Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды 7 мамыр – Отан қорғаушы күнімен құттықтады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
“Құрметті отандастар! Баршаңызға Отан қорғаушы күні құтты болсын! Мемлекеттік әрі қоғамдық маңызы айрықша мерекеде жауынгерлеріміздің ерен ерлігі, мықты рухы мен қайтпас қайсарлығы кеңінен дәріптеледі. Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тыныштығын күндіз-түні қас қақпай күзеткен, сондай-ақ қазір Отан алдындағы борышын адал өтеп жатқан барша азаматқа құрмет көрсетілетін күн. Ел жауынгерлері мен командирлері батыр бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып, нағыз отаншылдық рухының жарқын үлгісін көрсетіп келеді”, – деді ол.
Сондай-ақ Тоқаев сардарлар мен сарбаздардың, барлық күштік құрылым қызметкерлерінің бітімгерлік миссиялар, арнаулы оқу-жаттығу жиындары мен түрлі халықаралық сайыстар кезіндегі кәсіби шеберлігі, темірдей тәртібі мен жауынгерлік даярлығы – соның айқын дәлелі екенін атап өтті.
“Қуатты әскеріміз ең күрделі міндеттерді орындауға қашанда дайын екені сөзсіз. Сондықтан мемлекет еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге және әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға әрдайым баса мән береді. Жаңа Конституцияда "Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті парызы мен міндеті" деп жазылды. Осы аса маңызды тұжырым мемлекет пен халықтың тығыз байланысын, ел тағдырына әрбір отандасымыздың жауапты екенін аңғартады. Біз Отанға қалтқысыз қызмет ету қағидатын және Конституцияда айқындалған мызғымас құндылықтарды негізге ала отырып, сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің тұғырын нығайта түсеміз, биік мақсат-мұратымызға жетіп, Әділетті, Күшті, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін”, – делінген құттықтауда,
Президент антына адал болып, табандылық танытып, мінсіз қызмет етіп жүрген Отан қорғаушыларымызға алғыс айтты.
“Барша азаматтарымызға мықты денсаулық, амандық және табыс тілеймін! Армиямыздың айбыны, халқымыздың ынтымағы арта берсін! Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекем болсын!” – деп түйіндеді президент.