Бақылаушылар таңғы сағат 07:00-ден бастап елордада және ел қалаларында сайлау учаскелерінің ашылуына қатысты.
Сайлау учаскілерінің ашылуында ТМД Парламентаралық Ассамблеясының бақылаушысы Олег Цепкин қатысты.
Ол әріптестердің пікірлері мен өз тәжірибесін ескере отырып, дауыс беру орталықтарында заң бұзушылық фактілері тіркелмегенін атап өтті.
ТМД Парламентаралық Ассамблеясы бақылаушысының айтуынша, делегация Парламентте, сайлау комиссияларында кездесулер өткізіп, Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысқан көптеген мамандардың пікірін білген.
«Мемлекет жыл басында болған оқиғалардың қайталануына жол бермеуді өзіне міндеті етіп қойды. Бұл туралы Президент сұхбатында да айтты. Қазақстан басшылығының мұндай оқиғаларға жедел жауап беріп, Конституцияға тез өзгерістер дайындағаны жақсы және дұрыс шешім болды деп айтуға болады», — деді Олег Цепкин.
Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев делегация күннің бірінші жартысында 10 — нан астам учаскеге, оның ішінде алтауы – Нұр-Сұлтанда, бесеуі – Ақмола облысында болғанын хабарлады.
«Біз адамдар жоғары белсенділікпен дауыс беруге келгенін көрдік, олардың көпшілігі — жастар. Бұл, жастардың елдің болашағына немқұрайлы қарамайтынын көрсетеді. Біздің бақылаушыларымыз түрлі ұйымдардың құрамында тек Нұр-сұлтанға ғана емес, еліміздің басқа да өңірлеріне қатысады. Біз әрқашан Қазақстандағы сайлауға байланысты барлық іс-шараларға қатысамыз. Бұл екі елдің қарым-қатынасын тек жақсартады», — деді Зайниддин Низамходжаев.
Түркияның жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Аққайя Мұхаремнің айтуынша, олар бастапқыда Түркістанға келіп, референдумға дайындық барысын зерттеп, кейін 5 маусым күні Қазақстан астанасында болған. Оның айтуынша, ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Сондай-ақ, бақылаушы бірнеше сайлау учаскелеріне барып, халықтың референдумға деген қызығушылығын өз көзімен көрген.
«Әрине, референдум жиі қолданылатын бастама емес, бірақ бұл демократияға әкелетін қадам. Бұл референдум Қазақстанның және бүкіл халықтың болашағы үшін өте маңызды. Мен алдыңғы сайлауға да қатысқамын. Осы жолы ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктері шебер пайдаланылғанын айтқым келеді. Бұл өте жақсы тәжірибе», — деп қосты Аққайя Мұхарем.