Судьялар және сот қызметкерлері күні қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына баспасөз турын ұйымдастырды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шара бірден екі маңызды датаға арналды. Бірі - сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болса, екіншісі - Қазақстандағы әкімшілік сот жүйесінің бес жылдығы.
Баспасөз туры барысында журналистерге сот қызметінің негізгі бағыттары таныстырылып, әкімшілік әділеттің азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғаудағы рөлі, әкімшілік істерді қараудың ерекшеліктері туралы айтылды. Сондай-ақ, соңғы бес жылдағы жұмыс қорытындылары шығарылды.
Әкімшілік соттағы экскурсияны Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Ұлан Қажыкен өткізді.
Судьяның айтуынша, бүгінде істердің 99 пайызы бейнебайланыс арқылы онлайн форматта қаралады. Бұл сот процесіне қатысушы тараптар үшін де, судьялар үшін де қолайлы. Ал тараптардың қалауы бойынша сот отырыстары аралас (гибридті) форматта да өткізіледі.
Баспасөз туры кезінде журналистер жеке сот орындаушысына қатысты онлайн сот отырысының куәгері болды. Қазіргі таңда істердің шамамен 60 пайызы жеке сот орындаушыларының әрекеттері немесе әрекетсіздігіне байланысты қаралады.
Ұлан Қажыкен соттың жер дауларына қатысты істерді қарайтынын атап өтті. Сонымен қатар,оның сөзінше, заңнамаға жақында енгізілген өзгерістерге байланысты салық даулары бойынша істердің көбеюі мүмкін деген болжам бар.
Сот өкілдерінің айтуынша, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енгеннен бері әкімшілік соттар азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен туындаған дауларда өз құқықтарын қорғауына мүмкіндік беретін маңызды тетікке айналды. Соңғы бес жылда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында 26 мыңнан астам әкімшілік іс қаралған.
Жаңа институтқа халық сенімінің артқанын талап-арыздар санының өсуінен байқауға болады. Егер 2021 жылы сотқа 2392 талап арыз түскен болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 6268-ге жеткен. Бес жыл ішінде 7173 сот шешімі шығарылып, оның 3701-і сотқа жүгінген тараптардың пайдасына қабылданған.
Татуластыру рәсімдерін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Осы кезеңде сот 3337 татуласу келісімін бекіткен, бұл азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы әрбір төртінші дауды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік берген.
Мемлекеттік органдардың қызметіне сот бақылауы да маңызды рөл атқарады. Соңғы бес жылда 1114 жеке ұйғарым шығарылып, жалпы сомасы 36 миллион теңгеден асатын 499 ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылған.
Бүгінде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты заман талабына сай жұмыс істейтін сот мекемесі саналады.Мұнда 80 қызметкер, оның ішінде 32 судья жұмыс істейді. Судьялар құрамының жартысынан астамын әйелдер құрайды.
Кездесу аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері соттың инфрақұрылымымен танысып, сот отырыстары залдарын, фронт-офисті және азаматтарға арналған сервистік аймақтарды аралады.
Судьялармен кездесу барысында мемлекеттік органдармен дауларда азаматтардың құқықтарын қорғау, әділдік пен заңдылық қағидаттарын қолдану, татуластыру рәсімдерінің тәжірибесі және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыру шаралары сияқты әкімшілік сот ісін жүргізудің өзекті мәселелері талқыланды.
Әкімшілік сот төрелігінің соңғы бес жылдағы даму кезеңін қорытындылай келе, сот өкілдері оның басты міндеті өзгеріссіз қалғанын атап өтті. Ол - азаматтар мен бизнестің мемлекетпен туындайтын даулардағы құқықтарын сот арқылы тиімді қорғауды қамтамасыз ету. Осы уақыт ішінде әкімшілік соттар өз қажеттілігін дәлелдеп, елдегі заңдылық пен әділдік қағидаттарын нығайтудың маңызды тетігіне айналды.