ffin.kz

Смайылов СҚО-ны дамыту жөнінде тапсырмалар берді

Смайылов СҚО-ны дамыту жөнінде тапсырмалар берді Сурет: Үкімет

4 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады


Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Энергетика, Қаржы, Білім және ғылым, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрлері баяндама жасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy. kz. 


Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдың мамыр айында Солтүстік Қазақстан облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қабылданғанын, оған 1,8 трлн теңге қарастырылғанын атап өтті. Бұл жоспар бірқатар маңызды жобаларды іске асыруға, соның ішінде жаңа өнімдер шығаруға, тұрақты жұмыс орындарын құруға, жалпы облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. 


Өңір басшылығының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – белгіленген жобаларды уақытылы және сапалы іске асыру, себебі олар әлеуметтік-экономикалық дамуға қосымша серпін беруі тиіс. Осы мақсатқа жету үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіліп жатыр, — деді Әлихан Смайылов.


 Мәселен, 2022 жылы Солтүстік Қазақстан облысын дамытуға 108,6 млрд теңге сомасында шығындар көзделген. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 72,7 млрд теңге бөлінеді.


Бірінші кезекте бұл шығындар өңірдің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалуы тиіс. Осы бағытта сапалы нәтижелерге қол жеткізу үшін бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз ету қажет, — деді Премьер-министр.


Кеңес барысында Әлихан Смайылов басқа да бірқатар мәселеге назар аударды.


Әлемдегі азық-түлік тауарлары бағасының күрт өсуін атап өткен Үкімет басшысы барлық мемлекеттік органдар мен өңірлердің басшылығының міндеті тиісті шараларды қабылдап, ішкі нарықтағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу екенін атап өтті.


«Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 12,6%-ға өсті. Азық-түлік тапшылығы мен баға өсімін болдырмау үшін қолда бар барлық тетіктерді тиімді пайдаланған жөн. Әкімдік баға үстемесін бақылауды күшейтуі керек, ол 15%-дан аспауы тиіс», — деді Премьер-Министр.


Әлихан Смайылов оңтүстік өңірлерден және Орталық Азиядағы көрші мемлекеттерден ерте пісетін көкөністерді әкелу үшін тікелей шарттар жасасу қажет екенін айтты.


Сонымен қатар сауда желілері арқылы «айналым схемасы» тетігін кеңінен пайдалану қажет, ал форвардтық механизм арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге тікелей келісімдер жасасу керек.


Сондай-ақ Премьер-министр облыста жалпы құны 320 млрд теңге болатын 37 инвестициялық жобаның пулы іске асырылып жатқанын атап өтті. Солардың арқасында 4 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.


«Биыл 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, 36,2 млрд теңгеге 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Облыс әкімдігі барлық жобаларды жоспарланған мерзімде сапалы іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», — деп атап өтті Үкімет басшысы.


Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне 2022 жылғы шілде айының аяғына дейін республикалық маңызы бар «Петропавл – Қорған» күре жолының учаскесі бойынша жобалау-сметалық құжаттаманың құнын түзетуді аяқтауды; 2023 жылдың соңына дейін аталған учаскені реконструкциялау жұмыстарын толық аяқтауды; осы жылдың соңына дейін нормативтік жағдайдағы жолдардың жоғары үлесін қамтамасыз етуді тапсырды.


Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр Солтүстік Қазақстан облысы басшылығының алдына барынша тиімді шешуді қажет ететін ауқымды және жауапты міндеттер қойылғанын атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04