«Рухани жалғастыққа жол ашып отырмыз»

«Рухани жалғастыққа жол ашып отырмыз» Сурет: автор

Қаламыздағы Ғ.Мүсрепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының гастрольдік күндері басталды. 

Гастрольдік сапар шымылдығы кейінгі кезде журналистикамен қатар әдебиет, кино, театр саласында жемісті еңбек етіп жүрген талантты қаламгер Қанат Тілеуханның режиссер Фархат Молдағали сахналаған «Медаль» қойылымымен ашылды. Күнделікті өмірде өзіміз куә болып жүрген, тіпті қалыпты жайтқа айналған атаққұмарлық, мақтансүйгіштік, даңғойлық сияқты жаппай белең алған кеселді барынша шынайы суреттеген шығарма көрерменге саундрама жанрында ұсынылды. 

«Спектакльде бүгінгі өмір шындығы болуы керек. Көрермен өзін көру үшін де театрға баруға тиіс. «Медаль» саундрамасы біздің қоғам. Көп елдің басынан осындай оқиға өтті. Тек декорациясы, костюмы, реквизиті бөлек. Фархад Молдағали менің шығармамды гротеске айналдырған. Күлкі, мазақ, ұсқынсыздық! Қазір «күндік тірлікпен жүргендердің» заманы. Кілең мансап қуған пысықайлар! Сусылдаған жайдақтар, парықсыздар, құлық сауған пысықайлар. Медальға деген махаббат соншалықты жиіркенішті! Тіпті сол медаль, атақ, марапатпен адамды қорлап тастауға да болады. Автор мен режиссер ойын тереңдеткені, материалға өз көзқарасы мен азаматтық ұстанымын қосқаны үшін театр актерларына мың алғыс! Бұл Фархадтың қоғамдағы фарсқа интеллектуалды қарсылығы деп білемін», дейді Қанат Тілеухан.

Ән, би, күй, жыр, драма сабақтаса өрілген қойылым мазмұнымен ғана емес, актерлік шебер ойын, режиссерлік тың шешімімен де тәнті етті.

Спектакльдің соңын ала сахнаға көтерілген Халық әртісі Асанәлі Әшімов сапарлап келген театр ұжымына ақ тілегін арнады.  

– Театр – шындықтың төрі. Бұл жерде жалған сөз, жасанды сезім болмайды. Тек шынайылық, адалдық пен тазалық үстемдік құрады. Сахнаға шындықты шығару – үлкен жауапкершілік. Осы бағытта адал еңбек етіп жүрген өнер ұжымдарына алғысымыз зор, – деген сахна саңлағы: «Біз жиі Талдықорғанға барып тұрамыз. Ондағы театр өте жақсы дамып келеді. Әсіресе көрерменнің белсенділігі мен ықыласы ерекше. Жетісу облысының бас театры ретінде бұл мекеме өңірдің мәдени тірегіне айналып отыр. Сахна жолы – құрмет пен шындық жолы. Сол жолда биіктен көріне беріңіздер! Өнерлеріңнің шуағы халыққа жетіп, ел игілігі үшін қызмет етсін! деп,  ұжымға тілектестігін білдірді. 

Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов: «Бүгінгі сәт – біз үшін ерекше қуаныш, жүрекке жылы, рухты көтерер мереке. Алматы – сұлулық пен мәдениеттің ордасы. Біздің театр ұжымы үшін Алматы төріне келіп, осы киелі сахнада өнер көрсету – үлкен мәртебе. Сіздердің қолдауларыңыз, ыстық ықыластарыңыз бізге қуат береді» дей келе, ұжым өзінің гастрольдік сапарын Алматыдан бастауы тегін еместігін айтты.

«Алматы өнерді өмірлік серік еткен Бикен апамыздың ізі қалған, қасиет тұнған рухани орда. Ол кісі осы қалада еңбек ете жүріп, қаншама айшықты образ сомдады, көрерменнің жүрегінен орын алды. Біз гастрольдік сапарымызды осы киелі сахнадан бастау арқылы рухани жалғастыққа жол ашып отырмыз. Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, театр ардагерлері мен жас өрендер, орта буын және театр басшылығы, тайлы-таяғымыз қалмай, ел үшін, өнер үшін қызмет етуге келдік. Театр – ел рухының айнасы. Бүгін біз сол айнадан өзімізді көріп, өнерімізбен бөлісіп, жүректеріңізге жылылық сыйлағымыз келеді», деді Қуаныш Сұлтанұлы.

Құрылғанына биыл 50 жыл болған өнер ұжымының гастрольдік сапары бұдан әрі Алматы облысында, сондай-ақ Шымкент қаласында, ары қарай Сыр өңірінде жалғасады. Гастроль репертуарына сәйкес, бүгін Алматы жұртшылығына Дулат Исабековтың «Бонапарттың үйленуі» шығармасының желісі бойынша сахналанған, Болат Ұзақовтың «Қазақы комедиясы» ұсынылмақ.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:15

16:08

15:24

15:22

15:02

14:58

14:34

14:11

14:02

12:34

12:18

12:14

12:10

12:05

11:51

11:37

11:30

10:57

10:51

10:46

09:51

09:36

21:54

17:54

17:22