«МЕНІҢ МҰСТАФАМ!..»
М.Әуезов атындағы ұлттық драма театры 95-маусымын үлкен абыроймен аяқтады. Осы аралықта театр ұжымы көрермендерге «Премьерар апталығы» арқылы жеті бірдей жаңа спектакльдің тұсауын кесті. Ерекше атап өтетін жайт, театр сахнасында мемлекетшіл тұлға Мұстафа Шоқайдың қасіретті тағдыры, мұң-шерін баян ететін «Менің Мұстафам!..» атты драма-диалогы қойылды.
Спектакль Мұстафаның сүйікті жары Мәрияның естелігі арқылы баяндалады. Мәрия бар өмірін ерінің күрескерлік тағдырына арнаған, «Менің Мұстафам» деп рухын ардақтап өткен аяулы тұлға екендігіне көзіміз жетті.
«Қазіргі таңда көрерменнің талғамы өзгеріп кеткен. Біз арзан күлкіге үйірміз. Көп нәрсеге жеңіл қараймыз. Тарих қойнауына үңіліп, көрерменнің көзайымына айналу шынын айтқан кезде өте қиын, өте ауыр. Мен ол ауырлықтан қашқаным жоқ. Менде тек бір ғана мақсат болды. Қазақ халқының азаттығы үшін жанын құрбан еткен Мұстафа Шоқайдың асыл жары Мәрия апайымыздың рөлін жақсылап ойнап шығуды мақсат еттім. Спектакль қалай шықты, мен рөлімді алып шыға алдым ба, жоқ па, білмедім. Ол жағын көзіқарақты көрермендеріміз айта жатар», – дейді актриса Күнсұлу Шаяхметова.
Мұстафа Шоқайды зерттеушілер көп. Алайда, оның өмірін, шығармашылығын түбегейлі зерттеу жүргізіп, кітап шығарып, фильм түсірілуіне сүбелі үлес қосқан жалғыз Қасымхан Бегманов еді. Драма-диалогты саханаға әкелген автор да бір өзі.
«Түркі әлемінің көсемі жайлы «Мұстафа Шоқай жолымен» атты кітап жазғам. Сондай-ақ, деректі фильмді де түсірдік. Кітапта Мұстафа Шоқайдың өткен өмірі, атқарған қызметі, көрген қиыншылықтары, туған-туыс, бауырларының жазықсыз жала жабылып, жазаға тартылғандығы жайлы баян етілді. Оның өмірінде қуанышты жайттар өте аз болған. Спектакль негізінен Мәрия Шоқайдың «Менің Мұстафам» атты естеліктерінен алынған. Сондай-ақ, жас ұрпаққа тағылым берерлік ақпараттар да қосылды», – дейді автор Қасымхан Бегманов.
Қойылымды тамашалап отырып, Алаш зиялыларының тағдырына үңілдік. Актрисаның шеберлігіне халық сүйсіне қарады. Сұрапыл саясаттың қазақ даласына тигізген әсерін көріп күңірендік.
«Рөльге екі жыл бұрын бекітілдім. Карантиннің кезінде құлағыма жастанып жатып сөздерін жаттадым. Моно-спектакльде бір өзің тіршілік етесің, ол өте қиын. Халықты сендіру қажет. Мәрия апайымыз 80 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қойылым ол кісінің жастық шағынан бастау алып, өмірінің соңғы кездеріне дейінгі уақыттарды бейнелейді. Сол себептен ынта-ықыласыммен ол кісінің жан-дүниесін ұғынуға тырыстым. Мәрия анамыздың қолымен жазылған хаттарын оқыдым, фото суреттерін өз көзіммен көрдім», – дейді актриса Күнсұлу Шаяхметова.
Сондай-ақ, қойылымда Мустафа Щоқой Парижде жүргенде Әміремен танысқандығы туралы тың деректер келтірілген. Алайда, бұл кездесулер Әміре Қашаубаевтың өмірін өзгертіп, қуғынға ұшырауына әкеп соқтырады. Бұл туралы «Тарих. Тағдыр. Тұлға» деректі фильмінде айтылады.
«Мұстафа Әміренің концертінде болады. Кейін әншіні Париждің орталығындағы қымбат мейрамханаға қонаққа шақырады. Мұстафа Шоқайдың жанында Ромен Роллан, Анри Барбюс сынды француз жазушылары болады. Екеуі мейрамханада құшақтасып амандасады. Онда отырған француз жазушысы Ромен Роллан көптен бері көрмей жүрген бауырын кездестіріпті ғой деп ойлап қалады. Кейін ол екеуі бірін-бірі алғаш рет көріп тұрғанын білген кезде қатты таңқалады. Ал кеңес үкіметі Шоқай қашқын, сатқын деген пікірде еді. Кейін НКВД қызметкерлері Әмірені тергеуге шақырып, қырағы бақылауға алады», – дейді Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек.
Қойылым барысында Мұстафа Шоқай бастаған мұсылмандар қозғалысының өкілдері шұғыл жиналып, төтенше съезд өткізген сәттер айтылады. Съезд шешімімен құрылған Түркістан–Қоқан автономиясының 54 адамнан тұратын уақытша халық кеңесінің құрамына сайланды. Уақытша үкіметтің сыртқы істер министрі болады. Уақытша үкіметтің төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев қызметінен кеткеннен кейін, оның орнына Шоқай сайланды. Мұстафа Шоқай автономияны сақтап қалу үшін аянбай еңбек еткенмен, өкінішке қарай автономияның ғұмыры ұзаққа созылмайды.
