Салық кодексі: табысы 2 млн-нан аспайтын кәсіпкер нені ескеруі керек?

Салық кодексі: табысы 2 млн-нан аспайтын кәсіпкер нені ескеруі керек? Сурет: Жасанды интеллект, Aqshamnews.kz.

Биылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кодекске сай, бұрынғы жеті арнайы салық режимінің орнына тек үшеуі ғана қалды.

Бұл өзгерістер шағын ғана кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер үшін де басқа міндеттер мен жүктемелер артты. Тіпті айына 2 миллион теңгеден аз табысқа ие кәсіпкерлер дұрыс шешім қабылдамаса, айыппұлға немесе қосымша салыққа ұрынуы мүмкін.

Осы орайда шағын бизнес иелері үшін қай салық режимі тиімді, ҚҚС шегі қандай және хабарлама беру тәртібі қалай? Бұл сұрақтарды Aqshamnews.kz тілшісі қаржы сарапшысы Бексұлтан Арыстанбектен сұрап-білді.

Кәсіпкерлер үшін салық режимін дұрыс таңдау - бизнестің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін маңызды шешім. Қаржы сарапшысы Бексұлтан Арыстанбек шағын кәсіп иелеріне қолжетімді режимдер, 2026 жылдан бастап енгізілген өзгерістер және жиі жіберілетін қателіктер туралы айтып берді.

Сарапшының айтуынша, табысы 2 миллионнан аспайтын  кәсіпкерлер үшін үш негізгі арнайы салық режимі бар.

Біріншісі  - өзін-өзі жұмыспен қамтуға арналған мобильді режим. Ол мобильді қосымша арқылы рәсімделеді және айлық табыс шегі шамамен - 1,24 млн теңге. Бұл режимде 4% бірыңғай төлем төленеді, есептілік өте жеңіл. Алайда қызмет түрлері шектеулі және жұмысшы ұстауға тыйым салынған. Сондықтан бұл жеке өзі қызмет көрсететін мамандарға қолайлы.

Екіншісі - патент негізіндегі режим. Мұнда жылдық табыс шегі 14,5 млн теңгеге дейін жетеді. Салық алдын ала төленеді, есептілік барынша жеңілдетілген. Бірақ кәсіпкер табысын алдын ала нақты жоспарлауға тиіс және қызмет түрлеріне шектеу бар. Бұл көбіне тұрақты, маусымдық емес шағын бизнеске ыңғайлы.

Үшіншісі  - оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі. Бұл режим ең ыңғайлы болып саналады: жұмысшы санына шектеу жоқ, ставка - 4%, ал айналым лимиті өте жоғары. Бизнесті кеңейтуді, серіктестермен жұмыс істеуді көздеген кәсіпкерлер үшін тиімді.

Бексұлтан Арыстанбектің сөзінше, осы деңгейдегі кәсіпкерлер үшін ең жағымды жайт - қосылған құн салығы мен әлеуметтік салықтың төленбеуі. Негізгі салық - 4%. Алайда міндетті әлеуметтік төлемдер сақталады: зейнетақы жарнасы, медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдар.

2026 жылдан бастап шағын бизнеске қатысты бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енді. Оңайлатылған декларация режимі сақталды, алайда жергілікті мәслихаттар салық мөлшерлемесін 2–6% аралығында өзгерте алады. Сонымен қатар, ҚҚС бойынша тіркеу шегі 10 000 АЕК-ке дейін көтерілді. Бұл көптеген кәсіпкерге ҚҚС-сыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Сарапшы ең маңызды талапқа ерекше назар аударуға кеңес береді: әр жылдың 1 наурызына дейін қолданатын салық режимі туралы міндетті түрде хабарлама беру қажет. Бұл талап орындалмаса, кәсіпкер автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне көшеді. Ал бұл - жоғары салық жүктемесі мен күрделі есептілік деген сөз.

Табысы белгіленген лимиттен асып кеткен жағдайда да кәсіпкер жедел әрекет етуге тиіс. Уақытында режимді ауыстырмау айыппұлдарға, қайта есептеуге және салықтық тексерулерге әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, оңайлатылған декларация режимі кей жағдайда клиент жоғалту тәуекелін тудырады. Әсіресе ірі компаниялармен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін ҚҚС-тың болмауы қиындық келтіруі мүмкін. Ал жеке тұтынушылармен жұмыс істейтіндер үшін бұл мәселе аса өзекті емес.

Қорытындылай келе, қаржы сарапшысы салық режимін тек есеп-қисап ретінде емес, бизнес-модельдің бір бөлігі ретінде қарастыру қажет екенін айтады.

"Алдын ала жоспарлау мен саналы таңдау - кәсіпкер үшін ең арзан әрі ең дұрыс шешім", – дейді Бексұлтан Арыстанбек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:26

16:19

16:05

15:50

15:41

15:20

15:10

14:55

14:43

14:31

14:27

14:17

12:47

12:34

12:18

11:55

11:25

11:10

11:01

10:50

10:40

10:22

10:15

09:52

09:35