ffin.kz

Семей ядролық сынақ полигоны: аңыз және ақиқат

Семей ядролық сынақ полигоны: аңыз және ақиқат Сурет: Noks.kz

Бейбітшілік пен мейірімділік миссиясы


Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының отыз жылдығымен тұспа-тұс келді. Бұл күн адамзаттың жаңа тарихына еніп, әлемнің көптеген елдері азаматтарының санасын дүр сілкіндірді. 1991 жылғы 29 тамызда сол кездегі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» 409 нөмірлі Жарлыққа қол қойды. 1945 жылы әлемдегі алғашқы ядролық жарылыстан кейін 46 жыл өткен соң ғана талай адамның ажалына себепкер болған полигон мәңгілікке жабылды. Бұл – КСРО-ның әскери-өнеркәсіптік кешеніне ғана емес, сонымен бірге АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Қытай кірген ядролық клубтың басқа мүшелеріне қарсылық еді. Қазығын жаңа қаққан, әлемге таныла қоймаған жас мемлекет үшін бұл батыл қадам болды.


Тарих көшінде


1949 жылы Семей полигонындағы алғашқы жарылыс құпия түрде өтті. Кейін жылына 20-ға дейін жарылыстар іске қосылды. Жалпы алғанда, 1945 жылы 6 тамызда американдық әскерилер тастаған Хиросима бомбасынан 2,5 мың есе көп заряд жарылды.


Бірте-бірте халық Семей полигонында ядролық жарылыстар жүріп жатқанын, салдарынан адамдар ауырып, қаза тауып жатқанын білді. Біздің ұлы ғалым, Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев Бахия Атчабаров бастаған мамандары бар экспедицияны жабдықтады. Олар 1957 жылдан 1961 жылға дейін жергілікті жерлерде зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде 12 том көлемінде жұмыс қорытындылары сақталды, бірақ аталмыш мәліметтер белгілі себептермен құпия болып келді. 1961 жылы оны ешкім жарияламас та еді. Тіпті, КСРО Ғылым академиясына бір топ ғалым осы материалдармен жүгінген кезде, оларды зерттеп: «Жоқ, мұның бәрі өтірік. Онда ешқандай зиянды әсері болған жоқ және болуы да мүмкін емес» деп жауап берген. 40 жыл өткеннен кейін Семей облысында әртүрлі уақытта өмірден кеткен адамдардың ауру тарихын зерттей отырып, статистер лейкемия немесе радиациямен байланысты аурудың бірде-бір жағдайын таппады. Көбінесе адамдар туберкулезден, дизентерия сияқты тривиальды аурулардан кетті деп жазылған. Сонымен бірге планетамызда 16 жыл бойы жер мен атмосферада ашық сынақтар жүргізілді.


1962 жылы Никита Хрущев Жаңа жердегі супербомбаны сынақтан өткізді. Әрине, бұл әлемдік қауымдастықты дүр сілкіндірді, содан кейін ғана Атчабаров экспедициясының материалдарына қызығушылық оянып, материалдар зерттелді және бұрынғыдай атом бомбаларын ауада, суда, жер бетінде сынаудың қажеті жоқ, бірақ енді жер астына кетуіміз керек деген қорытындыға келді. Жүз метрлік баған бұрғыланғаннан кейін заряд түбіне қойылып, үсті бәрі бетонмен құйылады. Бетон қатқаннан кейін, оны жаруға болады. Мұндай сынақ түрі халық үшін қауіпсіз деп түсіндірілді. Бірақ жұртшылықты тағы алдады.


Осылайша біз 1989 жылға дейін сеніп келдік. Ол кезде адамдар жаңаша ойлай бастады. Сөз бостандығы тіпті әскери адамдарға да әсер етті. Жоғарғы Кеңестің депутаты қызметіндегі Олжас Сүлей­меновке бір адам қоңырау шалып: «Мен Шаған аэродромының ұшқышымын, Семей полигонынан алыс емес. Біз кімге қоңырау шаларымызды білмей, сіз жоғарыдағыларға жеткізе аласыз деген үмітпен өзіңізге хабарласуымның себебі: 12 ақпандағы сынақтар кезінде радиоактивті газдардың шығуы орын алды, ал бұлт бірнеше ондаған шақырым жерде біздің қаланың үстінен өтті. Мұнда біздің балаларымыз, отбасыларымыз өсіп-өніп жатыр, сондықтан біз мұндай бассыздыққа көне алмаймыз». Әскери қызметкер тағы бір сөзінде: «Радиоактивті газ жерасты сынақтары кезінде үнемі шығарылады, бірақ атомшылар сынақтар кезінде пайда болған бұлтты тұрғын ауылдарға, қалаларға тиіп кетпеуі үшін далаға қарай айдайды. Бірақ далада да адамдар, шопандар тұрады емес пе?!» – деді.


