Самокаттарға ортақ тәртіп керек: Алматыда кикшеринг қызметін реттеу мәселелері талқыланды

Самокаттарға ортақ тәртіп керек: Алматыда кикшеринг қызметін реттеу мәселелері талқыланды Сурет: Қайрат Қонысбаев

Алматыда кикшеринг қызметін дамыту және реттеу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынға қалалық мәслихат депутаттары, «Республика» партиясының өкілдері, сондай-ақ самокаттарды жалға беру қызметін ұсынатын компаниялардың басшылары қатысты.

Кездесуде қала көшелеріндегі екі дөңгелекті көліктерді пайдалану тәртібі, қауіпсіздік шаралары және инфрақұрылым мәселелері жан-жақты талқыланды.

«Республика» партиясы Алматы қалалық филиалының төрайымы Шолпан Асқарқызы самокаттарды шектеу мәселесіне қатысты пікір білдіріп, мұндай қадамның қалалық мобильдікке теріс әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, Алматы – көлік жүктемесі жоғары мегаполис. Егер самокаттарды шектесе, қоғамдық көлік пен автожолдарға түсетін салмақ одан әрі артып, экологиялық жағдай да нашарлауы ықтимал. Осы ретте партия өкілдері самокаттарды қала өмірінен ығыстыруды емес, оларды қауіпсіз әрі реттелген жағдайда қолдануға мүмкіндік беруді ұсынды.

Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Салтанат Бахтиярқызы да бұл мәселенің қалалық күн тәртібінде өзекті орын алып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қала тұрғындарынан самокаттардың бейберекет қойылуы, тротуарларда бөгет жасауы және кейбір жағдайларда жол-көлік оқиғаларына себеп болуы туралы шағымдар жиі түседі.

«Бүгінгі дөңгелек үстел барысында кикшеринг компаниялары тарапынан бірқатар маңызды жұмыстар жүргізіліп жатқанын байқадық. Қала бойынша 50 скауттан тұратын арнайы топ құрылып, самокаттарды жинау, реттеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс істеп жатыр. Алайда бұл бастамалардың толық іске асуы үшін қалада жеткілікті инфрақұрылым –  арнайы тұрақ орындары мен бақылау алаңдары қажет», – дейді депутат.

Ол самокаттарды толықтай жолдың көлік жүретін бөлігіне көшіру жөніндегі ұсынысқа да пікір білдірді:

«Қазіргі жағдайда мұндай өзгеріс қауіпті болуы мүмкін. Статистикалық деректер бойынша самокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары басқа көлік түрлерімен салыстырғанда әлдеқайда аз. Алматыда күніне 100 мыңға жуық самокат сапары тіркеледі, бұл – айтарлықтай үлкен ағын. Сондықтан бұл бағытта асығыс шешім қабылдамай, жан-жақты сараланған регуляция қажет», – деп нақтылады ол.

Депутат ЖСН арқылы тіркеу, нөмірлік белгілер енгізу және «Сергек» жүйесімен интеграция сияқты ұсыныстарды қолдап, кикшеринг компаниялары мен «Республика» партиясы арасында жасалған меморандум қаладағы микромобильдікті реттеуге оң әсер ететініне сенім білдірді.

Кездесуде кикшеринг инфрақұрылымын реттеудің нақты тетіктері қарастырылды. Қала әкімдігінен самокаттарға арнап 5 мың тұрақ орнын белгілеу жұмыстары басталғаны айтылды. Сала мамандарының айтуларынша, бұл тротуарларға бейберекет тасталған самокаттар санын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге 18 жасқа дейінгі азаматтарға самокат жалдауға тыйым салу, әр көлікке нөмірлік белгі беру, пайдаланушыларды ЖСН арқылы тіркеу, сондай-ақ жасанды интеллект пен камералар арқылы бақылауды күшейту ұсынылды.

Жиын барысында кикшеринг саласындағы ірі операторлардың бірі – JET компаниясының негізін қалаушы Мейрамбек Әбілқасымов проблемаларды нақты деректермен түсіндірді. Оның айтуынша, оқыс оқиғалардың басым бөлігі — кәмелетке толмағандардың жүруі, бір самокатқа екі адамның мінуі және жол өткелдерінен түспей өту сияқты үш негізгі себептен туындайды. Сондықтан ЖСН арқылы тіркеу мен нөмірлік белгілер тәртіпті жақсартуға және бұзушылықтарды анықтауды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Компания дерегіне сәйкес, Алматыда күніне 100 мыңға жуық самокат сапары жасалады. Бұл көрсеткіш самокаттардың қала мобильдігінің ажырамас бөлігіне айналғанын көрсетеді.

Жиын соңында қатысушылар бірлескен меморандумға қол қойып, ұсыныстарды жүйелеуге келісті. Одан кейін қорытынды ұсыныстар Мәжіліске жолданады. Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда самокаттар – қаланың қалыпты көрінісі мен инфрақұрылымының бір бөлігі. Сондықтан ең тиімді жол – тыйым салу емес, реттелген, қауіпсіз және мәдениетті қолдану жүйесін қалыптастыру дейді мамандар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
1
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:05

19:08

18:00

17:55

17:52

17:50

17:45

17:35

17:20

17:15

17:10

17:00

16:50

16:38

16:28

16:10

16:00

15:48

15:34

15:27

15:14

14:48

14:32

14:19

14:12