«Расымен-ақ, Алаш арыстарын көп еске ала бермейміз. Әсіресе, Мұстафа Шоқайды. Моно-спектакльден тамашалағанымыздай, ол кісі сыртта көп жүрген. Десе де, қазақ халқы мен түбі бір түркі халқының азаттығы үшін күрескендігін түсіндік. Актриса Күнсұлу Шаяхметоваға дән ризамын. Мәрия апайымыздың ішкі жан-дүниесін тебіренте жеткізді. Қойылым кезінде көзіме жас та келді, жігерлендім де. Жастарымыз осындай спектакльді тамашалап, ерік-жігері оянса екен», – дейді көрермен Құралай Ағыбаева.
Драма-диалог шебер сахналанған. Онда көне жазу үстелі мен айнасы бар трюмо орналасқан. Үстелдің үстіндегі жазу машинкасы, кітаптар мен Мұстафаның суреті көрермен назарын бірден аударып әкетеді. Режиссер осы реквизит заттарына жан бітіріп, Мәрияның көңіл күйін беруде әсерлі ойнатқан. Сондай-ақ, бір бөлігінде фортепиано орналасқан. Режиссер Мәрия апайдың әншілік қабілетін ескеріп, арасында біраз әндер орындайтынын байқауға болады. Осы себептен болар, қойылым көптің көңілінен шыққан.
«Кезінде моно-пьесаларға конкурс жариялаған едік. Сол кезде бұл спектакль жүрегімізге біртабан жақын болды. Бүгінгі жастар көп біле бермейтін Мұстафа Шоқайдың еңбегі, қызметі оның көзін көріп, жанында жүрген Мәрия Шоқайдың естелігі негізінде жазылған. Өздеріңіз жанрына қарасаңыздар, драма-диалог деп берілген. Көрерменмен сұхбат түрінде жасалып отыр. Біздің басты мақсатымыз Мәрия апайымыз арқылы Мұстафа Шоқайдың портретін беру. Оның күрескерлік бейнесін осы естеліктер арқылы таныту. Осы ретте Мұстафа Шоқай жайлы неге жеке спектакль қойылмады деген сұрақ туындауы мүмкін. Ол жерде тарихи деректерге қарағанда автордың ойынан шығарылған дүниелерге назар аударылуы мүмкін. Сол себептен ұлы тұлғалар жайлы жазарда не айтарда бұрмалаудан аулақ болу қажет. Ал бұл спектакль Мәрия апамыздың естелігінен жазылғандықтан, шындыққа біртабан жақындығы бар деген тұжырымға келдік», – дейді спектакль режиссері Әубәкір Рахимов.
Осы ретте Түркістан автономиясы құлағаннан кейін, Шоқайды ұстау үшін Кеңес өкіметі оның басына бір миллион рубль тігеді. Мұстафа қашып жүріп Ташкентке барады. Одан кейін Бакуге, кейін Тбилисиге келеді. Тбилиси кеңес үкіметінің қолына өткен соң, Түркияға барып бас сауғалайды. Бірақ түрік елінде тұрақтап қала алмайды. Ақыры Франция астанасы Парижден бір-ақ шыққан сәттері суреттеледі. Қуғынға ұшыраған кездерде де Мұстафа өз рухынан танбай, ел үшін ерінбей еңбек етеді.
«Біз Мұстафа Шоқайдың жерлестеріміз. Ол кісінің ұрпақтарымыз десем, артық айтпағаным болар. Маған қойылым ерекше ұнады. Басқаларына қарағанда орны бөлек. Естімеген тың ақпараттарды естідік. Мәрия апамыз қиын кезеңдерде Мұстафа ағамызға адал жар, әрі қолдаушысы болғанын байқадық. Менің тұңғышымның есімін Мұстафа ағамыздың рухына арнап атаған едік. Ол кісінің қазақ халқына қалдырып кеткен туындылары кейінгі буынға да жететініне сенімдімін», – дейді көрермен Ержан Төлеген.
Мұстафа Шоқай 21 жыл бойы Еуропада эмиграцияда жүреді. Мәриям апайымыз Алаш зиялысының жан-тәнімен жақсы көретін туған елін тастап кетуі оңай соқпағандығын атап өтеді. Осыған қарап-ақ елінен жырақта жүрсе де, қазақтың бостандығы үшін күресіп өткенін байқауға болады. Еуропада жүріп, бүкіл әлем назарын Түркістан проблемасына аудартуға тырысады. Мәрия Түркия мен Франция мемлекеттерінде бастан кешкен тұрмыстық қиындықтарын да жасырмай жазады.
«Мен театрдан келе салып, ертеңгі күнгі таңертеңгі асты әзірлеймін немесе шелпек пісіретінмін. Мұстафа саяси жұмыстардан қолы тимесе де, көкөністерді аршып, турап, дастарханды жайып, маған көмектесетін», – деп Мұстафаның суретін кеудесіне басып, аялай сипалайды.
Қайраткер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мұсылмандардың құқығын қорғаймын деп концлагерьге аттанып, кейіннен сол жерде ауруға шалдығып, өмірден озған сәтімен ақталады. Бұдан бөлек, театр мұражайында Мұстафа Шоқайға арналып көрме ұйымдастырылды. Көрмеге оның суреттері мен шығармалары қойылған.