31 мамыр – Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран қазақты қандай халге жеткізді? Алапат аштық қынадай қырмағанда, бүгінде 80 млн қазақ жер басып жүрер ме еді... Біз бұл мақалада ұлт тарихындағы ең үлкен нәубеттің бірі – ашаршылық ақиқатын сөз етпекпіз.
Тәуелсіздік таңы атып, ел болып еңсесін тіктегенге дейінгі кезеңде түрлі қайғы-қасірет пен нәубетті басынан өткерген қазақтай халық жер бетінде некен-саяқ. Соның ішінде, әсіресе, сан миллиондаған адамның өмірін жалмаған алапат аштық – қазақ халқының XX ғасырдағы ең үлкен трагедиясы болды. Содан бері қаншама таң атып, күн батты. Бірақ шерлі шежіре ұмытылған жоқ. Әсіресе, нәубеттің шет жағасын көргендер оны ойлағанда күні бүгін де аза бойы қаза болады. Ашаршылық кезінде жоғарғы жаққа берілген бір есепте: «Жылқының қиынан сұлы жинау, өлген малдың терісін жеп қою оқиғалары жиі кездеседі. Соңғы кездері тіпті адам етін жегендер туралы сөз таралып кетті. Аудандық атқару комитетінің мәліметі бойынша, екі тұтқын әйелді алып келгенде, шелектерінде пісірілген адам еті бар болып шықты. Тергеп-тексеру барысында бұл адамдардың ұдайы молаларды аршып, мүрделерді қорек ететіні белгілі болған...» деген мәселе айтылғаны бар. Мұндай жан түршіктірерлік жағдайлардың біз әлі естімеген, білмеген дерегі қаншама!..
1897 жылы жүргізілген халық санағы бойынша қырғыздар – 200 мың, түркімендер – 280 мың, тәжіктер – 350 мың, өзбектердің саны сарттармен қоса есептегенде 1 650 мың болған. Ал сол кездегі қазақтардың саны 4 млн 84 мың деп көрсетілген. Яғни бүкіл Орта Азия халықтарының 50 пайызына жуығы қазақтар болған. Алайда ашаршылық қазақ халқының табиғи өсіміне үлкен нұқсан келтірді.
Көрнекті жазушы Смағұл Елубаев: «ашаршылық болмаған елдердің табиғи өсімі қанша болды, яғни олар кейінгі 120 жылда қанша есе көбейді дегенге келсек, қырғыздар 22 есе, өзбектер 20 есе, қазақтар 4 есе ғана көбейген болып шығады. Егер де үш ашаршылық, азамат соғысы, 37 жылғы репрессия болмаса, қазақ қанша болар еді? 1897 жылғы 4 млн 84 мыңды 20 есеге көбейтіңіз. Демек, 80 млн қазақ бүгінде жер басып жүрген болар еді, – дейді. Бұл – әлі ешбір ғалым, ешбір тарихшы жарияламаған мәлімет.
1930 жылы ауылда тұратын қазақтар саны 5 млн 873 мың деп көрсетілсе, қалада 732 мың қазақ тұратыны анықталған. Қазақ даласын жаппай аштық жайлаған 1932 жылы ауыл халқының саны 2 млн 493 мыңға дейін кеміп кеткен. Ашаршылық салдарынан, бар болғаны 10-15 жылдың ішінде халық екі есе азайды. Қазақтар тек 1970 жылы ғана 1926 жылғы деңгейдегі халық санына жетті.
– Ақтар да қырды қазақтарды, қызылдар да қырды. Өйткені оларға мал керек болды, содан кейін жергілікті халықты тонап жіберді. Соның салдарынан 18-19 жылдары ашаршылық болды қазақ даласында. Бұл бірінші ашаршылық болатын. Бірінші ашаршылықтың салдары туралы Тұрар Рысқұлов Советтердің Төтенше съезінде, 1919 жылы: «2 млн-дай адам қазақтардан ашаршылыққа ұшырады, соның ішінде қырылғандары – 1 млн 214 мың адам» деп мәлімдеді. 1921–1922 жылдары тағы да ашаршылық болды. Содан кейінгі ашаршылықтың ең үлкені, ең сұмдығы – 1931, 1932, 1933 жылдары болды. Бұл тап-таза Голощекин мен Сталинің ұйымдастырған ашаршылығы болды, – дейді Смағұл Елубаев.
