Білімді ұрпақ тәрбеиелеу үшін барынша жағдай бар.
Жыл сайын Алматы халқы 70 мың адамға өседі, бұл әлеуметтік саладағы сапалы қызметтерге сұранысты күшейтеді. Жаңа оқу жылында мемлекеттік және жекеменшік мектептерге 34 300-ден астам бала қабылданды. Нәтижесінде қаладағы бірінші сыныптарға балалардың таза ағыны 12 мың оқушыны құрады. Мұндай мәліметтерді мегаполис әкімі Ерболат Досаев білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде айтқан болатын, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
«Мектеп тапшылығы проблемасын түбегейлі шешу «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын тиімді іске асыру болып табылады, оның аясында 2025 жылға дейін Алматы қаласында 37,1 мың орындық 22 мектеп іске қосылады. Инфрақұрылым салу және жер учаскелерін кеңейту үшін жергілікті бюджетте 19 млрд теңге қарастырылған», - деді Алматы әкімі тамыздағы жиында.
Бұған дейін Алматы әкімдігінің жобалық кеңсесі хабарлағандай, жаңа форматтағы мектептердің басым бөлігі Алатау және Наурызбай аудандарында салынады -5 оқу орны. Бостандық ауданында – 4 мектеп, Түрксіб ауданында – 3, Әуезов ауданында – 2 мектеп, қалған аудандарда- бір мектептен салу жоспарлануда. Мектептер білім ұяларының тапшылығы байқалатын жерлерде салынуда.
Биылғы тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы», деген сөзін келтіре отырып, «Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты» деген болатын.
Осы орайда білім саласында еңбек еткен ардагер ұстаздар мен қазіргі күні оқушыларды білім нәрімен сусындатып жүрген мұғалімдердің пікірін беруді жөн санадық.
«Мен және менің замандастарым мектеп есігін Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары ашқан едік. Ол кезде оқу құралдарының тапшылығы, қағаз-қаламның жетіпеушілігіне қарамастан, бізге сабақ берген қасиетті ұстаздарымыз 1,2 жылдық училищелерде оқып-білім алғандар еді. Соған қарамастан, оқыған-тоқығаны оларға қайрат беріп, жанын сала сабақ беретін. Бұл күндері баршамызға белгілі жағдай, оқу-ағарту саласына деген көзқарас мүлде өзгеше. Оның өзі өскелең ұрпаққа терең білім мен тәрбие берудің жаңа сатыға көтерілгенін көрсетсе, ұстазға деген қамқорлықтың күн санап арта түскенін көреміз», - дейді бар ғұмырын ұстаздық етуге арнаған тарихшы ұстаз, ҚР Білім үздігі Садықбек Дулатбекұлы.
Соңғы жылдары мұғалімдерге мемлекет тарапынан барынша жайлы жағдай жасалып келеді. Ұстаздардың әлеуметтік жағдайлары да түзеліп, еңбекақылары 4 жылда екі есеге дейін көтерілген. Педагогтар мәртебесі де заңмен қорғалатын болды. Ұстаздар да сапалы білім беру жолында жасалып жатқан мемлекет қамқорлығы сезілетінін айтуда.
«Педагог мәртебесі туралы» заң шыққалы бері мұғалімдер бірыңғай мәртебеге ие болды. Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайлары да көтеріліп келеді.Кейінгі жылдары мұғалімдерге өте жақсы жағдай жасалып жатыр. Мемлекет тарапынан баспанамен қамтамасыз етілуде. Жалақылары еңбек өтіліне байланысты едәуір өсіп отырады. Педогогикалық қызметтегі еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» ҚР- сының мемлекеттік наградалары беріледі. Демалыста денсаулықтарын жақсарту мақсатында сауықтыру орындарына жіберіледі.Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы қосылса, төр мұғалімдікі» деп айтып кеткеніндей мұғалімдерге деген сый-құрмет бары қуантады», - дейді №11 ЖББ мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Зияш Ермекбаева.
Сапалы білім беру жолында балалар үшін де, ұстаздар үшін мемлекет деңгейінде жасалып жатқан жағдайды мұғалімдер де жақсы біледі. Сол жолда аянбай тер төгуде.
«Бүгінгі таңда ұстаз мәртебесі биік мінбелерден айтылып, ерекше көңіл бөлініп келеді. Санананы тұрмыс билеген заманда ұстаздың тұрмыс тауқыметі жадында тұрмау керек. Иә, біз қазіргі қолдауларды сезінеміз, түсінеміз. Бұл ұстазға құрметпен бірге, ұлтқа деген жанашырлықтың көрінісі деп білемін. Айтулы күнде барша ұстаздар қауымына, ардагер ұстаздарымызға еңбектерінің жемісін көруді тілеймін. Әлихан Бөкейхан атамызша айтқанда ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден. Біздің мінез түзелсе, ұлттың мінезі түзеледі», - дейді №152 мектеп-гимназиясының мұғалімі А.Дулатбек.
Бүгін қадірлі де қасиетті, барша құрметке лайық ұстаздар мерекесі. Білімді ұрпақ – ұлт болашағы. Ендеше осы жолда еңбек етіп жүрген ұстаздар жайлы айту артық емес.