Рух жыршысы

Рух жыршысы almaty-akshamy.kz

Өмір қызық, кейбір адамдар араласып жүрген кезінде ерекшеленіп есте жүреді де, өмірден өткеннен кейін бірте- бірте ұмытылады. Ал енді бір тұлғалар уақыт өткен сайын әйтеуір бір қырымен ойыңа орала береді. Сөзімен, ісімен, қайталанбайтын қылығымен дараланған олар есіңде ұмытылмастай сақталады. Жұмабек Кенжалин сондайлардың сипатынан. Ол менің жақсы көретін шәкіртім, өкшемізді басып келе жатқан аяулы інім, өрге ұмтылған рух жыршысы еді. Көрнекті журналист, ғалым, саясаттанушы, саяси ғылымының кандидаты, профессор Жұмабек Кенжалин арамызда жүргенде, биыл 70 жасқа толар еді. Өкінішке қарай, халқымыздың асыл перзенті, абзал азаматы 2017 жылы өмірден озды. Бірақ Жұмабек Омарұлының есімі ұмытылған жоқ. Бәріміздің есімізде.

Ел-жұртымыздың мақтанышы

Менің Жұмабек шәкіртім – жастардың Жұмекең ағалары, ел-жұртымыздың мақтанышы. Біз отбасы болып Жұмабек пен Әлима екеуімен 40 жылдан астам уақыт араластық. Бір-бірімізге тілектес болдық. Әрине, отбасылық ортақ таныстарымыз бар, шәкірттеріміз де көп қой. Бірақ осы қарапайым, білгір, кішіпейіл азаматпен таныс, тілектес болғанымыз рухани табыс деп ойлаймын. Жұмабектің қарапайымдылығы мен кішіпейілдігінің арқасында аға-інідей жақын араласып кеттік. Кейде далаға серуенге шыққанда оны қасыма ертіп алатынмын. Екеуіміз өз өмірімізден сыр шертіп, ұзақ әңгіме айтатынбыз.

Жұмабек жас күнінен, университетте оқып жүрген кезінен үлкен кісілермен жиі кездесіп, солардың сөзін көңіліне тоқыды. Оның есте сақтау қабілеті өте керемет еді. Болған оқиғаларды айы күніне шейін, тіпті сағатына дейін анықтап айтатын. Адамдардың аты-жөнін, қызметін, сөйлеген сөздерін бұлжытпай қайталап айтып беретін. Жалпы, Жұмабектің әңгімелері сала-сала бойынша кезең-кезеңге бөлініп айтыла беретін. Өкінішке қарай, мен журналист болмаған соң, оларды қағазға да түсірмедім.

Жұмабектің барлық өмірі журналистика саласында өтті. Сонымен қатар, ол көп жылдар басшылық жұмыста болды. Бұл жерде көптеген игі істер атқарып, жақсы атын калдырып кетті. Ең алдымен, журналистиканың беделін көтерді. Әріптестерінің көптен шешілмей жүрген кейбір әлеуметтік мәселелерін де шешіп берді. Сөйтіп, Жұмабектің кезінде біраз журналист бауырларымыз бір жасап қалды. Оның бітірген тірліктерін олар осы күнге дейін жыр қып айтып та, жазып та жүр. Ал Жұмабек Омарұлының шәкірттеріне келетін болсақ, менің алғашкы қызыға оқығаным, 1988 жылы шыққан «Желкілдеп өскен құрақтай» деген жас таланттар туралы әігімелер жинағы болатын. Кейінірек газет- журналдарда әңгімелері мен повестерін оқып жүрдім.

1998 жылы Жұмабектің керемет шығармалар жинағы «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» деген кітабы шықты. Оның бір данасын маған «Ұлағатты ұстазым, әрі қадірлі ағам, белгілі ғалым Раушанбек Әбсаттаровқа інілік ниетпен, шын ықыласпен ұсынамын» деп жазып сыйлады. Кітапты алысымен қолыма қалам алып қайта оқуға кірістім. Жұмабектің маған ауызша айтқан әңгімелерінің бәрі осында сайрап тұр.

Журналист Жұмабек Кенжалиннің шығармашылық ерекшелігі, оның кейіпкерлері ойдан шығарылған емес, өмірде болған, көбісімен автордың өзі араласқан, жақсы білетін адамдар. Шығармаларының желісі де өмір шындығына негізделген. Сондықтан оларды орынсыз сипаттау, шектен тыс әсірелеу болмайды. Барлығы нанымды, түсінікті, көңілге қонатын жайттар.

