Тағдыршешті туынды: сөздің киесі әлде мидың программасы ма?

Тағдыршешті туынды: сөздің киесі әлде мидың программасы ма? коллаж: Нұрболсын Өріс

Бағзыдан-ақ сөздің құдіретін түсінген, сөзге тоқтаған, сөзді қадірлеген халық болғанымыз тарихымыздан таныс. Әр сөзіне мән беріп, ойланып айтқан ата-бабамыз абайсыз әңгімеден, аңдамай сөйлеуден ұрпағын ылғи сақтандырып отырған. «Тіл тас жарады...», «Періште әмин деп қоймасын» деген ескертулерді айтқан қазақ 32 тістен шыққан сөздің көкке көтеріліп қабыл болатынына сенген. Жағымсыз нәрсенің, кейбір аурудың атын атамайтын табу сөзді қолдануы да бекер емес екеніне көз жеткізесің. Бар өмірі халықтың көз алдында өткен кей тұлғаның қазасына аузынан шыққан сөзінің дәл келгеніне қайран қаласың, бұл сонда сөздің киесі ме, әлде мамандар айтып жүрген миға орнатылған «программа» ма?

Бар қазаққа таныс мұзбалақ Мұқағалиды мысалға алсақ, Мақатаев «Өзімнің есебімше...» деген өлеңінде:

«Өзімнің есебімде,

Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.

Кім біледі...

Ендігі қалған өмір,

Неше жылға жетерін,

Неше күнге

Ұмыт болып есебің де, өсегің де,

Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,

Қырықтың бесеуінде...» дейді және дәл өзі жазғандай 45 жасында көз жұмады.

Ал осы Мұқағалидың сөзіне жазылған композитор Гүлнәр Дәукенованың «Күрең күз» әнін орындауға кезінде көп әншінің жүрегі дауаламапты дегенді естігенбіз, осы әннің жалғыз орындаушысы болған ән әлемінің Ақбаяны – Мәдина Ералиева өмірден өткенде қараша айы еді.

«Күп-күрең менің реңім,
Қош енді, қош бол, күрең күз.
Жаз келер және жап-жасыл
Жақсылық тағы тілерміз,
Жадырап өмір сүрерміз
Қош енді, қош бол, күрең күз.
Қош енді, қош бол, күрең күз,
Күрең мұң саған жібердім.
Күлермін деп ем, түнердім
Білермін, қалай білермін?

Жыртылып жатыр күрең жер
Күрең жер – тозған кілемдер
Күрең тау, анау күрең бел
Күрең бел жиған кілемдер
Жаз келер және жап-жасыл,
Жасауын жердің түгендер.

Қош енді, қош бол, күрең күз
Ақ қысты тездеп жібергіз
Ақ қыстай аппақ бір елміз,
Ширығып, біраз, жүрерміз
Шынығып өмір сүрерміз
Қош енді, қош бол, күрең күз» - бұл әннің сөзі де қоштасуға арналған азалы жыр сипатты есте қалды. Туған жері Қазалыдан қайтар жолда көз жұмған Мәдина Ералиеваның соңғы сапарында қасында болған күйеу баласы Оралбай Әбдіқадырмен тілдескенімде әншінің көлігінде апатқа ұшыраған сәтте тағы да Мұқағалидың сөзіне жазылған «Ризамын саған тағдырым» әнінің шырқалып тұрғанын айтты.

Тағы да көрдім,
Тағы да көрем таң нұрын,
Аязын қыстың ,
Аяулы жаздың жаңбырын.
Алтынға, мейлі, толмай-ақ қойсын сандығым,
Ризамын саған!
Ризамын саған, тағдырым!

Шаршаған шақта,
Шақырып сені жекпе-жек,
Басыма менің,
Бақыттан басқа төкпе деп,
Тағдырым, саған
Жүріппін босқа өкпелеп.

Өшпестей етіп,
Өмірдің жазған бұл заңын,
Түсінбей кейде
Тосырқап менің жүр жаным.
Кеудемде мына
Өзің сыйлаған бір жалын,
Лапылдап жатыр,
Тағдырым, саған ризамын! – деген сөздің де айтылуында бір тылсымның бары анық.

Бард-әншінің бірегейі Табылды Досымовтың да өмірі өзінің шығармашылығымен тұтасып кеткен.

«Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
Қозым-ау деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам.

Оянбай қалам, бұл шындық, ұрыспа қарғам,
Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары...
Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған,
Бауырыңа басып егіліп, жылайсың әлі...», деп әндеткен Табыл әнші де өзі жазғандай бір күні «ұйықтап кетіп, оянбай қалды да, қалдырып мынау жалған дүниені, келмеске мәңгі-бақи аттанды».
«Қорқыттар құтылмаған бұл өлімнен,
Табылдың құтылуы қиын шығар…

Біз түгіл құтылмаған алып Абай,
Білмедім о дүниенің халі қалай?
Бір кездегі Табылдың әні екен деп,
Соңымнан зарлап жүрсін қалың Адай…

Жігіттер, артық айтсам кінә тақпа,
Батайық күліп-ойнап рақатқа.
Өмірден кәрі де өтер, бәрі де өтер,
Берілген өмір бізге «прокатқа»…деуі де – өзіне алдын ала өлеңмен шығарған «үкімі» сияқты.

