Теміржол мамандарын даярлау: жаңа мүмкіндіктер мен тәжірибе

Теміржол мамандарын даярлау:  жаңа мүмкіндіктер мен тәжірибе almaty-akshamy.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны баршаға белгілі. Қоғамды әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуда кәсіптік техникалық білім беру саласының маңызы орасан зор. Себебі, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі еңбек нарығының талаптарына және ел экономикасының қажеттіліктеріне сәйкес бәсекеге қабілетті кадрларды даярлайды. 

Алматы көлік және коммуникациялар колледжі еліміз бойынша теміржол мамандарын даярлайтын оқу орындарының бірі және бірегейі. Колледжімізді бітірген түлектеріміз еліміздің экономикасының дамуына өз үлестерін қосып келеді. 95 жылдық тарихы бар колледжіміз бүгінгі таңда теміржол  саласына 7 мамандық бойынша орта арнаулы кәсіби және жұмысшы мамандарын даярлайды. Колледжімізде студенттер жұмысшы мамандықтары бойынша тегін білім алып қана қоймай, бір уақыт ыстық тағаммен қамтамасыз етілген. Мамандар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс жыл сайын айтарлықтай ұлғайтылып келеді.

Алматы көлік және коммуникациялар колледжінде дуалды оқыту жүйесі кең қолданыс тапқан. Бұл жүйе студенттерге тек білім ғана емес, нақты өндіріс тәжірибесін де алуға мүмкіндік береді. Дуальды оқыту арқылы колледж түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болады, олардың болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жоғарылайды.  Бұл жүйе бойынша мамандарды еңбек нарығына даярлаудың тиімді жолдарын әлеуметтік серіктестермен бірлесе отырып жүзеге асырып келеміз. Мұның бірқатар артықшылықтарын атап өтуге болады. Ең алдымен, теория мен практиканың үйлесімі. Студенттер оқу барысында тек лекциялар мен семинарларға қатысып қана қоймай,  әртүрлі кәсіпорындар мен өндірістік орындарда тәжірибе жинақтайды. Колледж серіктес кәсіпорындармен келісім-шарттар жасасып, студенттерге нақты өндіріс орындарында тәжірибеден өту мүмкіндігін береді.

Екінші бір артықшылық, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілік. Оқуға түскен күннен бастап, диплом алғанға дейін теміржол саласының барлық бағыттағы мамандықтарына сәйкес тәжірибе жинақтаған түлек тек диплом алып қана қоймай, жұмыс берушілердің талаптарына сай нақты кәсіби дағдыларға ие болады.

Үшінші артықшылық – бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі. Студенттеріміз бір өндіріс орнында бірнеше жыл тәжірибеден өткен соң, сол  кәсіпорындарда жұмысқа орналасу мүмкіндігі бүгінгі таңда жоғары деңгейде.

Дуальды оқыту жүйесін жүзеге асыру аясында  колледж  бен бірқатар ірі көлік және коммуникация саласындағы кәсіпорындар арасында  ынтымақтастық бағдарлары жасалған. Олардың қатарында теміржол, логистика және байланыс қызметін көрсететін мекемелер бар. Атап айтсақ: «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының Алматы жүк тасымалы бөлімшесі, Алматы магистральдық желі бөлімшесі, Алматы вагон пайдалану депосы, Алматы локомотив пайдалану депосы, Алматы жол дистанциясы, Алматы электрмен жабдықтау дистанциясы, Алматы белгі беру және байланыс дистанциясы, «Вагонсервис» АҚ Алматы филиалы; «Шыңғар Транс» ЖШС, «Алматы метрополитені» МҚМ, «TransCom» Transport Group және «Almatylift» ЖШС компанияларымен келісім-шарттар жасалынып студенттерімізге өндірістік тәжірибеден өтуге жағдай жасалған.

Бұл кәсіпорындар студенттерге тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді және  болашақта  түлектерді жұмысқа қабылдауға да дайын.

Жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру, өндірістік және технологиялық өсуіне, кәсіби біліктілікті айқындауға және кадрлар даярлау жүйесін дамытуға ықпал ететін WorldSkills кәсіби шеберлік чемпионатына колледж студенттері жыл сайын белсенді қатысады.

Алматы қаласы әкімдігінің және Алматы қаласы білім басқармасының қолдауымен бүгінгі таңда кәсіптік техникалық білім саласына аса мән беріліп, шетелдермен тәжірибе алмасуға қолдау көрсетілуде. Мақсат –  кәсіптік техникалық білім беру саласындағы оқытушылардың кәсіби деңгейін көтеру, студенттерге білім беру сапасын жақсарту барысында қажетті материалдар жинақтау және білім беру бағдарламаларына жаңашылдықтар енгізу.

Қорыта айтқанда, колледжімізде білім беру сапасын арттыру, оқушыларымыздың кәсіби  біліктілігін дамыту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстарды жоғары деңгейде жалғастыру жоспарланған.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:45

17:28

17:10

17:04

16:42

16:38

16:36

16:31

16:15

16:03

15:45

15:24

15:10

15:02

14:57

14:52

14:44

14:27

14:21

14:10

13:35

13:30

13:17

13:07

13:00