«ТӨРДЕ БЕСІК ТҰРСА ТӨРЕ ДЕ БАСЫН ИЕДІ»

«ТӨРДЕ БЕСІК ТҰРСА ТӨРЕ ДЕ БАСЫН ИЕДІ» Суретті түсірген - Самат Құсайынов

немесе есік көзінде қалған бесік мұражайға қалай жетті?..

Бүгін бесік тақырыбын тарқатамыз. Ол – өмірге жаңадан келген бөбектің ең алғашқы төсегі. Жәй төсек емес, қастерлі. Қастерлі болатын себебі, қазақ оны сонау жаугершілік заманда да жұртта қалдырмаған. Біздің ұғымда бесік – Отанның, елдің, туған жердің, отбасының рәмізі, ұлттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзі. Бірақ сол бесіктің есік көзінде қалғанын да естідік.

·         ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорында сақталған ең көне 12 бесіктің біреуі

Өткен аптада жиен немереміздің шілдехана тойына барып, бесікке бөледік. Үлкендер жағы «тышты ма, тышты ма» десе, балалар жағы (қалалық болса да хабары бар сияқты) уыс-уыс тәттіге қарқ болып, «тышты, тышты» деп мәз-мейрам.

Дастархан басында құдағидың жұмыстасы осы бесікке қатысты әңгімесін бастады. «Ақсай-1» ықшамауданында көпқабатты үйде тұрады екен.

– Бір күні таңертең жұмысқа асығып, екпіндете шыға қалсам, қарама-қарсы есіктің көзінде бір бесік тұр. Бала күнімізден бесікті киелі деп ұғып келген маған қолайсыздау әсер етті бұл көрініс. Автобусқа отырдым. Бірақ жол бойы әлгі көнелеу бесік көз алдымнан кетпей қойды. Түс ауды. Үйге, келініме телефон соқтым. «Балам, қарашы, көршінің есігінің алдында бесік тұрған таңертең, әлі тұр ма екен?» дедім. Тұр деді. «Ойпырмай, ә! Көрші келіншек тәуірлеу адам сияқты еді ғой. Кісікиіктеу болғанымен, ешкіммен шатағы, артық-ауыс сөзі жоқ. Кішкентай қызын таңертең балабақшаға алып шығып бара жатады, кешке келеді. Сәлемі түзу. Марқұм күйеуі де біртоға бала, шығармашылықтың адамы еді» деп ішімнен бәрін ойлап үлгеріп жатырмын. Кешке жұмыстан орала салып, көршімнің есігінің түймесін бастым. «Әлия, мына бесік сендердікі ме?» деп сұрадым, сөз естіп қалмайын дегендей дауысым да ақырын шықты. «Иә, тәте!», – деді. «Бесікті бұлай тастауға болмайды, шкафтың төбесіне ме, бір жоғарылау жерге қойсаң дұрыс болар еді» дедім. «Пәтеріміз тар, қоятын жер жоқ, бала өсіп жатыр, бұрынғыдай емес, киім-кешегіміз де көбейді. Ескі бесік қой, әспеттеп қоятындай да емес, күйемнің әкесі жатқан бесік екен әуелі, тым жұпыны», – деді.

Өзімнің пәтерім де екі бөлмелі ғана, кіргізіп қоятындай емес, бес жан тұрамыз. Ертеңіне тағы жұмысқа кеттім. Бесік тұр. Кешке келсем, әлі тұр. Ішімнен ойлап қоямын, подъездің алдына, қоқыс төгетін темір жәшіктердің қасына лақтырып тастамағанына шүкір деп. Содан қысқасы, таңертең күйеуіме айтып, көлігімізге тиеп алып, Қабанбай батыр көшесінде орналасқан Алматы музейіне апарып табыстадық. Музейдегілер жеке куәлігім бойынша құжаттар толтырып, алып қалды. Сөйтіп, көңілім тыншыды. Бірақ әлгі көршім бесікті қайда кетті екен деп сол күйі сұрамады. Әйтпесе, ол да өзіміз секілді ауылдың қызы еді», – деп сөзін аяқтады қонақ әйел.

Осы әңгіме менің де көңілімде жүріп алды. Бүгінгідей жаһанданған заманда баласын бесікке бөлейтіндер қаншалықты екен деген сауал көкейімнен кетпей қойды.

