Жаңа оқу жылының басталуымен Алматы көшелерінде көлік нөпірі күрт артып, күн сайынғы кептеліс қала тұрғындарының бас ауыртар түйткіліне айналды. Жазғы демалыстан кейін жұмысқа шыққан қызметкерлер мен оқуға оралған мыңдаған студент қала көшелерін толтырды. Осыған орай, әкімдік қызметкерлердің жұмыс уақытын өзгертіп, жартысын қашықтан жұмыс істеуге көшіру жөнінде бірнеше шешімдер ұсынып жатыр. Аqshamnews.kz тілшісі урбанист маман Владислав Филатовпен аталмыш мәселеге қатысты әңгіме өрбітті. Толығырақ материалдан оқыңыз.
Владислав Михайлович Филатов
архитектор-урбанист
"Қаланы автокөлікке емес, адамға ыңғайлы ету керек"
Владислав Михайлович кептеліс мәселесін қаланың әуелден көліктерге арнап негізделіуінен шыққанын айтты. Урбанист бұл парадигманы түбегейлі өзгертіп, "адамға ыңғайлы қала" жасау керегін жеткізді.
"Қала кеңістігі тым қымбат. Сондықтан ол аз ғана адам тасымалдайтын, көп орын алатын көліктерге арналмауға тиіс. Ең алдымен, адам, одан кейін жеке мобильді құралдар мен қоғамдық көлікке басымдық берілуі керек. Ал жеке көлік ең соңғы орында тұруы қажет", - дейді ол.
Сарапшы көлік жолақтарының енін өзгертіп, автокөліктерге 2,9 метрлік, ал автобустарға 3,3 метрлік жолақтар қалдыруды ұсынады. Сондай-ақ, оның ойынша босап қалған кеңістікті веложолдар мен жасыл желекке арнап, жайлы микроклимат қалыптастыру қажет.
Жолды кеңейту кептелістің шешімі бола ала ма?
Алматыда қазір бірнеше көшеде жолдарды кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Алайда урбанист бұл қадам ұзақмерзімді шешім болмайтынын айтады.
"Жолды кеңейту шешімнің жалғыз құралы емес. Инженерлерде жолақтарды азайту немесе көбейту, енін өзгерту, қауіпсіздік үшін зонирлеу, жол белгілері мен тосқауыл орнату сияқты түрлі әдістер бар. Мұның бәрі жан-жақты талдаудан соң ғана шешілуге тиіс", - дейді Михайлович.
Оның пікірінше, талдауды тек көлік жүргізушілерінің мүддесін емес, сол кеңістікте өмір сүретін адамдардың қажеттілігін ескеретін мамандар жүргізуі керек. Еуропадағыдай көшелерді адамдарға арналған орта ретінде жобалау - басты қағида болуы шарт.
Алматы қоғамдық көлік игілігін қаншалықты дұрыс пайдаланып жатыр?
Урбанист Алматыдағы кептелістерді азайтудың ең ұтымды жолы ретінде заманауи трамвай желілерін салуды ұсынды.
"Бізге бір ғана емес, бірнеше трамвай бағыты қажет. Заманауи трамвай метроға бәсекелес бола алады. Метро бізге аса қажет емес, ал трамвай тиімді әрі ыңғайлы болар еді", - дейді ол.
Бұған қоса, маманның пікірінше әкімдік қолға алып жатқан БРТ және ЛРТ жобалары да магистральдық қоғамдық көліктің дамуына серпін бермек. Мұндай көлік тек қорғалған, бөлек жолақтармен жүруге тиіс және бұл жолақтарға басқа көліктердің кіруіне қатаң тыйым салынуы қажет.
"Самокаттарды құрту керек" дегендерге қарсымын"
Кейінгі уақытта самокаттарға қатысты шектеу қою талқыланып жүр. Урбанист бұл бастамаға қарсы екенін айтып, оларды тәртіпке келтіретін инфрақұрылым жасау қажеттігін жеткізді.
"Бір автотұрақ орнына 9–11 самокат сияды. Самокаттар - адамдарды көлікке отырмауға ынталандыратын құрал. Тек олар үшін кең жолақты веложолдар, дұрыс жабдықталған өтпе жолдар мен тұрақ алаңдары қажет", - дейді Владислав Михайлович.
Ол жуырда Торайғыров көшесінің абаттандыру жобасына қатысып, арнайы самокат тұрақтары мен резервтік алаңдар жасағанын айтты.
"Біз әріптестермен бірге самокаттарды қорғайтын петиция жарияладық. "Оны құрту керек" дегендерге қарсымын. Апатты жағдайларға байланысты кері әсерін беріп жатса, онда оны түбегейлі жойып тастамастан бұрын, беріп жатқан пайдасын ескеру қажет. Егер қаламызда оларға арналған инфрақұрылым түзелсе, мәселе бұлай ушықпас еді", - деп қосты маман.