Кейінгі жылдары Дубай бағыты қазақстандық туристер үшін ел ішіндегі қалалардың біріне барып-келетін бағыттардың біріндей болып кетіп еді. Қазір Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты бұл бағытқа сапар мүмкін емес.
Дегенмен, жылына бір рет шетелге шығуды әдетке айналдырған туристерге әлемдегі тұрақсыз жағдай тосқауыл емес. Сауд Арабиясы мен БАӘ бару бұйырмаса, балама елдерге сапарларын ауыстырып жатыр. Туроператорлардың басым бөлігі қауіпсіз бағыт ретінде Қытай, Вьетнам, Таиланд, Индонезия мен Мальдив аралдарын ұсынады.
Сұранысқа ие бағыттар
Қазір туристік агенттіктерден бөлек, жекелеген адамдар да осы саладан нәпәқасын тауып жүр. Сондай жандардың бірі - Жадыра Боранбаева. Тур жетекшісі қазір Таяу Шығыс елдеріне жол жабылғанмен, басқа бағыттарға сұраныс арта түскенін айтады. Айтуынша, осы жақын аралықта Дубайға баруға ниетті адамдар жоқ екен. Әскери қақтығысқа дейін сапарға шыққандар аман-есен саяхаттап, елге оралып үлгерген. Қазір саяхаттаушылар арасында келесі бағыттарға сұраныс арта түскен.
Түркия - дәстүрлі бағыт. Наурызда туристер Стамбул мен Каппадокияны көруге барады. Қазір суға түсіп, шомылатын маусым болмаса да, бұл ел тарихи және мәдени экскурсиялар үшін қолайлы.
Таиланд - жылы теңізі мен экзотикалық демалыс үшін танымал. Алматыдан Бангкокқа ұшу - 6,5 сағат, Пхукетке 7–7,5 сағатқа созылады. Бір аптаға арналған тур (ұшу + таңғы ас қосылған 4 жұлдызды қонақүй) шамамен 1 млн теңге. Әдетте бұл бағытты баласы жоқ отбасылар мен жастар таңдайды.
Вьетнам - сұраныс артып келе жатқан бағыттардың бірі. Ең танымал курорттар – Нячанг және Фукуок. Қонақүйлерде All Inclusive форматы дамыған, жағажайлары әдемі, экскурсиялық бағдарламалары қызықты. Бір апталық тур бағасы 2 адамға 4 жұлдызды қонақүйде 1,2 млн теңгеден, 5 жұлдызды қонақүйде 1,5 млн теңгеден басталады. Сондай-ақ, Хайнань аралына бір апталық тур – 1 млн теңге.
Ескерте кететін бір жайт, тур ұйымдастырушының айтуынша,қазір Мысырға тікелей ұшу қауіпті. Сондықтан саяхаттаушылар Мысырға Таяу Шығыс аймағын (Израиль, Ливан, Сирия) айналып ұшу арқылы барып жатқан көрінеді. Ол үшін Ресейдің Сочи және Мәскеу қалаларынан Хургада немесе Шарм-эль-Шейх қалаларына тікелей рейстер бар. Бұл рейстер Қара теңіз бен Түркия аумағының үстінен өтеді.
Сонымен қатар, Стамбул арқылы ұшақ ауыстырып ұшуға немесе Еуропа қалаларынан шығыс Жерорта теңізі бағытын айналып өтетін рейстермен жетуге де болады.
Форс-мажор және ақшаны қайтару
Егер мемлекеттік органдар ресми түрде ұшуға тыйым салса, бұл форс-мажорлық жағдай деп есептеледі. Туристік қызмет заңына сәйкес, туроператор турды айыппұлсыз тоқтатуы керек, ал клиент қаражатты толық қайтарып ала алады.
Туроператорлар алдын ала төленген қаражатты өз резерві есебінен барынша аз шығынмен шешуге тырысады. Егер клиент балама ұсынысты қабылдамаса, ақша 100% қайтарылады.
Бұл жерде ескерте кететін жайт, форс-мажор тек ресми тыйым салынған мерзімдерге қатысты. Мысалы, 1–15 наурыз аралығында тыйым енгізілсе, сол күндерге тур тоқтатылады. Ал алдағы айларға жоспарланған сапарларда стандартты шарттар сақталады, клиент өз еркімен турдан бас тартса, алдын ала төленген ақшаның бір бөлігінен айырылуы мүмкін.
Умра сапары және қажылық туризмі
Таяу шығыстағы қақтығыс қасиетті Рамазанмен тұспа-тұс келді. Биыл қажылық туризмі шамамен үш есеге артты. Ұшу слоттары жойылды немесе кейінге шегерілді, бірақ туроператорлар клиенттерді сапар күнін кейінге қалдыруға көндіріп отыр. Көпшілік қажылық жасау ниетін сақтап отыр, тек мерзімдері өзгерген.
Қазақстан азаматтарын эвакуациялау (СІМ пікірі)
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдеріндегі Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін эвакуациялық шараларды жүзеге асыруда. Күні кеше ведомствоның таратқан ақпаратына сай:
Эвакуация басталғалы бері 8 585 қазақстандық елге қайтарылды.
Алдағы күндері эвакуация жоспарланған: Израиль – 78 адам, Катар – 350, БАӘ – 550, Сауд Арабиясы – 300 адам. Бұл сандар өзгеруі де мүмкін.
Әуе рейстерінен бөлек, азаматтар жерүсті жолдары арқылы да елге жеткізілуде (мысалы, Иран арқылы 66 адам).
Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері эвакуацияны үйлестіруде және азаматтармен тұрақты байланыста.
Министрлік азаматтардан ресми хабарламаларды үнемі қадағалап отыруды, қауіпті аудандарға бармауды және қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды. Азаматтардың қауіпсіз елге оралуы – мемлекет үшін басымдық болып қала береді.
Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдар толық тоқтағанға дейін Сыртқы істер министрлігі ел тұрғындарына келесі елдерге барудан бас тартуды ұсынады:
Бахрейн, Мысыр, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Катар, Сауд Арабиясы, Кувейт, Ливан, БАӘ, Оман, Сирия.
Сонымен қатар, ҚР СІМ осы елдерде жүрген азаматтарды жеке қауіпсіздігін күшейтуге, қауіпті аудандарға бармауға, жергілікті билік органдарының нұсқауларын орындауға, соның ішінде зымырандар қаупі туындаған жағдайда дереу паналау орнына баруға кеңес береді. Одан бөлек Қазақстан елшілігімен, туроператорларымен тұрақты байланысты болуға шақырады.
«Ұсынымдарға қарамастан жекелеген азаматтар сол аймаққа баруға әрекеттенуде. Осыған байланысты азаматтарды жағдай толық тұрақталғанға дейін мұндай сапарлардан бас тартуға шақырамыз», – дейді СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев
Еске сала кетейік, Air Astana әуе компаниясы Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты, Дубайға ұшатын рейстер тоқтатылғанын мәлімдеген еді.
Әспет ДУЛАТБЕКОВА