Табиғат аясына шыққан әр адам таудың қатал заңын
ұмытпауы тиіс
Саф ауа. Тұмса табиғат. Көк тіреген биік шыңдар. Жаз айлары бастала салысымен Алматы тауларындағы осындай әсем көріністі тамашалауға асығатынымыз рас. Десек те, таудың қатал мінезін, дала заңдылығын естен шығармау керек. Кейінгі кездері тауға шығып адасып кеткен, қайғылы оқиғаға тап болған жағдайлар жиі тіркеліп кетті.
Өткен айдың соңында тауға кетіп, із-түзсіз жоғалған алматылық 20 жастағы студент өлі табылды. Жексенбі күні таңда үйінен шығып кеткен марқұм бұрыннан тауға шығуды ұнатады екен, яғни тәжірибесі бар. Араға екі күн салып құтқарушылар «Жастар» шыңынан жас жігіттің денесін тапты. Алматы тауларына шығу талайға бұйырғанымен, одан аман-есен түсу бәрінің бірдей қолынан келмейді. Дәл осыған ұқсас жағдай шілде айының басында да болған еді. Шілденің 2-сі күні тауға шығып, жоғалып кеткен студенттің денесін құтқарушылар 9 күннен кейін тапты.
Ауа райының күрт өзгеруі, тауға дайындықсыз шығу, қауіпсіздік ережелерін сақтамау адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан табиғат аясына шыққан әр адам таудың қатал заңын ұмытпауы тиіс.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері ТЖМ құтқарушылары 179 рет шақыртуға шыққан, іздестіру жұмыстары нәтижесінде 258 адам құтқарылды, 6 адам қайтыс болды.
Әр демалыс күні тауға шығуды әдетке айналдырған алматылық кейіпкеріміз Гүлназ басынан өткен оқиғаны айтып берді. «Былтыр маусым айының соңында құрбым екеуіміз таңғы салқынмен тауға шыққанбыз. Тауға жетеміз дегенше, күн қатты ысып кетті. Межелі жерімізге жеткеніміз сол еді, табанасты тұман пайда болды да, жаңбыр аралас бұршақ жауды. Тау жоталарының арасымен біраз жүрдік те, әрі қарай қайда барып, не істерімізді білмей, әп-сәтте абдырап қалдық. Үстіміз су болып, қалтырап тоңа бастадық. Тауға шығуда тәжірибеміз аз болғандықтан, оның үстіне дайындықтың жоқтығынан осындай жағдайға тап болдық. Бес минуттан кейін сол маңнан 3-4 адамды көріп қалып, төменге бірге түстік. Тауға шыққаннан гөрі, түсу қиын екен. Сол күні біз үлкен сабақ алдық. Тауға жайдан-жай, дайындалмай шыға салмау керек», – дейді ол.
Құтқарушылардың айтуынша, кейінгі кездері жоғалып кеткен немесе қайғылы оқиғаға тап болғандардың көбі тауға жалғыз немесе дайындықсыз шыққан азаматтар. Көбі тауға көппен, яғни арнайы турлармен шығудың қауіпсіз екенін айтады. Қазір Алматыда тауға шығатын турларды ұйымдастыратын туристік компаниялар көбейген. Олар әлеуметтік желілердегі парақшаларында таудың ғажайып көріністерін, шыңдардың сұлулығын әдемі суреттермен, бейнероликтермен жарнамалайды. Алайда, көбіне сол жерге жеткенше жүріп өтетін жолдың қиындығын, тас жолдарды ашып көрсетпейді. Көрінісі керемет болғанымен, жолдың өзі кейде қиын әрі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді. Тауға шыққысы келетін жандардың көбі табиғаттың әсемдігін көргісі келіп барады, бірақ жолдағы қиындықтарға дайын болмай шығады. Сондықтан тауға шығарда тек әлеуметтік желідегі әдемі видеоларға емес, нақты бағыт пен жолдың күрделілігіне де назар аударған дұрыс. Өйткені, тау – күтпеген тосын сыйларға толы тылсым әлем. Топпен шыққанда әрбір саяхаттаушы жауапкершілікті сезінеді, әрі күтпеген жағдайда бір-біріне қолдау көрсете алады. Әсіресе, ауа райы күрт өзгергенде немесе денсаулыққа қатысты мәселе туындағанда аса маңызды.