Ұрда-жық сипаттағы ұжымдастыру саясаты Қазақстандағы адам айтқысыз нәубетке апарып соқтырды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұранын ту еткен науқан «Кіші Октябрь» деп аталды. Оның негізгі дем берушісі – Голощекин болды. Большевиктер қазақтың мал бағуының өзін «надандық», «топастық» деп санады. Қазақ халқын асырап келген мал шаруашылығы екенін түсінгісі келмеді.
Бұл ретте тарихшы ғалым Талас Омарбеков бір сұхбатында: «Қазақты «халық» деп менсінген жоқ, «Кеңестер Одағында 122 ұлт бар» деп өздері ресми мәлімет береді. Сол 122 ұлттың ішінде қазақ сауатсыз, малдың соңында жүрген, надан... ең бір сорлы ұлтқа жатқызылды. Осындай жағдайда, қазаққа Кремльде отырған, Сталин бастаған үлкен басшылық «Кеңестер Одағын асыраушы халық ретінде қарады. Сондықтан да Қазақстанға «Ленинград-мясо» деп аталатын акционерлік қоғамның мүшелері келіп, ет алып кетумен айналысты, олар тіпті Қазақстаннан шықпай қойды. Одан кейін «Союз-мясо» деген жұмыс істеді. Олардың бәрі Голощекинге бағынбайды, Қазақстанды басқарып отырған. Голощекинді олар қайта қорқытты жиналыстарында: «Сені орныңнан алдырамыз, партиядан шығартамыз. Ет дайындау жоспарын неге орындамайсың, Ленинград, Москва, индустриалдық қалалар, Қызыл Армия ет күтіп жатыр» деп... Дәстүрлі мал шаруашылығын күйретіп, барлық етті орталыққа алып кеткеннен кейін қазақ аштан қырылмағанда қайтеді?!» – дегені бар.
Ет дайындау науқаны индустрияландыру кезінде басталды. Ол кезде Ресейдің ірі қалалары мен Қызыл армияның негізгі бөлігін етпен Қазақстан қамтамасыз етті. Жұмысты барынша тездету үшін Голощекин әрбір теміржол станцияларының жанынан үлкен алаңдар ашты. Малды сол жерге айдап келіп сойып, бірден вагондарға тиеп, үздіксіз жөнелтіп жатты. Кейіннен Ленинградтағы, Мәскеудегі ет комбинаттарына мал топ-тобымен тірідей де әкетілетін болды.
Талас Омарбековтің жазбасына сүйенсек, 1931-33 жылдары ет дайындау мақсатында Қазақстаннан 15 млн бас малды алып кеткен. Ал 15 млн дегеніңіз – тұтас бір мемлекеттің мал шаруашылығы.
Нәубет тұсында халыққа мүйіз салығы, сүйек салығы салынды. Қазақтар жапан далада шашылып жатқан сүйектерді, аң терілерін, сондай-ақ мүйіз жинап өткізді. Тышқанның терісін өткізу үшін тышқан аулады. Мал қырылса, сүйегін, мүйізін, терісін түгел орталыққа жөнелтті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау науқаны ел аштан қырылып жатса да тоқтамады. Мемлекет мүлкін сақтау туралы 1932 жылғы заңға сәйкес, бір уыс бидай үшін ату жазасы мен 10 жылға түрмеге қамау ұйғарылды. КСРО Халық комиссарлар кеңесі мен Орталық атқару комитетінің 1932 жылғы қаулысы бойынша мемлекет, кооператив, ұжымшар мүлкін ұрлаған адам жасаған қылмысының ауыр-жеңіліне қарамай атылды.
– Негізінен, қазақ халқы қырылды. Әрине, бұл жағдай ішінара басқа ұлт өкілдерін де шарпыды. Бірақ негізгі ауыртпалық қазақ халқының мойнында болды, – дейді ҚР Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары Мәрзия Жылысбаева.
