға дейін 

Нарықта бұл ойыншықтың бағасы түпнұсқасына және жасандыларына қарай түрлі бағада сатылып жатыр. Жасанды түрлері базарларда 2 мың - 5 мың көлемінде, ал шетелден әкелінген түпнұсқалары 60 мың -190 мың теңгеге дейін ұсынылып жатыр. 

Яндекстің мәліметінше, мамыр айында "Labubu" кілт сөзімен сұраулар саны миллионнан асқан. Ал маусым айының басына қарай "құбыжық-ойыншық" туралы ақпарат күніне 100 мыңнан астам рет сұралған.

Лабубу табысының тарихы - Poppy Playtime ойынының кейіпкері Хагги Ваггидің трендке айналғанын еске салады. Алғашында ол балалар мен коллекционерлердің қалауының объектісіне айналып, кейін ата-аналардың, психологтардың және құқық қорғау органдарының назарын аударған еді. 

сурет: depositphotos.com

"Лабубу" балалар үшін қауіпті ме?

Психолог, гештальт-терапевт Ұлмекен Сәндібекқызының айтуынша, Лабубу алғаш көргенде ересектер үшін жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін. Бірақ бұл сезімді балаға артуға болмайды. 

“Бізге ұсқынсыз көрінгенімен, балалар үшін ол мүлдем олай емес. Көбінде ертегі, мультфильм кейіпкерлері де қорқынышты, бірақ мейірімді болып келеді. Құбыжық пен ханшайым туралы ертегілердегі сияқты – сырт келбеті емес, ішкі мәні маңызды”, – дейді маман.

Ойыншықтың танымалдығы балалардың бір-бірімен бәсекелестігі мен ерекшеленуге деген ұмтылысымен де байланысты болуы мүмкін.

“Мәссаған, сенде Лабубу бар екен!” – деген таңданыс арқылы бала өзіне назар аудартқысы келеді. Бұл ойыншықтың эмоцияға толы бірнеше түрі бар, соның арқасында бала өз көңіл күйін де білдіріп жатқан болуы мүмкін”, – дейді психолог.

сурет: depositphotos.com

Психологтан ата-аналарға кеңес

Қорқынышты ойыншықтармен ойнау аса бір алаңдата қоймайтын дүние секілді көрінгенімен баланың психологиясына үнсіз сигнал беріп жатуы мүмкін. 

“Бірден байқалмағанымен қорқынышты ойыншықтар қобалжу, қорқыныш, жайсыз түстер мен күйзеліске алып келуі мүмкін. Бала өзінің сезімдерін толық айта алмағандықтан әртүрлі симптомдар арқылы көрініс береді. Менің тәжірибемде әлеуметтік желіден көрген бейнеден соң қатты қорқып , дірілдеп келген, әлдебір бейнені көріп, бір мезетте қорқыныштан көзін аша алмай қалған балалар болды. Қорқыныш сезімдерімен жұмыс істеген соң, қалыпқа түсті”, – дейді маман.

Баланың “Лабубу” сияқты ойыншыққа әуестенуі – кейде ата-анадан көрген қысымның салдары болуы мүмкін.

“Ата-ана баласының қылығын емес, тұлғасын сынай берсе, бала өзін "жаман", "сүйкімсіз" сезініп, сол бейнеге ұқсағысы келуі мүмкін. Сондықтан ата-аналарға баланың әрекетін бағалауға, ал тұлғасына құрметпен қарауға кеңес беремін. Сондай-ақ, баланың қалауын мүлде тыймай, бір ойыншыққа шектен тыс байланып кетуіне жол бермеген дұрыс”, – дейді психолог.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:04

14:41

14:32

12:39

12:36

12:28

11:55

11:43

11:02

10:42

10:38

10:29

10:21

10:16

10:05

09:46

09:26

19:14

17:52

17:32

17:30

17:19

16:53

16:43

16:07