1963 жылдан кейін де қуатты радиоактивті шығарындылар жалғасын тапқан екен. 1989 жылы 28 ақпанда Жазушылар одағы ғимаратының жанында мыңдаған адам митингке жиналып, «Невада–Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Оның көшбасшысы болып Олжас Сүлейменов сайланды. Оған депутат ретінде 10 минуттық тікелей эфир беріліп, ол оны адамдарға шындықты айтып, антиядролық қозғалыстың құрылуы туралы хабарлау үшін пайдаланды. Нәтижесінде ХХ ғасыр тарихында алғаш рет Қазақстан халқы өз жерін, өз өмірін қорғауға көтерілді. Полигон маңындағы облыстардан екі миллионнан астам қазақстандық «Полигон жойылсын!» ұранына қосылды.


Аталған митингте Олжас Сүлейменовтің еліміздің барлық қоғамдық, шығармашылық, діни ұйымдарына, мүдделі Халықаралық ұйымдарға оқыған үндеуі қабылданды.


Үндеу мынандай сөздермен басталды: «Отандастар! Бізге бұдан былай үнсіз қалуға болмайды. 40 жылдан астам уақыт біздің жерде атом бомбасын жарып жатыр. Одан тек Семей облысының тұрғындары ғана емес, орталықта орналасқандықтан, күллі қазақ зардап шегуде. Жер шарында ешкім көп ұлтты Қазақстан сияқты радиациядан уланып жатқан жоқ. Бір онжылдықта орташа өмір сүру ұзақтығы төрт жылға қысқарды, ауру мен өлім туу деңгейінен екі есе жоғары көрсеткішке жетті. Халықтың жойылуының басты себептерінің бірі – радиация. Ол ұлтын да, жасын да, діни көзқарасын да ажыратпай, жолында тұрған бәрін қыруда. Біздің ақырзаманды қозғалыссыз күтуге құқығымыз жоқ!».


Өтініште мынадай талаптар қойылған: Қазақстандағы атом полигондарын жабу; әскери мақсаттар үшін ядролық материалдар өндіретін кәсіпорындарды жабу және олардың қуатын табиғат пен адамға келтірілген залалды жоюға қайта бағдарлау; атом өнеркәсібінің қалдықтарын көму пункттеріне қоғамның бақылауын белгілеу; «өлі» аумақтарды анықтау және оларды шаруашылық айналымнан шығару мақсатында экологиялық карта жасау, мұндай жерлерде олар қалпына келтірілгенге дейін нан өсіруге және мал бағуға тыйым салу; КСРО Денсаулық сақтау министрлігі халықты алдамауы керек, елдегі радиация құрбандарының санын ашық айтсын. Үндеуді митингке қатысушылар бірауыздан қабылдады".


Жүргізілген жұмыстар өз нәтижесін берді. Қазақстан мен бүкіл әлемдегі соғысқа қарсы қоғамдастық мақтанатын алғашқы жеңістердің бірі – 1989 жылы Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық жарылыстың 11-і тоқтатылды. Тек жетеуін орындау мүмкін болды, соңғысы сол жылдың 19 қазан күні болды. Бұл жетістік – Қазақстан халқының ерік-жігерінің нәтижесі. Осылайша қарағандылық 130 мың кенші митинг өткізіп, сынақтар жалғасқан жағдайда мерзімсіз ереуілді бастау туралы қарар қабылдады. Оларды Семей, Павлодар, Өскемен және Жезқазғанның жұмысшылары, сондай-ақ 1989 жылғы 14 қарашада Үкіметке және КСРО Халық депутаттарына үндеу жасаған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі қолдады, онда Қазақстанның қайғы-қасірет шеккен жеріндегі ядролық жарылыстарды дереу тоқтату туралы шұғыл өтініш айтылды. 1989 жылғы 20 қарашада еліміздің Жоғарғы Кеңесі қаулы қабылдады, оның шеңберінде Семей және Жаңа Жер полигондарындағы ядролық жарылыстар тоқтатылды. 1989 жылдың 19 қазанынан бастап Кеңес Одағы атом қаруын сынауды тоқтатты.