Қазақстанның Алматы, Шымкент, Семей, Әулиеата, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай сияқты ірі қалаларының көшелері аштан өлгендерден аяқ алып жүргісіз жағдайға жетті. Мәйіттерді жинау үшін арнайы жасақтар құрылды. Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов бұл жұмысқа тіпті қаршадай қыздардың да тартылғанын белгілі ақын Мәриям Хакімжановадан естігенін айтады. Нәубет тұсында мәйіт жинаған өрімдей қыздардың арасында сол кезде Алматы педучилищесінде сабақ берген Мәриям апай да болған екен. Айтуынша, Гоголь көшесінің бойындағы жатақханадағы қыздарды ерте оятып, таң қараңғысында, қала халқы оянғанша көшеде жатқан өліктерді арбаға тиетіп, қаланың сыртындағы сай бойына апарып тастап отырған. Мәриям апайдың: «Тастай қараңғыда шықсақ, қарда өліп жатқан қарайған адамдарды көреміз. Еңіреп жылап жүріп, басымызды көтермей, қолынан, аяғынан ұстап, серейіп жатқан адамдарды арбаға тиейтінбіз», – деген сөзін сыр ғып айтқан-ды абыз жазушы бір әңгімесінде.
Кезінде Ресейден жер аударылған әкесімен бірге Алматыға келіп, тұрақтап қалған дәрігер Татьяна Невадовскаяның «Қазақстан трагедиясы» атты өлеңінің қолжазбасы ҚР Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы. Ол көз алдында жантәсілім еткен адамдардың аянышты халін:
«Қазағым аш, аш иттей боп ұлыған,
Ісіп-кепкен, тым қайғылы, қиын хал.
Өліп жатыр бұратылып аштықтан,
Күйінемін, менің тәуір күйім бар», – деп сипаттаған екен...
Елдегі өзегі талған жұрттың көмек сұрап жазған хаттарына Голощекин мен оның серіктері селт еткен жоқ. Жүсіпбек Аймауытов бастаған қазақ зиялылары жылу жинап, аш-жалаңаш жұртқа көмектесуге тырысты. Большевиктер бұл кезде де жалған жаламен Алаш қайраткерлері үстінен іс қозғауды тоқтатпады. Елдегі жағдайдан Орталықтағы баспасөз арқылы хабардар болған Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» бетінде ұдайы мақалалар жариялап, большевиктердің қазаққа қырғидай тиген солақай саясатын әшкерелеумен болды. Ал сол кезде Совнарком төрағасының орынбасары қызметін атқарған Тұрар Рысқұлов қазақтың ауыр халін айтып, Сталинге тікелей хат жазды.
СТАЛИНГЕ ХАТ
... Аштық пен індеттің салдарынан бірқатар қазақ аудандарында және қонысынан ауғандар арасында адамдардың қырылып жатқаны сонша, бұл мәселе орталық органдардың шұғыл араласуын қажет етіп отыр. Қазақстанда қазақ халқының белгілі бір бөлігі душар болған мұндай мүшкіл жағдай өзге өлкелердің не өзге республикалардың ешқайсысында жоқ.
... Қазақстанның өкілдері Мәскеуге келіп жүріп, орталық советтік органдардың алдында бірде-бір рет Қазақстанда болып жатқан жағдай туралы ресми мәселе қоймаған. Бұл аздай-ақ олар қоныс аударудың себептерін басқаша түсіндіруге тырысып бағады...
... Бұл мәселенің маңызы зор болғандықтан, сіздің осы хатпен танысып, аталмыш жайға араласуыңызды, сөйтіп, ажалына аштық жеткелі тұрған көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесуіңізді өтінемін.
Тұрар Рысқұлов
Аштық пен үсті-үстіне салынған салық ауыртпалығы халықты ашындырып, наразылық жаппай көтеріліске ұласты. 1929-31 жылдары Қазақстанда 372 көтеріліс болып, оған 80 мыңға жуық адам қатысты. Әсіресе Созақ, Шемонаиха, Бұқтырма, Ырғыз, Қазалы, Қармақшы, Абыралы, Бүйін-Ақсу, Шыңғыстау, Қастек, Балқаш, Шұбартау, Маңғыстау және басқа да бірқатар аудандардағы қозғалыстар ерекше болды және аяусыздықпен басып-жанышталды. Тарыққан, торыққан жұрт жан сауғалап, көршілес мемлекеттерге босып кетті.
... Қалай болғанда да, тарих бәрін өз орнына қойып берді. Дәурені өткен озбыр жүйе келмеске кетті. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ ел болып еңсесін тіктеді. Алайда тарихтың ащы сабағынан тағылым алу үшін шерлі шежіренің ұрпақ жадында болғаны абзал.