Сегіз қырлы, бір сырлы азамат

Жұмабек Кенжалиннің өте қызыға оқылатын шығармалар жанры қолжазбалары. Ол талай шет елде болған. Барған, көрген жерін қағазға түсіргенде, оқырман сол елдерді өзі аралап жүргендей сезінеді. Әр елдің тарихын, қалаларын, халқын, мәдениетін, салт-дәстүрін, тіпті қазіргі экономикалық және әлеуметтік жағдайын қоса суреттейді. Біздің Жұмабек сегіз қырлы, бір сырлы азамат қой. Оның тағы бір қыры – ғалымдығы. Саясаттану мәселелері жөнінде ғылыми-зерттеу еңбектері, жасаған баяндамалары бір төбе.

Мәселен, «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» бен «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» деген кітаптары саяси ғылымға қосқан үлкен үлесі. Сонымен қатар, Жұмабек Кенжалин бірнеше жоғары оқу орындары оқулықтарының авторы, жоғары мектепке арнап жаңа оқыту бағдарламасын жасағандардың бірі. Жұмабектің жүріс- тұрысынан, сөйлеген сөздерінен, істеген істерінен, жан шығармаларынан ұлтжандылықтың иісі аңқып тұрады. Ол өзімен рухтас ұлтжанды азаматтарды қатты сыйлайтын және олар туралы өз ой-пікірлерін ашық айтып отыратын. Солардың ішінен Мұхтар Құл-Мұхаммедті ерекше жақсы көретін. Оның ерлігін, батылдығын, ұлтжандылығын ризашылық ниетпен айтатын. 

Жұмабек өте еңбекқор адам еді. Бос уақыты болмайтын, әкімшілік немесе қоғамдық жұмыстан қолы босамай, жазумен айналысатын. Осыдан тура жиырма а лты жыл бұрын (1995 жылы) Алматы санаторийінде бірге демалудың сәті түсті. Мен ол кезде Президент аппаратында істеймін. Жұмыстан қол тимейді. Монографиялық жұмысымды бітіре алмай жүрген кезім. Соны аяқтауға демалыс алған едім. Ал Жұмабек – «Халық кеңесі» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ол да санаторийге толған қағазбен барып, жазумен отырды.

– Менің жөнім бөлек. Басқа уақыт болмайды. Ал сен неге демалмайсың? – деймін Жұмабекке.

Сондағы жауабы: Творчестволық жұмысты тоқтатуға болмайды, бас әр кезде жұмыс істеу керек. Журналист спортшы секілді үнемі формада болуы қажет деген еді. Ол-ол ма, менің күнделікті жұмысыма іні-шәкірт ретінде қамқорлық бақылау жасап, күш-жігер беріп отырды. Әйтеуір не керек, сол жылы Жұмабектің көмегінің арқасында жұмысты аяқтап, еңбекті «Ғылым» баспасына апарудың сәті түсті.

Ақылшы да, қамқор азамат еді

Жұмабектің ел ішінде, әсіресе, зиялы қауым арасында абыройы үлкен еді. Өзінен үлкен ағалары, ұстаздары, құрдастары, жасы кіші інілері мен шәкірттері өте қатты сыйлайтын. Оның себебі – Жұмабектің үлкен адамгершілігінде, кішіпейілдігінде, қарапайымдылығында. Қандай жағдай болмасын оның біреумен қабақ шытып, қатты сөйлескенін көрген емеспін. Жайдары жарқын мінезімен бәрін баурап алатын. Төңірегінде жүрген азаматтардың бәріне дерлік көмек көрсетіп, қолұшын беруге тырысатын. Көп жұрттың ақылшысы, қамқоршысы еді.

Жұмабектің ел қадірлеп, сыйлайтын қасиеті көп-ақ. Соның тағы бірін айтайын. Жұмабек жақсы юмор, орынды әзілге шебер адам еді.

Алдына ашуланып кірген адамды бір ауыз сөзбен тоқтатып, әдемі мақалмен, әзілмен бір күлдіріп алып әңгімеге кірісетін. Үлкен жиналыстарда, мәжілістерде кейде шиеленісіп кеткен дау-дамайды да бір күлдіріп қойып басып тастайтын. Бұл жалған қалжың емес, дөрекі күлкі емес. Жұмабектің өзіне ғана тән өте нәзік, шынайы, сүйкімді әзілі мен орынды күлкісі болушы еді. Жұмабек келбетті, өте сымбатты жан еді ғой. Жасы алпыстан асса да сырт киімін ұқыпты киіп, тік жүретін. Әрине, өзін-өзі күтуі бар шығар. Бірақ менің ойымша, бұл құбылыстың негізі Жұмабектің тектілігі, рухани байлығы, қасиеттілігі, әдептілігі, жан тазалығы, көңіл адалдығы, үлкен адамгершілігі деп білемін.