Біз қолданған демократияның қысқа сәтінен сең қозғалды және барлық 5 полигонды дәйекті түрде өшірді. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президентінің Жарлығымен Семей полигоны жабылғаннан кейін ядролық сынақтарға қарсы наразылықтарда Жаңа Жердегі (Ресей), Невададағы (АҚШ), Муруроа атолласындағы (Канада, Франция) және Лобнордағы (ҚХР) полигондар жабылды.


Ядролық полигондарды жабуда Қазақстан бастан кешкен моральдық және материалдық залалды қиыншылықтарға қарамастан, әлемге халықтың ізгі ниетін біріктіру мүмкіндігін көрсетті.


Қазақстан өз аумағындағы ядролық сынақ полигонын бірінші болып жапқандықтан, әлемде бірінші болып өзін өз еркімен «ядролық қарусыз мемлекет» деп жариялады. Содан кейін әлемнің ең биік мінберлерінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған және жариялаған басқа да бейбіт бастамалар болды.


Қазақстандықтар ядросыз әлем үшін күресте әрқашан алдыңғы қатарда болды. Олжас Сүлейменов 1984 жылы әлем жазушыларының София кездесуінде сөйлеген сөзінде бейнелі түрде былай деді: «Бірінші атомның жарылуы адамзаттың алдағы құлдырауының белгісі болды. Бұл бізге соңғы ядролық жарылыс Адамның ұлы нәсілінің моральдық құлдырауының соңы болуы мүмкін екенін ескертеді».


Күрес жалғасуда


Үш онжылдық ішінде бітімгершілік саласында үлкен тәжірибе жинақтап, антиядролық қозғалыстың ардагерлері, белсенділері мен еріктілері өздерінің алдағы қызметінің перспективаларын анықтады.


Жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, бүкіл әлемдегі қарусыздану процесі үшін күресті жандандыру және Жердегі барлық ядролық полигондардың жабылуына қол жеткізу және басқалардың пайда болуына жол бермеу басты мәселе болды. Жаппай қырып-жоятын қарудың барлық түріне толық тыйым салу, оларды адамзат өркениетінен шығару, мұның өзі көп жылғы ядролық сынақтардың зардабын көрген қазақ халқы үшін аса маңызды болып саналады.


Қозғалыс ядролық қаруы бар елдердің парламентарийлері арқылы ядросыз әлем құруға және жалпы қарусыздану бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық принциптерін растайтын жаңа серпін беруге дайын. Бұл ретте Қазақстанның БҰҰ жанындағы ядролық сынақтар мен техногендік атомдық апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетудің халықаралық қорын құру туралы бастамасын іске асыру қажет.


Осыған байланысты Невада тұрғындары БҰҰ -ның «Семей аймағын қалпына келтіру» бағдарламасын іске асыруды жандандыруды және халықаралық ұйымдарды оны қаржыландыруға шақыруды жоспарлап отыр. Ядролық сынақтардан келтірілген зиянның ауқымы еліміздің оны жоюға қаражат жұмылдыру мүмкіндігімен салыстыруға келмейді.


«Радиация. Экология. Денсаулық» проблемалық комитетінің мақсатты қызметі экологиялық медицина, реабилитация, генетика, әлеуметтік қорғау саласындағы жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу мен ілгерілетуді жалғастырады. Себебі, адам денсаулығы – ең шешуші фактор.


Ғалымдар мен мамандардың бірлесуінің нәтижесінде Қазақстан Республи­касы халқының денсаулығын жақсарту, экологиялық жағдайды жақсарту, жоғары сапалы азық-түлік өнімдерін шығару және т.б. инновациялық технологиялар банкін құру қажет.


Қозғалыс өзінің дамуының жаңа тарихи кезеңінде Қазақстан мен бүкіл ғаламшардың жастарын зорлық-зомбылық пен қауіп-қатерден азат әлем үшін күреске тартуды негізгі, басым және өзекті мақсат деп санайды және бұл ядросыз әлем үшін планетарлық қозғалысқа жаңа қуатты серпін береді.


2019 жылғы қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «Невада–Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының отыз жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Олжас Сүлейменов әлемдік қоғамдастықты ғаламшарымыздағы ядролық сынақтарды толығымен тоқтатуға ғана емес, қолданыстағы ядролық қаруды толығымен жоюға күш біріктіруге шақырды. Мәселенің тұжырымы қазір біздің елдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке бей-жай қарамайтындардың назарын аударады.



Валерий ЖАНДӘУЛЕТОВ,


«Невада–Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының


вице-президенті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38