Қазақстандықтарды тегін хабарландыру сайттарындағы алаяқтар туралы ескертуде, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Stopfake.kz алаяқтарды танып, олардың айласына қалай түспеуге болады және банктер олар иемденіп кеткен қаржыны қайтаруға көмектесе ме деген сұрақтарға жауап берген.
Бұл схема қалай жұмыс істейді?
Алаяқтар тегін хабарландыру сайттарында өз қызметтерін немесе тауарын жарнамалайды. Олар кез келген нәрсені «сатады»: концертке билеттер, компьютерлер, жиһаздар. Бағасы барынша тартымды болады – төмен болса да, күдік туғызбау үшін нарықтық баға шегінде. «Сатып алушы» байланысқа шыққаннан кейін, алаяқтар одан Telegram немесе WhatsApp мессенджеріне өтуді сұрайды. Осыдан кейін тауарды сатып алғысы келетіндер көп, оны басқаға сатпау үшін алдын ала төлем жасауды өтінеді. «Сатып алушы» ақша аударғаннан кейін, алаяқтар хат-хабарды өшіріп, байланысқа шықпай қояды.
Сатушы құжаттарының суретін жіберді – оған сенуге бола ма?
Жоқ. Бүгінде заманауи графикалық редакторлармен құжаттардың адамды сендіре алатын «көшірмесін» жасау,а болады. Оның үстіне, құжаттың түпнұсқалығын жай сурет арқылы тексеру мүмкін емес.
Сатушы тауарлардың суреті мен видеосын жіберді. Оған сенуге бола ма?
Фотосурет те, видео да сізді алдап жатпағанына кепіл бола алмайды. Суретті көріп, бірден ақша аудармаған жөн.
Сатушы алдын ала төлем сұрамайды, бірақ сатып алған нәрсемді жеткізетін курьердің қызметіне төлеп қойғанымды қалайды. Бұл да алаяқтық па?
Бұл да алаяқтық болуы мүмкін. Егер курьердің қызметі қажет болса, онда жүргізушінің өзіне төлеуге немесе тауарды курьермен жеткізу қызметін ұсынатын кез келген такси агрегаторын пайдалануға болады.
Тегін жарнама сайттарын алаяқтарға алданып қалмай қалай пайдалануға болады?
Қауіпсіздік мақсатында көзбен көрмеген тауар үшін ақша аудармаңыз.
Тауарды таңдағанда сатушының іс-әрекетін бақылаңыз. Мына жайттар күмән тудыруы керек:
– шешім қабылдауға мүмкіндік бермей, тауарды сатып алуға асықтырса;
– тауарды сатып алғысы келетіндер көп деп дүрліктірсе;
– сатушы алдын ала төлем жасауды сұраса: кепіл немесе жеткізу қызметі үшін төлем ретінде.
Мен алаяқтарға ақша аударып қойдым. Банк менің аударымымды кері қайтарып, ақшамды бере ала ма?
Егер ақшаны өзіңіз аударсаңыз, оны алушының келісімінсіз қайтару мүмкін емес. Бұған «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР Заңымен тыйым салынған.
Банк өзім сөйлесу үшін маған ақшаны алушының деректерін бере ала ма?
Жоқ. Банктік шоттар, операциялар және клиенттер туралы мәліметтер банктік құпия болып табылады. «Банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңының 50-бабына сәйкес банк ақша аударымын алушы туралы деректерді соттың немесе басқа уәкілетті органдардың сұрауы бойынша ғана ұсынады.
Мені алаяқтар алдап кетсе не істеуім керек?
Бірінші кезекте, құқық қорғау органдарына арыз жазу керек. Тәртіп сақшылары нақты сіздің жағдайыңызда одан әрі қалай әрекет ету керек екенін айтады.
Сондай-ақ бұл туралы банкке хабарлаңыз. Банк ішкі тергеу жүргізіп, заңға сәйкес ақшаны алушыға қатысты шаралар қабылдайды, сондай-ақ сізге, басқа клиенттерге осы алаяқтардың әрекетінен зардап шекпеуі үшін көмектесуге тырысады.
Осы сұрақтарға берілген жауаптарға қарап, алаяқтардың схемалары күрделі емес екенін байқаймыз. Қарапайым ережелерді сақтап, сақ болсаңыз, алаяқтарды тану қиын болмайды.
«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында тегін хабарландыру сайттарындағы алаяқтық туралы жаңа видео шықты. Алаяқтардың қалай әрекет ететінін көріңіз.
Естеріңізге сала кетейік, Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен ең көп таралған алаяқтық схемалары туралы ағартушылық бағыттағы бірқатар бейнероликтер түсірді. Жаңа бейнероликтер екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасында жарияланады.