AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
Freedom Broker
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Freedom Broker
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мұны білген жөн / Сөздің киесі ме, сәйкестік пе? Туындысы тағдырына...

Сөздің киесі ме, сәйкестік пе? Туындысы тағдырына айналған тұлғалар

Мұны білген жөн 05.02.2026, 10:36 230
Сөздің киесі ме, сәйкестік пе? Туындысы тағдырына айналған тұлғалар
коллаж: Нұрбол Жылыс

Қазақта "сөздің киесі бар" деген ұғым бар. Сөз адамның санасына, болмысына, тіпті тағдырына әсер ететін құдірет ретінде қабылданады. Әдебиет тарихына үңілсек, қазақтың бірқатар ақын-жазушысы өз шығармашылығында өлім тақырыбын, тіпті нақты жасын, мезетін жырға қосқанын көреміз. Таңғаларлығы, сол жыр жолдары кей жағдайда ақынның өз тағдырымен үндесіп кеткен. Aqshamnews.kz тілшісі өлеңі өміріне айналған бірқатар тұлғаның тағдырына үңіліп көрді.

Мұқағали Мақатаев:"Өзімнің есебімше..."

Қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаев өз өлеңдерінде өмірдің өткінші екенін жиі жырлап, өлім тақырыбын ашық айтып, тағдырмен бетпе-бет сөйлесе білді.

Өзімнің есебімде,
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі...
Ендігі қалған өмір,
Неше жылға жетерін,
Неше күнге
Ұмыт болып есебің де, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде.

Бұл жолдарда ақын өз жасын ғана емес, тағдырына деген ішкі түйсігін де аңғартқандай. Мұқағали расында 45 жасында дүниеден өтті. Ол 1976 жылы Алматыда ұзақ сырқаттан кейін көз жұмды. Ресми деректерде оның өліміне денсаулығының күрт нашарлауы, жүйке жүйесі мен өкпе аурулары себеп болғаны айтылады.

Табылды Досымов: "Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам…"

Табылды Досымов – поэзия мен әнді қатар алып жүрген сыршыл ақын, композитор. Оның өлеңдерінде мұң, қоштасу, мәңгілік тақырыбы жиі кездеседі.

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
"Қозым-ау" деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам...

Оянбай қалам, бұл - шындық, ұрыспа, қарғам,
Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары.
Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған,
Бауырыңа басып, егіліп жылайсың әлі.

Осылай ән шырқаған Табылдының бұрышта қалған гитарасын құшақтап, артында жары мен төрт баласы қалды. Ол ұзақ уақыт бойы ауыр сырқатпен күресіп, 43 жасында "ұйықтап кетіп, оянбады". Ақынның өмірден ерте кетуі қазақ жұрты үшін үлкен қайғы болды. Марқұмның әндері мен өлеңдері бүгінге дейін халық арасында айтылып келеді. 

Мадина Ералиеваның күрең күзбен қоштасуы...

Мадина Ералиева – қазақ эстрадасында мұң мен сырды ерекше нәзік етіп жеткізген әнші. Ақын Мұқағалидің сөзіне жазылған "Күрең күз" әні Мадина Ералиеваның үнімен күллі қазақтың құлағында жатталып қалды.  

Қош енді, қош бол, күрең күз
Күрең мұң саған жібердім.
Күлермін деп ем түнердің.
Білермін қалай, білермін.

Әнінде күрең күзбен қоштасқан әнші 2000 жылы күздің соңғы күндерінің бірі, 27 қарашада, 46 жасында өмірімен де қоштасты.

Ол қысқа ғұмырында "Айқаракөз", "Сағындым сені", "Жаным-ау" сынды ел есінде қалған әндерді орындап үлгерді. Әншінің мезгілсіз қазасы оның әндеріндегі мұңды одан әрі тереңдете түсті. Тыңдарман бұл жолдарды кейін тағдырмен үндескен ишара ретінде қабылдай бастады.

Оразалы Досбосынов: "Отыздан жасым аспаған…"

Айтыс өнерінің жарқын жұлдызы, Нарынқолдық ақын Оразалы Досбосыновты да танымайтын жан жоқ шығар, сірә?! Ол өзін таныстырғанда:

Атым Ораз болғанмен
Отыздан жасым аспаған
Иегін сақал жаппаған
Сүйінбаймын Жамбылмын
Таңжарықпын Шарғынмын
Басымнан сөз аспаған, -

деп жырлайтын. Бұл жолдарда жас ақынның өз тағдырына ишара бардай сезіледі. Шынында да, Оразалы отыздан аспай, 29 жасында дүниеден өтті.

