Трамп пен Зеленский кездесуі: Қауіпсіздік кепілдігі Украинаны қауіптен қорғай ала ма?

Трамп пен Зеленский кездесуі: Қауіпсіздік кепілдігі Украинаны қауіптен қорғай ала ма? www.lenta.ru

АҚШ және Украина сирек кездесетін металдар бойынша келісімге қол қоюға келісті.

Соңғы күндері, Украина жерінде негізгі тартыс майданда емес, ақпарат алаңында өтуде. Сәйкесінше, тараптар нақты ұстанымдарын айқындап, дипломатияның сайран құрар кезі келгендей. Алайда, Украина президенті апта басында ұйымдастырған баспасөз конференциясында АҚШ президенті Д. Трамп әкімшілігі тарапынан ұсынылып отырған сирек кездесетін металдар қорын бірлесіп меңгеру ұсынысы Украин халқы үшін тиімсіз екенін мәлімдеді. Ол: «Болашақ ұрпақ алдында қарыз болғымыз келмейді», – деп атап өтті. Дегенмен, апта ортасында В. Зеленскийдің Вашингтонға сапары белгілі болып, бүгін, жұма күні, Д. Трамп пен В. Зеленскийдің ресми түрде алғаш рет кездесуі белгіленген. Д. Трамп билікке келгелі бері Израиль премьер-министрі Нитаньяхудан және Франция президенті Э. Макроннан кейінгі қабылдап отырған үшінші мемлекет басшысы. Бұл өз кезегінде, Д. Трамп әкімшілігінің алдағы төрт жылдағы сыртқы саясатында Израиль мен Украинаға ерекше басымдық беретінін көрсетсе керек.Осыған дейін ақпарат беттерінде «Украина мен АҚШ арасындағы сирек кездесетін металдар қорын меңгеру бойынша келісімшарттың алғашқы нұсқасы» деген атаумен таралған құжатта Украина тарапы талап етіп отырған «қауіпсіздік кепілдігі» туралы ақпарат жоқ. Жалпы, соңғы кездері жиі айтылатын қауіпсіздік кепілдігі дегеніміз не? Украина қандай қауіптен қорқып, қай тараптан қауіпсіздік кепілдігін сұрауда? Бүгінгі мақаламызда осы тақырыпты  талқылап көрелік.

 Бейбіт келісімге басты кедергі не?

Франция президенті Эммануэль Макрон   Ақ үйге ресми сапармен барып, Еуропалық Одақ елдері атынан Украина мен АҚШ арасында саябырсып келе жатқан байланысты қайта қалпына келтіруге тырысқан еді. Алғаш рет, Эммануэль Макрон    Еуропалық Одақ елдері қауіпсіздік кепілдігі ретінде Украинаға бітімгерлік күштерін жіберуге әзір екендігін мәлімдеді. Еуропалық Одақ елдері үшін, «шығыстағы қақпасының» қауіпсіз болуы өте маңызды. Сондықтан, Украинадағы бейбітшілік келісімі Еуропалық Одақ елдерінсіз өтуінің тиімділігі де өте төмен болмақ.

Украина үшін соңғы үш жыл тек саяси тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан да ауыр болды. Еуропалық Одақ елдері, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің экономикалық көмегінің арқасында ол әлемнің екінші армиясына қарсы тұра алды. Бүгінде Украина әскери өндіріс саласында әлеуетті индустрия қалыптастырып, соғыс алаңында қолданылып жатқан қару-жарақтың 46%-ы отандық өндіріске негізделіп отыр.   Алайда Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты 24 сағат ішінде тоқтатамын деп уәде берген Д. Трамп бейбітшілік келісімшартына қол қоюдан бұрын, осыған дейін Украинаға жұмсалған 500 млрд АҚШ долларынан астам қаражаттың өтемі ретінде Украина жеріндегі сирек кездесетін металдарды америкалық компаниялармен бірлесіп игеру жөнінде келісімге қол қойдыруға тырысты. Д. Трамп әкімшілігінің бұл әрекеті, біріншіден, кез келген саяси қадамның астарында экономикалық мүдде жатқанын көрсетсе, екіншіден, Украина үшін соғыс барысында алған әрбір көмектің болашақта аталмыш әріптестері алдында қайтарымы болатынын ескерткендей. Қазіргі таңда бейбітшілік келісіміне қол қоюға Ресей де, Украина да қарсылық танытып отырған жоқ. Бейбіт келісімге басты кедергі – Украина үшін ұжымдық Батыс тарапынан біртұтас қауіпсіздік кепілдігін алу мәселесі. Қауіпсіздік кепілдігі деп нақты әрекеттерді, арнайы демилитаризацияланған аймақ қалыптастыруды және бейтарап бітімгерлік күштер арқылы аймақтың бақылауын орнатуды меңзеп отыр. Қазірдің өзінде Еуропалық Одақ елдері бітімгерлік күштерін жіберуге әзірлігін білдірсе, АҚШ тарапы нақты кепілдік туралы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Қалай десек те, егер Украинаның шығыс бөлігінде арнайы демилитаризацияланған аймақ құрылатын болса, аталмыш аймақ тек Украинаны мен Ресейді ғана емес, Еуропа мен Еуразия құрлығын бөліп тұратын, символикалық тұрғыдан ХХ ғасырдағы Берлин қабырғасының баламасы іспетті болмақ.

АҚШ тарапынан Украинаға қарата нақты қандай қауіпсіздік шарттары мен міндеттемелері қойылатыны әзірге белгісіз. Бірақ, Украина тарапы, соғысты біржола тоқтатып, елді экономикалық тұрғыда қайта қалпына кілтіруге ынталы болып отыр.

 

Украинаның НАТО мүшелігіне өту мүмкіндігі бар ма?

 

Болашақ ұрпақ Ресей мен Украина арасындағы соғысты тарихтан оқығанда, оның нақты себебін түсіну қиынға соғуы мүмкін. Себебі соғыс басталғалы бері тараптардың бір-біріне қарата айтқан талаптары мен ұсыныстары үнемі өзгеріп келеді. Қазіргі таңда Д. Трамп әкімшілігі мен ресми Мәскеу В. Зеленскийдің президент ретінде билік ету мерзімінің өткенін алға тартып, келіссөздерді күрделендіргенімен, бейбіт келісім жүзеге асқан жағдайда қазіргі Ресей бақылауындағы Украина территориясының 20%-ы Мәскеудің ықпалында қалу ықтималдығы жоғары. Сонымен қатар, соғыс басталған шақтан бері айтылып келе жатқан Украинаның НАТО-ға мүше болуы мәселесі де белгісіз күйде қалып отыр. Алдағы 10-15 жылда Еуропада қандай саяси өзгерістер болатынын ешкім нақты болжай алмайды, бірақ қазіргі кезде Украина үшін тактикалық жеңіс ерекше маңызды болып тұр. Осыған байланысты ресми Киев батыстық одақтастардан алатын қауіпсіздік кепілдігінің құнын өз территориясының 20%-ын беру арқылы өтеуі ықтимал.

 

Халықаралық ұйымдар мәселені тиімді шешуге неге  қауқарсыз?

 

Украина жеріндегі саяси қақтығыс басталғалы әлемдік қауымдастық бұл соғыстың даму траекториясын нақты болжай алмағанымен, бір мәселені айқын түсінді. Біріншіден, екі тараптың да бір-бірін толықтай жеңуі мүмкін емес. Себебі, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаһандық саясаттағы әрбір саяси дағдарыс негізінен дипломатиялық жолмен шешіліп келгенін және оның ең тиімді әдіс екендігін көріп отырмыз.  Екіншіден, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыста халықаралық нормалардың маңыздылығы тағы бір рет дәлелденіп, болашақта халықаралық құқықтық реттеуші ұйымдардың ықпалын арттыру қажеттігі айқын сезілуде. Қазақстан соғыстың алғашқы күндерінен бастап тараптарды дипломатиялық келісімге шақырып, барлық мәселелердің БҰҰ жарғысы аясында шешілуін ұсынған болатын. Нәтижесінде, бүгінде тараптар территориялық тұтастықты сақтау, қауіпсіздік кепілдігін қамтамасыз ету және мемлекеттің егемендігіне құрметпен қарау сынды маңызды құндылықтарға қайта оралуда.

                                   Әлем елдері қандай сабақ алуы тиіс?

 

Тек аймақтағы елдер ғана емес, бүкіл жаһан жұрты соңғы үш жыл бойы Ресей мен Украина арасындағы саяси қақтығысты бақылап, маңызды сабақтар алды деп есептеймін. Біріншіден, XXI ғасырдағы мемлекетаралық соғыстың қандай формада өтетіні, технологиялық прогрестің соғыс алаңындағы рөлі, әскери стратегиялардың ерекшеліктері және мүдделес тараптардың қолдау көрсету тәсілдері айқын көрінді. Екіншіден, өзін ірі держава санайтын саяси күш орталықтарының кез келген уақытта мемлекеттік мүддесін қорғау үшін ұстанымын өзгерте алатыны да дәлелденді. Үшіншіден, жаһандық тұрақтылықты қалыпты деңгейде ұстап тұруда орта державалар маңызды рөл атқаратыны анықталды. Себебі, жақын болашақта алып державалар арасындағы түрлі неоимпериялық сипаттағы жобалар күшейген жағдайда, жаһандық қауіпсіздіктің кепілі ретінде орта державалардың рөлі арта түседі. 

 

Сонымен, Украинаның талап етіп отырған қауіпсіздік кепілдігінің болашақта оны қаншалықты қорғауға қабілетті болатыны белгісіз. Алайда қазіргі таңда белгілісі – мемлекет қауіпсіздігі тек өзін-өзі толық қорғауға әлеуетті болған кезде ғана қамтамасыз етіледі. Ежелгі грек ойшылы Фукидид атап өткендей: «Жаһандық саясаттың түнгі күзетшісі жоқ. Сондықтан, өз күшіне сенген елдердің ғана ұйқысы тыныш болады».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:39

15:30

14:44

14:41

14:28

14:14

13:56

13:32

12:57

12:54

12:48

12:28

11:54

11:51

11:43

11:33

10:56

10:31

10:30

10:15

09:19

08:53

22:45

22:37

17:48