Цифрлық технологиялар арқылы біз азаматтардың күнделікті өмірін барынша жеңілдетуге және барлығына тең мүмкіндіктерге қол жеткізуге ниеттіміз. Ол үшін мемлекеттік басқаруды цифрландырудың сапалы жаңа форматына көшу керек.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
2024 жылы елімізде цифрлық трансформацияның нормативтік және әдіснамалық негіздері әзірленді, сараптамалық база қалыптастырылды және түрлі салаларда ауқымды реформалар іске қосылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.
Өткен жылдың басты жетістігі – мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейі артты. БҰҰ деректеріне сәйкес, Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша топ-10 елдің қатарына кіріп, цифрландыру деңгейі бойынша 193 мемлекеттің ішінде 24-ші орынды иеленді.
Бүгінгі таңда халықтың 93%-тен астамы eGov порталы арқылы электрондық қызметтерге қол жеткізе алады. Мемлекеттік қызметтердің 90,8%-ы смартфондар арқылы қолжетімді. Биометриялық сәйкестендіру мен QR-қолтаңбаларды енгізу электрондық қызметтерді алу процесін жеңілдетті – бір жыл ішінде қазақстандықтар QR-кодтар арқылы 23 миллионнан астам құжатқа қол қойған екен.
Онлайн-қызметтің бір мысалы – Алматы Кітапханаларының цифрландыру саласындағы жетістігі. Мегаполистің кітапханалар желісінде көзі нашар көретін және зағип жандардың кітап оқып, ғаламтордан қажетті ақпарат алуына мүмкіндік беретін техника орналастырылған. Брайль дисплейі – нүктелі-бедерлі қаріппен көзі көрмейтін адамға саусағымен түртіп оқуға мүмкіндік беріп тұратын құрал. Брайль принтерінің маңызы өте зор. Неге десеңіз, кез келген мәліметті брайль қарпімен кез келген тілде шығарып алуға болады.
Цифрландырудың тағы бір көрінісі – қаладағы автономды кітапханалар. Оқырмандарға кітапханалық қызметтерді пайдалану жүйесін жеңілдету мақсатында қоғамдық орындарда 20-дан аса автономды кітапхана орнатылған. Бұл – оқырманның өз-өзіне қызмет көрсетуі деген сөз. Жаңа құрылғы кітапханаға бармай-ақ кітап алуға және оны қайтаруға мүмкіндік береді. Жаңа автономды мобильді кітапханада 300 кітап қоры бар. Кез келген оқырман билеті бар қала тұрғыны келіп, кітап алуына мүмкіндігі бар. Кітап екі аптаға беріледі. Дәл осындай 24 құрылғы қаланың қоғамдық орындарында, яғни көпшілік көп жүретін жерде және сауда орындары мен метро стансаларында орнатылған.
Цифрлық трансформация мемлекеттік қызметтерді неғұрлым қолайлы, қолжетімді және тиімді етуге бағытталған. Қазақстандықтар үшін нақты пайдасын көрсеткен, азаматтардың өмірін жақсартқан цифрлық шешімдер мыналар:
• Сандық әскери билет қағаз құжаттарын толығымен ауыстырды.
• Балабақшаларға онлайн тіркелу ваучерлік қаржыландыру жүйесінің арқасында процесті ашық етті.
• «Еуропалық хаттаманы» енгізу сақтандыру төлемдерін алу мерзімін 40 күннен 5 күнге дейін қысқартып, полицияның қатысуынсыз ЖКА ресімдеуге мүмкіндік берді.
• Атқарушылық іс жүргізуді автоматтандыру азаматтарға қаржылық жүктемені азайта отырып, жеке сот орындаушыларының қатысуын болдырмады.
• Цифрландыру балабақшаларға, мектептерге, жоғары оқу орындары мен жатақханаларға түсуді жеңілдетті, сондай-ақ денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және тіркеу қызметтеріндегі процестерді оңтайландырды.
2025 жылы 44 мемлекеттік қызметтің мерзімін қысқарту, 20 мемлекеттік қызметті проактивті форматқа ауыстыру, сондай-ақ 35 мемлекеттік қызметті трансформациялау жоспарланған.
Цифрлық трансформацияның нәтижелері бүгінде миллиондаған қазақстандықтар үшін айқын. Әрбір жоба мемлекеттік қызметтердің ыңғайлылығын, ашықтығын және қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Цифрландыру деңгейін арттыру білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті жақсартады, оларды ыңғайлы және әділ етеді. Қазір көптеген мемлекеттік қызмет онлайн-форматта, кезексіз және қосымша бюрократиялық рәсімдерсіз қолжетімді.