Алматы қаласы бойынша ҚР президенті сайлауынан хабар тарату жөніндегі баспасөз орталығы алаңында «Қоғамдық пікір» қоғамдық қоры өкілдері - Independ.kz ақпараттық порталының иесі Рафаэль Гасанов, ХБК корпоративтік және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Диана Малаева және журналист, блогер Мақсат Мамадияровтың қатысуымен сайлауды бақылау жөнінде баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.
«Біз таңғы 6-дан бастап жұмыс істеп жатырмыз, 531 учаскені қамтыдық. Биылғы сайлауды бақылауға қатысып, белсенділік танытып жатқан жастар өте көп», - деді Рафаэль Гасанов.
Ол осы сағатқа дейін «Қоғамдық пікір» қоғамдық қоры бақылаушыларының мәліметі бойынша ешқандай заң бұзушылық тіркелмегенін айтты. Сұрақтар туындаған жағдайда бақылаушылар дереу ұйымның штаб-пәтеріне баяндайды.
Дауыс беруге келіп жатқан сайлаушыларға қатысты Диана Малаева алматылықтардың демалыс күні түске дейін ұйықтағанды жақсы көретінін айтты. Бірақ түске қарай олардың саны арта бастады.
«Күннің бірінші жартысы өтті. Бақылаушылар жақсы дайындалған. Сұрақтар келіп жатыр, оларға жергілікті бақылаушылар тұшымды жауап бере алады», — деді Диана Малаева.
Рафаэль Гасановтың айтуынша, сайлау учаскелерінде жиі кездесетін мәселелердің бірі тұрақты тіркелген орны бойынша тіркеуден шығу туралы талон алмаған күйі Алматыдағы сайлау учаскесіне келген адамдарға қатысты.
«Әрине, әртүрлі жағдайлар бар және олардың әрқайсысын жеке қарастыру керек. Кез келген адам түсінбеген нәрсесін сайлау учаскесіне барып біле алады, сол жерде оған барлығын түсіндіріп береді», - деді спикер.
Сондай-ақ ол көші-қонның өте жоғары екенін, Алматыда тіркелмей жүргендердің көп екенін баса айтты. Рафаэль Гасанов кешкі баспасөз мәслихатында есептен шығару куәліктеріне қатысты қанша жағдай тіркелгенін жариялауға уәде берді.
«Сайлаушылардың ішінде дауыс беруге орта және егде жастағы адамдар көбірек келеді», - деді Р.Гасанов.
Диана Малаева дауыс беруге алғашқы болып егде жастағы адамдардың, ал жастардың, отбасылық жұптардың сағат 11-12-ден кейін келетінін айтты.