Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраева Алдағы дауыс берудің маңызы мен Негізгі заң жобасындағы осы басты жаңалықтар туралы баяндады.
Сарапшының айтуынша, референдум –халықтың пікірін білудің демократиялық жолы. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында конституциялық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтардың ой-пікірін білу үшін осымен бесінші рет жүгініп отыр. Бұған дейін референдумдар 1995 жылы (Тұңғыш Президенттің өкілеттігін ұзарту мен қолданыстағы Конституцияны қабылдау), 2022 жылы (Конституцияға өзгеріс пен толықтыру енгізу), сондай-ақ 2024 жылы атом электр станциясын салу бойынша өткен болатын.
— Референдум – әр азаматтың ел болашағына ықпал ете алатын мүмкіндігі. Әр дауыстың маңызы зор, — деп атап өтті Ибраева.
Ғылыми қауымдастықтың қатысуы
Профессор жаңа Конституция жобасы үлкен жұмыстың арқасында дүниеге келгеніне тоқталды. Он мыңнан астам азамат ұсыныс пен ескертуін жолдаған оған. Құжатты әзірлеуге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жетекші ғалымдары да қатысып, олардың идеясы жоба мәтінінде көрініс тапты.
Атап айтқанда, Конституция преамбуласын күшейту мен қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығын бекіту жөніндегі ұсыныстарды бұрын Ғ.С. Сапарғалиев атындағы Мемлекет және құқық институты директоры, PhD докторы Арон Сәлімгерей де айтқан болатын. Оның пікірінше, Негізгі заңда қазақ мемлекеттілігінің көпғасырлық тарихын бекіту ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды факторы болып отыр.
Преамбуладағы жаңашылдық пен мемлекеттілікті нығайту
Сарапшы Конституция жобасының жаңартылған преамбуласына ерекше тоқталды. Құжатта «біртұтас Қазақстан халқы» ұғымы, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы, мемлекеттің унитарлық сипаты, шекараның мызғымастығы мен аумақтық тұтастық бекітіледі. Сонымен қатар «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты көрініс тапқан.
Профессордың пікірінше, дәл осы преамбула мемлекеттің дамуының идеологиялық және құндылықтық бағытын айқындайды, онда адам құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуы қамтамасыз етілетін құқықтық мемлекетке ұмтылыс атап көрсетіледі.
Дәстүрлі құндылықтарды қорғау мен адам капиталын дамыту
Конституция жобасында адам капиталын, ғылымды, білім беру мен инновацияны дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары ретінде айқындалған. Неке мен отбасын қорғау нормаларына ерекше мән берілген. Неке ер мен әйелдің тең құқықты, ерікті одағы ретінде және мемлекетте тіркелген түрде бекітіледі.
Сондай-ақ преамбулада алғаш рет табиғатқа ұқыпты қарау қағидаты мен барлық елмен бейбіт қарым-қатынас жасап, достыққа ұмтылыс бекітіледі.
Мемлекеттің зайырлы сипаты мен адам құқықтарының кепілдіктері
Өзгерістердің жеке бір бөлігі дін мен білім беру мәртебесіне қатысты. 7-бапта діннің мемлекеттен бөлінгені атап көрсетіледі, діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асып, конституциялық құрылысты, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында шектелуі мүмкін екені көрсетілген.
33-бапта білім беру ұйымдарындағы оқыту мен тәрбиенің зайырлы сипаты бекітіледі. 22-бапта алғаш рет адамның өзінің ұлттық тиесілігін айқындау, көрсету немесе көрсетпеу құқығы бекітіледі.
Адам құқықтарының маңызды кепілдіктері жобаның өзге баптарында да қамтылған. Атап айтқанда, 18-бапта құқық қорғау органдарының ұсталған адамға оның құқықтары мен ұсталу негіздерін түсіндіру міндеті ( «Миранда қағидасы») бекітіледі. 19-бап кінәсіздік презумпциясын, бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға тыйымды және өзіне және жақын туыстарына қарсы куәлік бермеу құқығын бекітеді.
20-бап жеке өмірге қол сұқпаушылықты, дербес деректерді қорғауды, хат алмасу, банк салымдары мен телефон сөйлесулерінің құпиясын, соның ішінде цифрлық технологияларды пайдалану арқылы да қорғауды кепілдейді.
Мемлекеттің әлеуметтік бағыты
Мемлекеттің әлеуметтік сипаты Конституция жобасының 27-бабында көрініс тапқан. Онда еңбек етуге, кәсіпті еркін таңдауға, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғауға құқық бекітіледі. 14-бапта құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру басқа адамдардың құқықтарын бұзбауы және конституциялық құрылыстың негізіне нұқсан келтірмеуі тиіс екені айтылған.
Профессор Ибраеваның пікірінше, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның күшті, әділетті және әлеуметтік мемлекет ретінде одан әрі дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырады.
— Қазақстан азаматтары референдумға саналы түрде қатысып, жаңа Конституцияны қолдайды деп сенемін, — деп түйіндеді сөзін сарапшы.