Дүрбелең кезеңде 130-дай ұлт пен ұлысқа пана болып, төрінен орын берген қазақ халқының жақсылығын ұмыту мүмкін емес!
Мен 30-жылдары Қара теңіздің солтүстік-шығыс жағалауында өмір сүрген гректердің ұрпағымын. Қазір жасым 76-да. Сол бір солақай саясаттың кесірінен Қазақстанға жер аударылған жандардың қатарында менің атам да болған.
Жантүршігерлік естеліктерін айтқанда, жүрегіміз езілетін. «Далада қалып, ішерге асымыз болмаған кезде қар суымен жүрек жалғадық. Еш жазығымыз болмастан жақындарымыздан айырылдық. Туған жерден қуылдық... Сондағы қазақтардың бізге жасаған қамқорлығын дәл біздей ешкім сезіне алмас.
Қазақ бізді сынақта сындырмаған халық! Қиын кезде қырын қарамай, туғанындай бауырына басқан мейірбан халық!» деген атамның сөздері әлі құлағымда сайрап тұр. Көзі тірісінде «қазақтың жақсылығын ұмытпаңдар» деп отырушы еді.
Ойлап отырсам, егер қазақ халқының қамқорлығын көрмегенде бәлкім, бүгінгідей өмір сүрмес пе едік... Осы жерде өніп-өсіп, өркен жайдық. Біздің түріміз бөлек болғанымен, тілегіміз бір. Балаларым мен немерелеріме тарихымыз жайында айтып отыруды бабаларымның аманаты деп санаймын. Біздің көршілеріміз қазақтар. Қаннан берілген қасиет шығар, қолынан келсе демеп жіберуге даяр тұратын қарапайым жандар. Кейде емханаға, дүкенге баратын шаруаларым болса, қарсы келместен көмектеседі. Қазақтың «көршің жақсы болса, ұйқың тыныш» деген сөзі осындайда айтылатын шығар. Жаттап алғанмын. Міне, сол тыныштық менің шаңырағымда да бар. Оларды мен де өз балаларымдай қабылдаймын. Қолымнан келгенше барыммен бөлісіп жүремін. Мен бүгін өткенге тағзым ете отырып, қазақ халқына жер аудару кезінде көрсеткен көмегі үшін рахмет айтамын. Мейірімділіктің, достықтың жарқын үлгісіне айналған Алғыс айту күнімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын! Қазақ елінің жақсылығы ешқашан ұмытылмайды! Мың алғыс Сіздерге!