 

· «Төрде бесік тұрса төре де басын иеді» дейді халық даналығы. Бесікті  ұлт дүниетанымының жиынтығы деп әспеттесек артық емес. Ол  тәрбиенің де рөлін атқарған деуге толық негіз бар. Себебі, сәби онда жатып, анасының шырқаған бесік жырын естиді. Ал бесік жыры арқылы ана тілінің шұрайын және шешесінің шексіз мейірімі мен махаббатын сезіне алады. Бесікке һәм бақытқа бөленіп өскен бала – елдің ертеңі. 

(Дереккөз:  ҚР Мемлекеттік орталық музейі).

 

· Facebook

ҚАСИЕТТІ МҮЛІКТЕН  БЕЗБЕЙІК

 · Бүгінде балаларға арналған небір қоларба, манеж дегендер шығып кетті. Соған орай қазақ шаңырағында бесік азайған шығар, бәлкім. Әрине, әркімнің өз қалауы, таңдауы бар. Оның үстіне қазір дәрігерлер де «баланы байлап, матап, құндақтап тастамау керек, бойына қан жүгіріп, еркін жатуы керек» дегенді жиі айтады. Дейтұрғанмен, бесік ұмытылған жоқ, мүлдем жоғалып кеткен де жоқ. Оған әлеуметтік желі қолданушыларының сөзі дәлел.

Ғалия Ақбасова:

– Біз он ағайындымыз. Онымыз да ағаш бесікте тербетіліп өстік. Қазір немерелерімізді бесікке бөлейміз, тап-таза, жып-жылы, ұйқысы тыныш. Бесік жырын да міндетті түрде айтамын. Уақытым болмай жатса, ұялы телефоннан «Бесік жыры» топтамасын қойып қоямын, жылағанын қоя салып, құлақ салады кәдімгідей, сосын тәтті ұйқыға батады. Бесікті қатты қадірлейтін Оңтүстік өлкеміз аман болсын!

Ләззат Тұрмағамбетова:

– Екі ұлым да бесікке жатып өсті. Бесік рахат ғой түсінген  адамға!  Бала тыныш, әрі таза болады. Тіпті, кіші ұлым үш жастан асқанша, ұйқысы келсе бесікке барып өзі жата қалатын. Біреудің үйіне барсақ, ұйықтауы қиын болатын, бесігін іздейтін. Ол кезде памперс деген жоқ, бір жағынан жаялық жуа бермеу үшін уақыт үнемдеуге де жақсы болды. Кез келген үй тірлігін де алаңсыз атқара бердік.

Әсел Құрақ:

– Екі ойлы болып жүрмін, бесік керек пе, әлде керек емес пе деп. Оны сатып алып, көшіп-қонып жүруде оңай емес шығар деймін.

Арай Жүсіпова:

Біздің үйде атамның 57 жыл болған бесігі бар. Күйеуіме арнап жасалғаны тағы бар, 35 жыл болған бесік. Екеуіне де әулеттегі барлық бала, жиендер де кезек-кезек жатып шықты. Балапандарға әлі қызмет етіп келеді.

Майра Айтуарова:

– Бір үйдегі жеті бала да бесік жырымен өстік. Тұңғышымды босанғанда марқұм анам бұрынғының жолымен бесігін барлық жабдығымен жасап, арқалап Астанаға жетіп еді. Сонда ата-енем «салттарың қандай жақсы» деп таңқалғанда мәз болғаным бар. Өзімнің бес баламды да сол бесікке бөледім. Анамның өзі жоқ, бірақ көзі қалды, бесікке қолдан оюлап тіккен көрпе-жастығы сақтаулы, төрімде тұр. Болашақта немерелерімді бөлеймін деп ниеттеніп отырмын.

 

· Жәдігер

БІР ҒАСЫРЛЫҚ БЕСІК БАР

 · Алматы төрінде орналасқан, екі ғасырлық тарихы бар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорындағы бесіктер еліміздің әр өңірінде жасалған. Олар өзінің құрастырылуымен, қолданылған материалдарымен ерекшеленеді. Бүгінде музейде 12 бесік сақталған.

КП 28404 деп мемлекеттік есепке алынған талбесік – құба талдан иіліп, шеге қолданбай жасалған. Оны былтыр музей қорына саяхатшы, фотосуретші Таймас Қуанышұды Нұртаев тапсырған.

КП 26715 деп нөмірленген ағаш бесік оймыштау тәсілі арқылы безендірілген. 1904 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Ванновка ауылында жасалған. Ұлы жүздің Жұдырық руынан тарайтын Тілмембет Жолшыбек 1904 жылы дүниеге келген тұңғыш қызы Ажаркүлге арнап жасатқан. Ажаркүлден кейінгі дүниеге келген сіңлілері, кейіннен өз қызы, немерелері мен шөберелері осы бесікте жатқан. Бесікке ең соңғы жатқан – шөбересі, 2002 жылы осы бесікке бөленген. Бір ғасыр қолданыста болған бұл бесікке төрт ұрпақтан 26 бала бөленген. Бесікті музей қорына 2003 жылы Улиясбек Салтанат тапсырған.

КП 21748 деп тіркелген бесікті музей қызметкерлері 1987 жылы Орал облысына жасалған этнографиялық экспедиция барысында жинақтап алған. Бесіктің иесі 1923 жылы дүниеге келген Орынша Дүйсенғалиева, руы – беріш. Бұл бесікті 1928 жылы жергілікті шебер жасаған. Бүгінгі күні бұл бесіктің жасалғанына 96 жыл болған. Қарапайым, қолда бар материалдан жасалған бесіктің биіктігі 50 см, ұзындығы 80 см.

КП 19044 деп есепке алынған бесік Қызылорда облысында жасалған. 1984 жылы Орталық музей сол облысқа этнографиялық экспедиция ұйымдастырған. Аталмыш экспедиция барысында бұл бесік Шиелі ауданы, Ы.Жақаев колхозында тұратын ұста Садықов Сейтімхан Әлім немересінен алынды. Бұл әулет әкеден балаға берілген әулеттік ұста-шеберлер болған.

 · Таным

Неге үкі тағады?

Қазақ бесіктің бас жағына үкі қадаған. Жас күнімізде оның себебін сұрамаппыз ғой үлкендерден. Сәндік үшін деп ойлаппыз. Негізі, ол баланың қауіпсіздігі үшін тағылған екен. 

Үкінің ұясы бір құшақ болатын көрінеді. Керегеден жылан, қарақұрт кіреді дегендей. Ал үкінің қауырсынына жылан да, қарақұрт та жоламайды. Тіпті  шыбын-шіркей түгілі, шаң қонбайды деседі. Қазақ – өте данышпан халық қой.

Біздің қазақ аналары үкілі бесігіне сәбиін бөлеп қойып, түздегі сан шаруасына алаңсыз шығып жүре беретін болған. Баланың аяғы шыға берген кезде де, аяғын керегеге байлап қойып, арқасына томардай үкі тағып, сырттағы тірлігіне кете берген. 

· Тақырыпқа орай

 Үміт ӘШІМОВА, ҚР Мемлекеттік орталық музейінің бас қор сақтаушысы:

 Ұлт дүниетанымының жиынтығы 

Біз былтыр тұңғыш рет «Бесіктер көрмесін» өткіздік. Ерекше сипатта болды. Қазір заман дамыған дейміз. Дегенмен, кез келген халықтың түпкі шыққан тегі, болмысы, ұлттық құндылықтары сақталуға тиіс. Қазақ шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Соның ішінде шүмегі, түбегі бар бесікті жаугершілік заманда, үнемі мал соңында, көшіп-қонып жүрген, тұрмыс-тіршілігі қат-қабат ата-бабамыз қалай ойлап тапқан десеңізші! Сәби тоңып қалмай, тәтті ұйқыда жылы жатқан, асты құрғақ, анасына емізуге де ыңғайлы. Әсіресе, бір жерден екінші жерге көшіп жүргенде бесікті түйемен немесе атпен алып жүру ыңғайлы болған. Біздің ұлы дала тәрбиесінде «Бос бесікті тербетпе» деп отырған. Беймезгіл уақытта оны далаға қоймаған. Үйдің төрінде тұрса да, бетін ашық қалдырмаған. Баланы бөлерде алдымен арша, адыраспанмен аластап алатын болған. Ал бала есейгенде, керексіз заттай сыртқа шығарып тастамаған. Сондықтан бесікті де ұлт дүниетанымының жиынтығы деп әспеттесек  артық емес. Бесік тәрбиенің де рөлін атқарған деуге толық негіз бар. Себебі, сәби онда жатып, анасының шырқаған бесік жырын естиді. Ал бесік жыры арқылы ана тілінің шұрайын және шешесінің шексіз мейірімі мен махаббатын сезіне алады. Бесікке һәм бақытқа бөленіп өскен бала – елдің ертеңі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:52

16:16

15:41

15:15

14:49

14:15

13:51

12:53

12:12

11:40

11:04

10:42

10:11

09:20

17:22

17:17

16:15

15:54

15:11

14:22

13:53

13:09

12:44

12:02

11:06