ffin.kz

Светлана СМАҒҰЛОВА, тарих ғылымдарының докторы: Декларацияның қабылдануы халқымызға рух берді

Светлана СМАҒҰЛОВА, тарих ғылымдарының докторы:  Декларацияның қабылдануы халқымызға рух берді almaty-akshamy.kz

Мереке қарсаңында



– Светлана Әдепқызы, сіз Республика күні мерекесінің мән-маңызын тарихшы ретінде қалай бағалар едіңіз?


1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Е. Асанбаевтың қол қоюымен қабылданған Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация – еліміздің тәуелсіздігіне жасалған басты қадам болды. Республикамыздың ұлттық мерекесі ретінде тойлануы әбден орынды.  Бұл декларация халқымыздың бойына еркіндікке, егемендікке деген үлкен сенім орнатты.


Бұл құжат ғасырлар бойы патшалық империяның, одан кейін 70 жылдай кеңестік жүйе құрсауында болып келген елімізді қамалған тордан құтқарды.  Үнемі қысымшылықты, қуғын-сүргінді бастан кешіп, үреймен өмір сүрген халқымызға бұл декларацияның қабылдануы рух берді.


 


  – Егемендік туралы декларацияның жай-жапсарын таратып айта кетсеңіз?


Декаларацияның құндылығы сонда, біріншіден, Қазақ КСР-ның егемендігі жарияланып, тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Бұл халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. ХХ ғасырдың басында қалыптасқан қазақ қайраткерлері саяси бостандық, отарлық езгінің құрсауынан босану және тәуелсіз ұлттық демократиялық мемлекет құру жолында күрескені, өзге империя құрсауында болып, оның қыспағына шыдап келген мемлекетіміздің өз билігі өзінде болатын тұтас бір мемлекетке бірігуіне күш салып, егемендік жолында басын отқа да, оққа да тіккені баршамызға белгілі.    



Ел бірлігін, жер тұтастығын сақтайтын, ұлт мүддесін көздейтін  мемлекет құруды армандаған Алаш азаматтары қазақ халқын ұлт ретінде сақтап қалу жолында бар күшін салды. Қазақ елі өзін-өзі басқаратын, яғни ұлттық мүддені қорғай алатын мемлекеттік жүйе құруға талпынды. Бұл мемлекеттік жүйеге сол кездегі әлемдік озық тәжірибені пайдалануды, ауылшаруашылығын, өнеркәсіп саласын дамытуды, білім мен ұлттық мәдениетті өркендетудің қажеттігін көре білді. Алаш зиялылары мемлекеттің ішкі және сыртқы құрылымын заң жүзінде қорғауды, яғни қазақ жері тұтастай қазақ елінің меншігі ретінде тануды, қазаққа еркіндік, теңдік беретін, олардың мүддесін қорғайтын заңның болуын қалады және соны талап етті. Міне, олардың арманы орындалды десек те болады.



Декларацияның екінші бір құндылығы – ел аумағының  тұтастығын, оған қол сұқпауды сақтау. Бұл да Алаш азаматтарының алға қойған негізгі мақсаты-тұғын. 1917 жылдың шілдесінде өткен Жалпы қазақ съезінде қабылданған қарардағы «қазақ жері ешкімге берілмесін», «қазақ жерінен алынған жерлер қазақтың өзіне тоқтаусыз қайтарылсын» дегеннен-ақ Алаш қайраткерлерінің ұлт мүддесі жолында жерді бөлшектеуден сақтап қалуға күш салғанын аңғару қиын емес.



Үшінші құндылығы – қазақ халқы мен өзге этностардың бірлігін сақтау, олардың мәдениеті мен салт-дәстүрін, тілін, дінін дамыту, ұлт араздығын қоздыратын жағдайларға жол бермеу, яғни ішкі және сыртқы қауіпсіздікті нығайту. Қазақстан аумағы әр қилы жолдармен келген этностардың мекеніне айналғандықтан, олардың арасында тату-тәтті қарым-қатынас, береке-бірлік орнату жолында барлық мүмкіндікті жасау да Декларацияның негізгі қағидатының бірі болды.



Төртінші құндылық – бұл мемлекеттің өкімет билігіне Президенттің келуі, яғни жоғары билік басына Президент институтының енгізілуі. Оған әкімшілік-атқару билік берілді. Мемлекеттік билікте заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу принциптері жарияланды.


Бесінші құндылық – егеменді еліміздің символы – Елтаңбасы, Туы, Әнұраны. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары мемлекетіміздің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін рәміздеріміз қабылданды.  


 


– Аталған Декларацияда мәлім етілген жайттардың іс жүзінде орындалуы, жүзеге асуы қалай болды?


Декларацияны Қазақстан халқы қуанышпен қабылдады. Бұл құжатқа үлкен үмітпен қарады. Әрине, бастапқы кездерде үлкен кедергілер, қиыншылықтар болды.  Бұрынғы кеңестік ескі басқару жүйесі бұзылып, оның Заңдары тоқтатылды, жаңа заңнамалық база құрылды. Бұл құжат Ата Заңымызға негіз болды. Еліміздің түпкілікті Тәуелсіздігін алуына жол ашты. Ендігі жерде республиканың барлық жоғарғы органдары Президентке тікелей бағынды. Республиканың ішкі және сыртқы қауіпсіздігі қалпына келтірілді. Шет мемлекеттер елімізді таныды, саяси, экономикалық байланыстар орнады. Билікке мемлекетіміздің ахуалын жақсы білген, түсінген идеялы азаматтар келді.  


  


– Қалай ойлайсыз, егемендіктің қадіріне, бағасына бүгінгі ұрпақ жете алып жүр ме?


ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің алғашқы санында жариялаған мақаласында: «Ұлтыңа қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылғандай. Көп жұмыстың ішінде ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ. Һәркім әлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын! Аз нәрсе көпке себеп болмақшы. Сол демеу, зорға сүйеу болады. Ұлық іс ұсақтан ұлғаяды» деп жазғаны ұлт үшін деген ұранымыздың ұлғаюы  жолында қызмет етуге бағыттаған еді. Кеңес билігі тұсында қиыншылықты бастан кешірген қазақ жастары жаңа, тәуелсіз Қазақстанды құруға бар жан-дүниесімен кірісті. 



Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан қазіргі жастардың қоғамға, қоршаған ортаға деген қызығушылығы мол. Тәуелсіздік қадірін біледі, түсінеді. Қарап отырсаңыз, жоғарғы билік орындарынан, бизнес саласынан жастарды көп көреміз. Олар сонау ғасырлар бойы елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ата-бабаларының орындалған арманын жалғастырып келеді.  



Үлкен күреспен алынған тәуелсіздігімізді сақтап, экономикамызды нығайту жолында шетел асып, олардың тәжірибесін үйреніп, өзіміздің өндірісімізге енгізіп жатқандары қаншама! Бұл тәуелсіздікке қадам жасаған осы Декларацияның негізі деуге болады.


– Әңгімеңізге рахмет!


 Сұхбаттасқан Роза РАҚЫМҚЫЗЫ   


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55