Айтыс өнерінің аспанынан құйрықты жұлдыздай ағып түсіп, орда бұзар 30 жасқа да жетпей, қыршынынан қиылған айтыскер ақын Оразалы Досбосынов та бір сөз сайысында:

«Атым Ораз болғанмен,

Отыздан жасым аспаған.

Иегін сақал жаппаған.

Сүйінбаймын, Жамбылмын,

Таңжарықпын, Шарғынмын,

Басынан сөз аспаған», деп жырлапты. Оразалымен айтыс аламанында қатар жүрген тұстасы, ақын Айнұр Тұрсынбаева : «Оразалы Досбосынов деген алапат ақын досым көбінесе сөзді: «Атым Ораз болғанмен, Отыздан жасым аспаған, Иегін сақал жаппаған» деп бастайтын... Шынында жасы отыздан аспады, небәрі 29 жасында жарық дүниемен қош айтысып кете берді. Кейін Оралдан Асылбек Ишанов деген ақын бала шықты. Сол бала өзінің ең соңғы айтысында: «Бір күнде бес ақынмен, Айтысып бәрін жеңетін, Оразалының жолын бер» деп жырлаған екен. Арада көп уақыт өтпей жап-жас Асылбек тура Оразалы ағасы құсап жол апатынан қаза тапты. Атақты Жәнібек Кәрменовтың керемет термесі бар, сол терменің ішінде «Жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың» деген жолдар бар. Сол Жәнібек ағамыздың жолға жалғыз шығып кетіп жүрегі тоқтап қалып, жол апатына ұшырап қайтыс болғанын біреу біліп, біреу білмес... Атақты Мұқағалидың да: «Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, Қырықтың бесеуінде» деген өлеңі бар.. Ақиық ақын шынында 45 жасында дүниеден өткен еді. Сөздің киесі бар. Қыршынынан қиылған Денис Теннен «спортта қай жасқа дейін жүресің?» деп сұрағанда, «25 жасқа дейін» деп жауап берген. Оның 25 ке жетпей қаза тапқаны естеріңізде шығар...» деп жазды.

Біз осы жазылғаннның бәрін сараптай келе, ми программасы, сөз құдіретінің ғылыми жағын зерттеп жүрген нейрокоуч Айнара Байжанның пікірін сұраған едік:

Нейроғылымда дәлелденген бір факт бар: адам естіген сөзді, тыңдаған әуенді қайта-қайта ойға салғанда, сезіммен айтқанда ми оны «бағдарлама» ретінде қабылдайды. Миға бәрібір, ол қазір бар ма, жоқ па, ми қиялдағы образды шынайы сигнал ретінде қабылдайды. Сондықтан жүйке жүйесі, гормондық орта, тіпті жүректің соғысы сол образбен үйлесіп өзгереді. Кванттық өріс заңы бойынша, сана қайда бағытталса, энергия соған қарай ағады. Ән тек дыбыс емес, вибрация. Сөз жай айтылғанда магнит емес! Сезіммен, эмоциямен айтылғанда және көп қайталанғанда, өмірге сол оқиға түрінде келеді. Ми программасы, сөз құдіреті деген тақырып психологияда бейсаналық сенімдер деп көрсетіледі, бұл ғылымда оған нақты дәлел жоқ, бұл коучингте қарастырылатын рухани тақырып. Қазақы философияда да «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген түсінік бар, сөз ойдан шығады, ойда жойқын күшке ие үлкен энергия бар. Кез келген сөз өздігінен орындалып кетпейді, оған сезім қосылғанда ғана магнит әсері болады, жойқын күшті жасайтын осы сезім. Ал өнер иелері, шығармашылық өкілдері сөзді жай айтып қоя салмайды, олар сезімге берілгіш, мысалы Мәдина Ералиева барлық әнін эмоциямен айтқан әнші. Жоғарыда аты аталған өнер иелері өмірмен сезімге беріле қоштасты деп ойлаймын. Кванттық физика туралы айтатын нейробиолог Джо Диспенза көңілді немесе қайғылы адамның айтқан сөзі орындалып кетеді деген теорияны айтқанда, миды зерттеген нейромамандар осы идеяны мойындаған.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:40

14:10

12:39

12:27

11:17

10:43

10:15

09:45

09:24

21:03

18:38

18:32

16:31

16:08

15:52

15:22

14:45

14:14

13:45

13:14

12:45

12:10

11:45

11:05

10:41