Жұмабек Кенжалин – ішкі сұлулық пен сыртқы сұлулықта тең қосылған сымбатты, сүйкімді, ардақты, бүкіл ел сыйлаған абзал азамат болды. Ол тек журналист, жазушы ғана емес, халкымызға белгілі үлкен коғам, мемлекет қайраткері болып еңбек етті. Осы қоғамдық, мемлекеттік жұмыста қазақтың тәуелсіз мемлекетінің қалыптасуына өз үлесін барынша қосты. Жұмабек өз ғұмырында соңына мол мұра, өшпес өнеге қалдырып кетті. Елі, шет елдер таныған ғибратты журналистің, жазушының, ғалымның, көрнекті қайраткердің, сом тұлғаның, үлкен жүректі асыл азаматтың есімін елі қашанда ардақ тұтады. Ол өз халқымен бірге мәңгі жасайды. Оның есімі журналист-ғылым-білім көгінде уақыт өткен сайын биіктей бермек!

Жұмабек Кенжалин білім саласын жетілдіруге де көп күш жұмсады. Жоғары білім беру жүйесінің көптеген өзекті мәселелерін талдап, өз пікірін айтып, даму жолдарын көрсетті. Журналистика және саясаттану мамандығына үлкен қамқорлықпен қарайтын. Ұзақ жылдар бойы осы мамандықтардың жетіліп, дамуына орасан зор еңбек етті. Аты шартарапқа жайылған ғылыми мектеп қалыптастырды. Өзінің мағыналы өмір жолымен, ішкі рухани байлығымен, асыл адами қасиеттерімен, кішіпейілдігімен, еңбекқорлығымен, парасаттылығымен барлық жастарға үлгі болып, журналистер, саясаттанушылар емес, ғылым қуған барлық жастардың рухани көсемі, ақылшысы, тәрбиешісі бола білді.

Өз заманының ұлы

Ендігі бір айтатын сөз – Жұмабектің ұстаздық қасиеті. Жұмабектің дәрісін тыңдап, білім алып, маман болып шыққан мыңдаған жастар бар. Осы күнгі көрнекті жас журналистердің, саясаттанушылардың көбісі оның шәкірттері. Ал ғылыми ізбасарлары өз алдына бір төбе. Жұмабектің ғылыми жетекшілігімен, оның көмегімен, қамқорлығымен жазылып қорғалған дипломдық жұмыс және магистрлік диссертациялар елуге тартады. Міндетті түрде айтылатын Жұмабектің тағы бір сыры бар. Ол – оның үлкен жанашырлығы, қамқоршылдығы. Қаншама жыл жанында жүргендердің байқағаны Жұмабектен «жоқ» деген сөз шықпайды. Шамасы келсе көмектеседі, келмесе ақылын айтады. Жас болсын, кәрі болсын Жұмабекке алғыстарын жаудырып, ризашылығын айтып жатады. Мұндай кеңшілік, мырзашылық көп адамның қолынан келе бермейді.

Жұмабек – жаны бай, досы көп адам еді. Өйткені, өзі достыққа берік, достарына адал болатын. «Досым көп болсын десең, өзің дос бола біл, ақымақ ағайыннан ақылды дос артық» деген қағиданы ұстанатын. Жұмабекті Алматы мен Астанада ғана емес, Мәскеуде де, Варшавада да, Берлинде де, басқа елдерде де әрі журналист, әрі ғалым ретінде, әрі жайдары-жайсаң азамат ретінде кеңінен таниды. Жұмабек – достарын тек көбейтіп қана қоймай, оларға қатты әсер ететін, жақсы өнеге көрсететін тұлға еді. Бір сөзбен айтқанда, Жұмабек Кенжалин өз заманының ұлы болды. Абай данамыз айтпақшы, «заманды кім билемек, заман кімді илемек» дегендей, кейбір замандастарымыз заман талабына шыдай алмай, бас көтере алмай өтсе, ол заманының ісін істеп, төрт құбыласы түгел боп жүрді. Қазақша айтқанда, арқалы азамат еді. Асыл, адал азамат боп еңбек етті. Бұл да оның азаматтық қырының бір көрінісі еді.

