Олар тіпті жұмыс киімін де ауыстырып үлгермеген, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы мәслихаты депутаттарының сайлауы күні «Алматы Тазалық» пен «Асфальтобетон 1» ЖШС қызметкерлері жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, дауыс беруге уақыт тапты.
Таңнан бері қала көшелерінің тазалығын қамтамасыз етіп жүрген «Алматы Тазалық» мамандары жұмыс арасындағы үзілісте сайлау учаскелеріне барды.

Ал Жетісу ауданында орналасқан асфальт-бетон зауытының жұмысшылары учаскеге өндіріс орнынан тікелей келді. Олар тіпті жұмыс киімін де ауыстырып үлгермеген.

«Біз кез келген ауа райында жұмыс істеуге үйренгенбіз. Әркімнің өз міндеті, кестесі бар. Бүгін де жұмыс күні. Соған қарамастан, дауыс беруге уақыт таптық. Жұмыстан бірден келгендіктен, киім ауыстыруға да үлгермедік», – деді зауыт қызметкерлерінің бірі.

Еске салайық, бүгін Алматыда қалалық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Қалада 670 сайлау учаскесі ашылған. Оның 41-інде Алматыда тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға бір күндік тіркеу қызметі көрсетіледі.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
