ffin.kz

Талайлы тағдыр иесі

Талайлы тағдыр иесі Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Сұрапыл соғыс, күрмеленген тағдыр, Брестен Берлинге дейін керзі етігімен қонышынан қан кешкен жауынгер, дүниеге бейбітшілік сыйлаған жауынгер... Осы тақырып  жайында аз айтылып, аз жазылып жатқан жоқ. Болашақта да, жазыла бермек. Себебі, Ұлы Отан соғысында өмір мен өлімнің арасында жүріп ерлік көрсеткендердің есімдері мәңгілікке ел жадында қалады.



Майдан жолын әйгілі Сталинград шайқасынан бастап, Берлинде Жеңіс туын тігуге атсалысқан, содан кейін Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысқан айбынды сарбаз, ержүрек жауынгер Өмірбай ақсақалдың талайлы тағдыры қиыншылық пен қайшылыққа толы болды. Бұл айтқандарымыздың айқын белгілері ретінде ол кісінің апайтөсінде 1-ші және 2-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Ту» ордендері, «Берлинді азат еткені үшін», «Праганы азат еткені үшін» және басқа да медальдары самсап тұр.



1941 жылдың 12-желтоқсаны күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданының Төңкеріс ауылынан 18 бен 20-ның арасындағы 77 жігіт майданға аттанған. Аягөз қаласындағы үш айлық дайындықтан соң, Мәскеудің іргесіндегі Ногинский қаласына келіп жеттік. Сол жерде бірнеше полкке бөледі. Мұнда қарт жауынгер танкіге қарсы истребительді-артиллериялық 179-шы полкте зеңбірек атушының көмекшісі ретінде тағы да дайындықтан өтеді. 1942 жылғы қазан айының 27-сінде Сталинград түбіне жетіп, бір жетіден соң алғы шепке орналасады. Бұл кез Сталинград түбіндегі фельдмаршал фон Паулюстің қандыбалақтарының қоршауға түсіп, майдандағы үстемдік Кеңес жауынгерлерінің қолына ауыса бастаған тұс болатын. Алда әлі де талай қанды айқастар күтіп тұрды. Ауыл-селолар, қалалар сынды елді мекендер біртіндеп азат етіле бастады. Өліспей беріспеуге нұсқау алған фашистер жанталаса қарсыласып жатты. Сондай ұрыстардың бірінде командирдің жараланып, саптан шығып қалғанын байқаған Өмірбай Сахов дереу абыржымастан, басқаруды қолына алып, сарбаздарды ұрысқа бастап, табандылық пен шапшаң шешім қабылдайды.


Сондай ерекше атап айтатын оқиғаның бірі - әйгілі көмірлі өңір Донбасстың маңындағы Славянка деген қыстақ үшін болған ұрыс. Кезінде аудан орталығы болған бұл қалашыққа фашистер мықтап бекінгендіктен, ол үшін айқас ересен болды. Неміс қаныпезерлері бір күнде 12 мәрте шабуыл жасайды. Сол кездері түрімен де, атымен де жауынгерлерді үрейге бөлеген «Жолбарыс» атты танкі жаяу әскеріне қосылып шабуылдағанда, мұндай шайқастың қаншалықты сұрапыл болғандығын елестетудің өзі төбе құйқаңды шымырлатары сөзсіз.



Әр ұрыстың өзінің тактикасы болады. Бірде окоптың қасында зеңбіректерін дайындап, жаудың шабуылын күтіп отырған. Орманның арасынан жау «Жолбарыстарының» тұмсығы шыға бастайды. Неміс халқы да ұрыс айласына әбден төселген ғой. Бірден баса көктеп алға ұмтылмайды. Кейде алға жылжып, содан кейін қайта артқа шегінеді. Бәлкім атуға ыңғайлы арақашықтықты таңдап отыр. Арақашықтық демекші, соғыс тактикасында арақашықтық міндетті түрде есепке алынды. Қызуқандылыққа салынып, зеңбірегіңнен атқан оғың дарымай қалуы да мүмкін. Ал оқ тиген күннің өзінде танкіге еш зияны болмайды. Ол қарсы оқ атса, зеңбірегіңмен бірге күл-талқан етеді. Оның үстіне танкіде пулемет бар. Оны да есепке алынуы тиіс. Соғыс барысында мұның барлығын зерттеп, әбден әккі болып қалған командирлер танкі жақындаған кезде «Ат!» деп бұйрық береді. Атылған оқ алдағы мүмкіндікті анықтап береді. Тимей қалса, онда танкінің астында тапталып қалдың дей бер.