Жұмабек шәкіртіміздің ерекше атап айтатын азаматтық адамгершілік қасиеттері өте көп-ақ. Соның ішінде бөліп айтатын, ерекше көңіл бөлетін қасиеті – ұстаздарына адал болып, оларға құрметпен қарады. Ұстаздары көп еді. Ұстазға бай адам болды. Олардың ішінде қазақтың абзал азаматтары – Ш.Елеукенов, Р.Нұрғалиев, Б.Қыдырбекұлы сияқты ірі тұлғалармен, ұлағатты ұстаздармен тілектес достығын ерекше атап айту керек.

Жұмабектің парасаттылық мектебі

Жұмабектің тағы бір асыл қасиеті – үлкенді сыйлау. Бұл жөнінде ол алдына жан салмаған. Одан көп нәрсе үйренуге болады. Өмірден өткен көрнекті ағаларымыз К.Сағадиев, С.Сатыбалдин, Т.Садықов, Б.Тулекбаев, Ө.Жәнібеков, Ө.Айтбаев сияқты саңлақтарды Жұмабек айрықша сыйлайтын. Олардың ойын қас-қабағынан танитын, тілектерін айтқызбай орындайтын. Олар да Жұмабекті алақандарына салып аялап өтті. Жалпы, қазақ үлкенді сыйлап өскен ел, дегенмен Жұмабектің үлкенді сыйлауы, оларды құрмет тұтуы ерекше. Мұны саналы сабақ, айрықша адамгершілік, тіпті Жұмабектің парасаттылық мектебі десе де болғандай.

Адам өзінен-өзі талап етпей, өзін-өзі қамшыламай ұзаққа бара алмайды. Менің шәкіртім «Менің қолымнан не келмеді? Не істедім? Кімге қандай жәрдемім тиеді? Мына жұмыста жүргенде не істеуім керек?» деумен беймаза тірлік кешті. Жұмабекке қазақи ортада өсіп, дүние танып, елмен қоян-қолтық араласып, баршаның мүддесі үшін терең толғана білгені ерекше ықпал етті. Қызметте жүрген басқа қатарластарындай емес, ана тілін еркін, шебер біліп, серке сөздің сардары болып, халық үшін қабырғасы қайысатын қасиеті оны басқалардан ерекше даралап тұрды. Жұмабек сол дараланған дархан мінезімен, қайталанбайтын іс-әрекетімен, биік болмысымен білетіндердің бәрінің ойында қалды. Жалпы, халқымыздың адал перзенті, қазақ журналистикасының, ғылымының мақтанышы, ғалым, қайраткер, ұлағатты ұстаз Жұмабек Кенжалиннің атын ардақтап, есімін есте қалдыру үшін артында қалған әріптестері мен шәкірттері қолдап келген барлық шараларды іске асырып, азаматтық парызын атқарғаны абзал болар еді. Жұмабек өз отбасында өте сыйлы, кұрметті отағасы, сүйікті жар, сүйкімді әке болатын.

Сөз соңында Әлима жөнінде ерекше айтып кеткен де жөн шығар. Жұмабектің тірі кезінде барлық жағдайын жасап, жанашыры, қамқоршысы бола білді. Жұмабек өмірден өткен соң оның жоқтаушысы болып, есімін есте қалдыру ниетімен балаларымен бірге ұлан-ғайыр қызмет атқарды. Әлі де атқарып келеді. Жұмабектің туған күнін, өмірден өткен уақытын жыл жібермей, атап өтіп отырады. Жиі-жиі Жұмабектің өз кіндігінен шыққан Дастан мен Жандос ұлдарын жақсылап тәрбиелеп, үлкен азамат қып өсірді. Әлима шәкіртіме Жұмабектің аруағы риза деп ойлаймын. Әрине, осының бәріне де Жұмабек шәкірт інімнің өзі лайықты, еске алуға тұратын парасатты адам. Бірақ Жұмабек сияқты ірі тұлғалардың ішінен сұраусыз қалғандары, елеусіз өткендері аз ба? Сондықтан Әлиманың адамгершілігіне, қайраты мен қажырлығына ризашылық білдіріп, рахмет айтайық. Жұмабектің көзі болып, арамызда шапқылап жүре берсін.

Қорыта айтқанда, өрге ұмтылған рух жыршысы – Жұмабек Кенжалиннің жарқын бейнесі көптеген ағаларының, ұстаздарының, жүздеген шәкірттерінің, әріптестерінің, жалпы оны білген, таныған сан мыңдаған азаматтардың жүрегінде, көкірек көңілінде, сана-сезімінде сақталады. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:59

17:34

16:45

16:20

15:21

14:35

14:18

14:11

13:36

12:57

12:33

12:13

11:35

11:03

10:24

09:35

08:47

21:32

21:23

21:19

21:10

20:59

20:55

20:47

17:45