Таңғы уақытқа қарамастан, алаңға қатысушылар көп жиналды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
№5 мектеп-гимназиясында орналасқан №138 сайлау учаскесіндегі таң спорттық көңіл күймен басталды. Мұнда тұрғындар үшін әуенмен таңғы жаттығу ұйымдастырылып, мектеп жәрмеңкесі мен оқушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі өтті.
Таңғы уақытқа қарамастан, алаңға қатысушылар көп жиналды. Әртүрлі жастағы тұрғындар спорттық жаттығуға қатысып, кейін оқушылардың шығармашылық жұмысымен танысты және кеңсе тауарлары ұсынылған жәрмеңкені аралады.
№138 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Зәуреш Әтенованың айтуынша, мерекелік бағдарлама күні бойы жалғасады.
«Күні бойы волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, асық ату және арқан тартудан спорттық жарыс өтеді. Сондай-ақ музыкалық бағдарлама мен тұрғындардың шығармашылық өнер көрсетуі жоспарланған»,– деді Зәуреш Әтенова.
Бұл учаскеде екі мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 32 жас азамат алғаш рет дауыс береді.
«Жас сайлаушылар үшін естелік сыйлық дайындадық», – деді комиссия төрағасы.
Дауыс берумен қатар тұрғындар үшін спортты, шығармашылықты және қоғамдық белсенділікті ұштастырған мазмұнды бағдарлама әзірленген.