Цифрлық аутизм - ХХI ғасыр дерті

Цифрлық аутизм - ХХI ғасыр дерті Сурет: Pixabay

Бүгінде цифрлық технологиялар адам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды. Бірақ, оның көлеңкелі тұстары да жоқ емес. Соның бірі – «цифрлық аутизм» деп аталып жүрген құбылыс. Ғылыми қауымдастық әлі мойындай қоймағанымен, психологтар бұл құбылыстың балалар арасында кең тарала бастағанын айтып, дабыл қағып келеді.

Цифрлық аутизмінің кодталуы әлі тіркелмегендіктен, сәйкесінше ресми диагнозы да жоқ. Ал аутизм бойынша қазір есепте тұрған балалар саны шамамен 13 мыңға жеткен. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 9 мыңнан сәл асатын. Айта кетерлігі, бұл статистикада 5 жасқа дейінгі балалар ғана қамтылған. Бұл — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректері. Мұндай науқастарға көмек көрсету үшін әр өңірде 20 психикалық денсаулық орталығы, емханалар жанындағы 78 бастапқы орталық және аудандарда 206 арнайы кабинет жұмыс істейді. Психикалық денсаулық орталығының мәліметінше, елде ересек, яғни кәмелет жасына толған аутистер саны небәрі 247 адам. Алайда аурулар тізімінде «ересек аутизмі» деген ұғым мүлде жоқ.

Цифрлық аутизм дегеніміз не?

«Virtual autism» терминін алғаш 2013 жылы румын психологы Мариус Теадор Замфир қолданысқа енгізген. Ол ұзақ жылдар бойы аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс істеген. Замфирдің айтуынша, баланың гаджетпен шектен тыс уақыт өткізуі оның психикасына кері әсер етіп, аутизмге ұқсас белгілер туындатады.

Кейін бұл пікірді Франция, Жапония, АҚШ, Тайланд, Тунис дәрігерлері де қолдап, тәулігіне 4 сағаттан артық экран алдында отырған баланың бойында ауытқулар байқалатынын жеткізген. Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірге мұндай дертті ресми түрде мойындаған жоқ.

 

Цифрлық аутизмнің белгілері қандай?

Цифрлық аутизмнің белгілері шынайы аутизммен ұқсас келеді:

         •        Бала ата-анамен тактильді байланысқа түспейді;

         •        Сөйлеуі кешеуілдейді;

         •        Қарым-қатынасқа құлықсыз;

         •        Қоршаған ортамен байланыс орнатпайды;

         •        Қимыл-қозғалысы оғаш болады.

 

Психолог не дейді?

Тұран университеті Психология жоғары мектебінің сениор-лекторы, әрі «Арша» балаларды дамыту орталығының маманы Гүлнұр Тілеубайқызы соңғы жылдары цифрлық аутизмге шалдыққан балалар саны артқанын айтады. Оның пікірінше, бұл – қолдан жасалған, бірақ алдын алуға болатын құбылыс.

«Бала туа біткен классикалық аутизммен емес, қалыпты дүниеге келіп, кейін ата-анасының гаджетке байлап қоюының салдарынан цифрлық аутизм белгілерін көрсетеді», – дейді маман.

 

Классикалық пен цифрлық аутизмнің айырмашылығы неде?

         •        Классикалық аутизм – туа бітті, генетикалық немесе ананың жүктілік кезіндегі денсаулығына байланысты пайда болатын ауру.

         •        Цифрлық аутизм – кейіннен пайда болатын құбылыс. Яғни, баланың өмірінің алғашқы 1-3 жасында гаджетке ұзақ үңілуі нәтижесінде туындайды.

 

Басты себеп – ата-ананың бейқамдығы

Баланың өміріндегі ең сезімтал кезең – 1 мен 3 жас аралығы. Бұл кезде ата-ананың зейіні, махаббаты, тікелей қарым-қатынасы – баланың болашақ психологиялық және когнитивті дамуына тікелей әсер етеді.

Бүгінде ата-аналардың басым бөлігі бала тыныш отырса болды деген желеумен оның қолына гаджет ұстатып, YouTube-тағы түрлі жарқын мультфильмдерді қосып береді. Бірақ бұл қателік кейін үлкен мәселелерге алып келеді.

 

Цифрлық аутизмнің түрлері

Гүлнұр Ысқақтың айтуынша, цифрлық аутизмге шалдыққан балалар:

         •        Қарым-қатынасқа түсе алмайды;

         •        Эмоцияны көрсетпейді немесе түсінбейді;

         •        Агрессияға бейім болады;

         •        Бірге ойнауға, ортаға бейімделуге қиналады.

 

Цифрлық аутизмнен айығу мүмкін бе?

Классикалық аутизмнің толық емі жоқ, тек бейімдеуге болады. Ал цифрлық аутизм – қайтымды құбылыс. Бастысы – уақытында анықтап, үздіксіз жұмыс жасау.

«Сау туған бала телефонға байланған соң, агрессияға бейімделіп, сөйлемей қалады. Бірақ мұндай жағдайлар дер кезінде түзетілсе, оң нәтиже береді», – дейді психолог.

 

Баланың тағдыры – ата-ананың қолында

Цифрлық аутизм – алдын алуға болатын мәселе. Мұның басты жауапкершілігі ата-анада. Балаға жай ғана телефон ұстата салу – уақыт үнемдеу емес, болашақтағы күрделі мәселелердің бастауы болуы мүмкін.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде». Баланың дамуына, әсіресе алғашқы үш жылында, ерекше көңіл бөліңіз. Телефон емес, махаббат пен назар – баланың басты қажеттілігі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:54

15:11

14:11

14:03

12:47

12:30

12:09

11:50

11:20

11:13

11:07

10:53

10:49

10:42

10:28

18:53

18:39

17:50

17:36

17:32

17:22

17:14

17:07

17:02

17:00