Ұлттық тәлім-тәрбие мен білім құндылықтарын бойына сіңіріп, кәсіби мамандар даярлауда бай тәжірибе жинақтаған, бұрынғы кинотехникумның заңды мұрагері — қазіргі Almaty Polytechnic College. Бүгінде бұл оқу орны 85 жылдық даңқты жолын артқа тастап отыр.
1940 жылы қыркүйекте КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы кинематография істері комитетінің төрағасы 1940 жылғы 11 қыркүйектегі №405 бұйрыққа қол қойып, оқу орнының негізі қаланды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңінде Белоруссиядағы Витебск кинотехникумы Алматыға эвакуацияланды. Бұл тарихи шешім қазақ жерінде жаңа оқу орнының тамырын тереңдетіп, білім саласына тың серпін берді. Эвакуацияланған оқытушылар мен студенттер алматылық әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеп, оқу сапасын арттырып, кадрлар даярлау ісін жалғастырды. Ленинград пен Загорск кинотехникумдарының қолдауы да ерекше болды.
1940 жылдары Алматы кинотехникумы Одақ аумағындағы шығыс өңірлер мен Орта Азияда кино саласына маман дайындайтын жалғыз оқу орны болды. Соғыс жылдарында да, одан кейінгі кезеңде де бұл мәртебелі міндетті үздіксіз атқарды.
Колледж тарихында көптеген басшылардың есімдері алтын әріптермен жазылды: Л.К. Шакала, Ж.А. Әлімжанов, А.А. Жук, И.Я. Чудновский, В.В. Ивановская, Г.А. Иванов, О.В. Павловский, В.А. Сейпульник, Л.А. Дернова-Семенюк, Л.Ф. Дмитриев, П.П. Возовиков, Ж.Т. Туркпенов, Х.Х. Санбаев, С.И. Нүсіпбеков, Н.Ж. Жабықбаев. Қазіргі таңда оқу орнына Медет Асетұлы Омарбеков басшылық етуде.
1990 жылдары ҚР Министрлер Кабинетінің қаулысымен Кинотехникум мен Машина жасау техникумы Қазақ ұлттық техникалық университетінің құрамына біріктірілді. 1997 жылы ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрінің №200 бұйрығымен оқу орнына «Алматы политехникалық колледжі» атауы берілді. Колледждің дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың бірі — Серік Имансерікұлы Нүсіпбеков.
Бүгінгі таңда Almaty Polytechnic College – техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы көшбасшы оқу орындарының бірі. Колледж түлектері түрлі салада табысты еңбек етуде. Олардың қатарында:
-
Т.Тайтулеев – Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры
-
Б.Бозымбаев – Алматы электромеханикалық колледжінің директоры
-
С.Сүлейменов – Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжінің директоры
-
Е.Магазов – Алматы мемлекеттік көлік және коммуникация колледжінің директоры
-
А. Бейсетбаев – Алматы көпсалалы колледжінің директоры
-
Қ.Якенова – UIB көпсалалы колледжінің директоры
Колледжде келесі бағыттар бойынша білім беріледі:
-
«Бағдарламалық қамтамасыз ету»
-
«Есептеу техникасы және ақпараттық желілер»
-
«Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері»
-
«Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар»
-
«Машиналар мен жабдықтарды пайдалану»
Түлектер арасында елімізге танымал мамандар жетерлік. Атап айтқанда, Ходоренко Олег Юрьевич – «Метако» ЖШС директоры, Акимов Шыңғыс – «Қазақстан» телерадиокорпорациясының техникалық директоры, Жанат Өмірәлі – қоюшы-оператор, Турматов Бауыржан – «BAUNER» және «FALCON-1» компанияларының негізін қалаушы.
Колледж заманауи зертханалармен, IT-hub және Құзыреттер орталығымен жабдықталған. Бұл орталықтарда студенттер бағдарламалау, графикалық дизайн және деректермен жұмыс істеу бағытында тәжірибе жинақтайды.
Алматы қаласының 2023–2030 жылдарға арналған білімді дамыту жол картасы аясында оқытушылар Қытай, Корея, Малайзия елдерінде тағылымдамадан өтті. Бұл – колледжді халықаралық стандарттарға сай жаңғырту жолындағы маңызды қадам.
Almaty Polytechnic College — үздіксіз дамып келе жатқан оқу орны. Колледж студенттері WorldSkills чемпионаттары мен «Қазақстан колледждерінің ТОП-100 студенті» байқауында жүлделі орындарды иеленіп жүр. 2024 жылы "KIROSHI" робототехника командасы Нидерландыда өткен First Tech Challenge халықаралық чемпионатында жеңіске жетіп, 2025 жылы АҚШ-та өтетін Premier Event Michiana жарысына жолдама алды.
Колледжде «Polytech eriktileri», «Жас қыран», «Sanaly urpag» секілді ұйымдар мен «Қыз – елдің көркі», «Polytech ziatkerleri», «Тілдер әлемі» жобалары сәтті жұмыс істейді. Бұл ұйымдар жастардың азаматтық белсенділігі мен рухани дамуына үлес қосып келеді.
Almaty Polytechnic College – ұлттық құндылықтар мен заманауи білімді ұштастыра отырып, болашаққа сеніммен қадам басып келе жатқан оқу орны.
Омарбеков Медет Асетұлы, колледж директоры