Алматыда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXII маусымы аяқталды. Биыл 2 100 алматылық жас уақытша жұмыспен қамтылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бірнеше ай ішінде олар 5 гектарға жуық аумақты тазалап, 2 тонна қоқыс шығарды, 2,5 мың ағаш пен көшет отырғызды. Маусым қорытындысы ALT University-де өткен жабылу салтанатында шығарылды. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері айтты.
Жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында жүзеге асырылып келеді. Ол жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға, сонымен қатар қаланы көркейту мен көгалдандыру жұмыстарына қатысуға мүмкіндік береді.
«2026 жылы Алматыда 2 100 жасты уақытша жұмыспен қамтыдық. Маусым барысында еңбек жасақтарының қатысушылары 5 гектарға жуық аумақты тазалап, 2 тонна қоқыс шығарды, 25 сенбілік пен 70 экологиялық акция ұйымдастырды. Сондай-ақ 2 500 ағаш пен көшет отырғызылды. Бұл көрсеткіштердің артында жастардың қаламызды көркейту жолындағы нақты еңбегі жатыр», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысанәлиев.
Еңбек маусымы 1 мамырда басталды. Жоба қатысушылары саябақтарда, қала өзендерінің бойында және тау шатқалдарында жұмыс істеді. Тазалық жұмыстары мен экологиялық акциялар Аюсай, Кімасар, Терренкур аумақтарында, Есентай өзенінің бойында және басқа да қоғамдық орындарда өткізілді.
19 қыркүйекте жастар жасақтары Дүниежүзілік тазалық күніне орай ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке қатысты. Ал 9 қазанда «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері Көкжайлауда 2 мыңға жуық шырша егуге атсалысты.
Жоба қатысушыларын жұмыспен қамтуға Алматы қалалық Мансап орталығы да үлес қосты. Оның қолдауымен 2026 жылы барлығы 3 240 алматылық жас жұмысқа орналастырылды. Орталық мамандары 7 200-ден астам мансаптық кеңес беріп, 23 бос жұмыс орны жәрмеңкесін ұйымдастырды. Аталған жәрмеңкелерге 18 мыңнан астам адам қатысты.
Мирас Нысанәлиевтің айтуынша, «Жасыл ел» жобасына қатысу жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға, ұжымда жұмыс істеуді үйренуге және өз бетінше табыс табуға мүмкіндік береді.
Өткен маусымның қорытындысы бойынша Алматы «Жасыл ел» жобасын жүзеге асыруда Қазақстанның үздік өңірі деп танылды. Ал 2026 жылы жоба қатысушыларын жұмыспен қамту жоспары толық орындалды.
ALT University-де өткен маусымның жабылу салтанатына Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің өкілдері, экологиялық және еріктілер ұйымдардың мүшелері, жастар жобаларының жетекшілері мен еңбек жасақтарының қатысушылары жиналды. Маусым бойы ерекше белсенділік танытқан жастар еңбегі үшін марапатталды.