 Сондай сұрапыл шайқастарда Кеңес жауынгерлерінің Отан алдындағы парыздарын терең түсінген патриотизмі жүректеріне рух беріп, жаудың бетін қайтарып қана қоймай, ордалы жыланның ордасын күйретіп, Жеңіс туын өз ордасының төбесіне қадауға күш бергені ақиқат.


Соғыстан кейін бейбіт өмірдегі еңбек майданында да осынау Жеңіс нәтижесін жалғастыра беру жолында аянбай еңбек етті. «Еткен еңбек елеусіз қалмайды» деген, 1964 жылы Алматыда өткен, Ыбырай Жақаев, Дінмұхаммед Қонаев, Жазылбек Қуанышбаев, Сабыр Ниязбеков сынды ел сүйген, елін сүйген нар тұлғалы азаматтар қатысқан колхозшылардың съезіне «Кеңес» колхозының атынан делегат болып барады. Ал, 1976 жылы КСРО Жоғары Президиумының Жарлығымен «Еңбек Қызыл Ту» ордені төсінде жарқырады. Бұдан өзге түрлі мерейтойлық медальдарды айтпағанда, КСРО Жоғары Президиумының 1982 жылғы шешімімен «Еңбек ардагері» медалін иеленуі – ел игілігі үшін аз тер төкпегендігінің жарқын дәлелі десек, артық айтқандық емес. Бейбіт өмірдегі еңбек майданы да тып-тыныш, жұмысқа барып-келу ғана емес. Кеңес дәуірі тұсында да түрлі әпербақан басшылардың болғаны жасырмаймыз. Ондайлар қол астындағы колхоз-совхоздардың халқын, жерін өз меншігіндей көріп, астамсып, ойларына келгенін істеуге тырысып бағатын. Бір ауылдың жерін екіншісіне теліп, бір шаруашылықтың жайлауын, яки қыстауын екіншісіне тиесілі етіп, жұртты тасқыаяқтай қағыстырып, ешбір жоспарсыз, өндіріс пен шаруашылыққа еш пайдасы жоқ әрекеттерімен ел ішін алатайдай бүлдіре жаздаған әрекеттері де болған. Міне, Өмірбай ақсақал сондай өресіз басшылардың халыққа жасаған  көпе-көрінеу бассыздықтарына тайсалмай қарсы шығып, орынсыз әрекеттерін жоғарғы, құзырлы басшылар алдында таймай дәлелдеп шығып, бүлінген жұрттың түсіністікпен, тату өмір сүріп, еңбек етуіне де өз хал-қадерінше еңбек сіңірген жан. Тіпті, бертіндегі, сексеннің сеңгіріне аяқ басқан шағында да ауыл халқының тіршілігіне бей-жай қарап жата алмай, сол кездегі облыс әкімі Болат Жылқышиевке кіріп, ауыл арасындағы жол қатынасының қиындап тұрғанын, асфальт төсетіп беруге жәрдемдесуін сұрайды. «Әп» дегендегі алғашқы бір-екі жылда 5-6 шақырым жол жөнделеді. Сәтіне қарай атқарылып, бүгінде ауылдар арасын жалғайтын 12 шақырым жол толығымен жөнделді. Жалғыз жол ғана емес, халықтың ауыз су мәселесі және тағы да басқа мұң-мұқтаждарын басшы орындарға жеткізіп, «асарымды – асадым, жасарымды - жасадым» деп жатып алмай, бұқараның өміріне сәуле түсірер тірліктер жасады.


Өмекең зайыбы Несіпкүл Ағыбайқызы екеуі 13 бала тәрбиелеп өсіріп, сол балаларынан, Құдай тағала көп көрмесін, 40-тан аса немере, 12 шөбере сүйді. Ұрпақтарының алды жоғары білімді, әр мамандары болса, шөберелері күні кеше жарық дүние есігін жаңадан ашып жатыр. Өскен, өнген бәйтерек, шың басында жайқалған шынар, яки теңізге құйған дария десек те, қай-қай теңеудің де ұғымына толық сыйып тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40