Алматыда тұрып жатқанына екі жылдай болған Диана Сапарбайқызы қазір тауға тур ұйымдастыратын компанияда гид болып жұмыс істейді. Туған жері – Шымкент. Ол Алматыға осы өңірдің биік шыңдарын бағындыру мақсатында арнайы келгенін айтады. Қазір Диана саяхаттаушылармен бірге топ бастап, гид ретінде өзгелерге де жол көрсетіп жүр. Осы арқылы ол туризм саласында тәжірибе жинап қана қоймай, тау шыңына қауіпсіз жолдармен шығуды үйретіп жүр.
· Тауға шығу – рухани демалыс. Кейінгі 2-3 жылда тауға шығу трендке айналды. Таудың таза ауасымен тыныстап, табиғат аясында серуендеу жанға да, тәнге де ерекше күш береді. Қаншалықты әдемі болса, соншалықты қауіпті. Сол үшін таудың қателікті кешірмейтінін әрдайым есте сақтау керек. Тауға жарнама жасап, соған баруға үгіттейтін адамдар тау мәдениеті мен ондағы қауіптер туралы да айтуға міндетті. Десек те, таудағы кез келген оқыс оқиғаға адамның өзі ғана жауапты.
Диана САПАРБАЙҚЫЗЫ,
гид:
Топпен жүрген әрдайым қауіпсіз
Шымкенттің тауларына шығып үйренгеннен кейін, енді Алматының тауларын бағындырсам деп келдім. Негізі Алматыға келудегі басты мақсатым – тауға шығу болатын. Бастапқыда жаныма 3-4 қыз ертіп шығатынмын, қазір гид болып жұмыс істеймін.
Иә, көп адам әлеуметтік желідегі әдемі фото мен видеоларды көріп қызығып, бірден тауға шыққысы келеді. Бірақ Алматының таулары әдемі болғанымен, қауіпті. Әсіресе, жаңбырлы күндері қауіп екі есеге артады. Ең қауіпті аймақ – шыңдар. Өйткені, таудың шыңына жету үшін тастармен өрмелеп шығу керек болады. Көптеген таулы аймақтарда ұялы байланыс нашар, сол себепті төтенше жағдай болса, туристер көмек сұрап, хабарласа алмай қалуы мүмкін. Сондықтан тауға шығамын деушілерге аз-кем кеңесім бар. Тауға жолдың ұзақтығы, биіктігі мен ауа райы туралы нақты ақпаратты біліп, өз мүмкіндігіңді бағалап барған абзал. Өз басым тауға арнайы турлармен, тәжірибелі гидтермен шығуды ұсынамын. Мұндай турларда бағыт алдын ала мұқият дайындалады, ауа райы болжамы ескеріледі, қажет жағдайда қосымша құрал-жабдықтарды аламыз. Тауға шықпас бұрын міндетті түрде нақты бағытты жоспарлау керек: қай бағытпен жүресің, қай жерде тоқтайсың, қашан ораласың – соның бәрін алдын ала белгілеген дұрыс. Сонымен қатар, қайда бара жатқаныңды және қашан қайтатыныңды жақындарыңа міндетті түрде хабарлаған жөн.
Тауда ең басты ереже – жалғыз шықпау деп ойлаймын. Топпен жүрген әрдайым қауіпсіз болады. Белгіленген жолдан шықпаған жөн, себебі қысқа жол көбіне ең қауіпті жол болып шығады. Сондай-ақ, табиғатты құрметтеп, қоқыс қалдықтарын тастамау керек. Шаршағанда міндетті түрде тоқтап, демалған дұрыс. Гид болу – үлкен жауапкершілікті талап етеді.