Ол 2004 жылы жол апатынан қаза тапты. Айтыс сахнасында өткір ойымен, батыл мінезімен танылған ақынның ерте кетуі қазақ айтысы үшін орны толмас өкініш болды.

Оразалыны жоқтаған жары Ажардың қазасы

Ажар Түзелбекқызы – айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың жары. Оразалының қазасынан кейін Ажар орындаған "Сағындым сені" әні тыңдарман жүрегіне ерекше ауыр тиді.

Күн батты, таң атты тағы да,
Ем таппай жаралы жаныма,
Жоғыңа сенбестен қарайлаймын жолыңа.
Сен едің ертегі аралым,
Дертімнің таба алмай амалын,
Таусылып ішімнен барамын-ау, қарағым.

Әу баста махаббатқа арналған ақын Исраил Сапарбайдың сөзіне, сазгер Роза Әлқожаның әніне жазылған туынды Ажардың орындауынан кейін көпшілікке шынайы жоқтау секілді әсер етті. Ән Оразалыдан айырылған жанның ішкі күйіндей қабылданды. Ажар бұл әнді орындап жүрген тұста көрермен оны тағдырмен байланыстыра бастады.

Тағдырдың тағы бір ауыр сәйкестігі – Ажар Түзелбекқызы да жол апатынан қаза тапты. Ол да жары секілді мезгілсіз өмірден өтті. 

Батырхан Шүкенов: "Маған көктем көмектеседі…"

Батырхан Шүкенов – қазақ музыкасының жаңа тынысын ашқан тұлғалардың бірі. Оның орындауындағы бірнеше танымал ән әлі күнге дейін қазақ тыңдармандарының жадында жатталып қалды. Әсіресе "Дождь" әні тыңдарман жүрегінде ерекше орын алды.

Ты привыкла к дождям,
Ты привыкнешь одна…
Я попробую сам,
Мне поможет весна…

Шүкеновтың бұл әнінде қоштасу ғана емес, үміт сарыны да бар еді. "Маған көктем көмектеседі" деген сенім мен тағдырдың тосын сәйкестігі Батырхан Шүкенов 2015 жылғы сәуірде, көктем мезгілінде, жүрек талмасынан көз жұмды.

Ол "A’Studio" тобының солисі ретінде танылып, кейін жеке шығармашылық жолын жалғастырып, қазақ өнеріндегі аңыз тұлғаға айналды. 

"Ерте келген көктемде..." Darkhan Juzz да өлер шағын болжаған ба? 

Darkhan Juzz (шын есімі - Дархан Жүнісбеков - еск.) – танымал қазақстандық инди-поп орындаушы. Оның "Шырақ" атты өлеңінде өмірге, тағдырға, Жаратқанның қалауына мойынсұну сарыны сезіледі. 

Ерте келген көктемде 
Алатаудың бөктерінде
Жанды шырақ шекемде,
Сөнбесін алауы…

Бір тыңдағанда байқалмайтын ән жолдары шын мәнінде Дарханның тағдырымен астасып жатқандай. Себебі Darkhan Juzz 2023 жылғы 24 ақпанда, көктемнің алғашқы лебі сезіле бастаған "ерте көктемде" Таиландта қаза тапты. Ресми дерек бойынша, ол жазатайым оқиға салдарынан көз жұмған. Жастар арасында кең танылған әншінің "Үйде", "Сапар", "Ең сұлу" сынды хит әндері бар. "Шырақ" атты осы әнінде "жанды шырақ шекемде" деп жазған әншінің небәрі 33 жасында шырағы сөнді.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#туынды
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті

Бүгін 15:57

Алматылықтар Наурызды қалай қарсы алады?

Бүгін 15:27

Дәстүрдің экологиялық бейнесі: Алматыда қайта өңделген материалдардан жасалған ер-тоқым көрсетілді

Бүгін 15:22

Алматылықтарға арналған ерекше мүсін

Бүгін 14:03

Наурыз тойының шығуына байланысты аңыз-әфсаналар

Бүгін 13:45
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика