ffin.kz

Рамазан – тиылу маусымы

Рамазан – тиылу маусымы Сурет: Өңірлік коммунакациялар орталығы

Жеп-ішуден ғана емес, күнә атаулыдан, жамандықтан тиылу маусымы.


Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Оспан қала тұрғындарын Рамазан айымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz


Ассалаума ғалайкум, қадірменді қауым! Қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Ұлы Жаратушы Жаббар Иемізге мадақ-мақтаулар болсын! Берекелі Рамазан айымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!


Рамазан – тиылу айы. Жеп-ішуден ғана емес, күнә атаулыдан, жамандықтан тиылу маусымы. Әсілі, күні бойы аш жүріп ораза ұстау қиын емес. Ең қиыны он екі мүшемізге ораза ұстату.


Пайғамбар өсиетінде: «Кімде-кім жаман сөзі мен жаман іс-әрекеттен тиылмаса, оның тамақ жеуден және сусын ішуден тиылғаны Алла Тағалаға ешбір керегі жоқ», - деген.



Сонымен қатар көрнекті ғалым Имам Ғазали «Оразаның үш деңгейі бар», – деген. Олар: «Көпшіліктің оразасы (умум), ерекше ораза (хусус) және арнайы ораза (хусус әл-хусус). Көпшіліктің оразасы – асқазан мен құмарлықтан тыйылу. Ерекше ораза – құлақ пен көзді, тіл мен қол-аяқты және басқа да дене мүшелерін күнә атаулыдан тыю. Ал, арнайы ораза – жүрек оразасы. Бұл – жаман ой мен дүниелік пікірден тұтастай арылып, Алладан басқа барлық ойдан толығымен тыйылу», – дейді.



Демек, дене-мүшелерімізді теріс іс-әрекеттен тыю ораза талаптарының бірі. Сол себепті, көппен көрген ұлы той деп тек таңертеңнен кешке дейін ішіп-жеуден тиылу ғана емес, оразаның жоғарыда айтылған тәрбиелік тағылымына мән бергеніміз жөн.  


Алматы мешіттерінде қасиетті Рамазан айын атап өту үшін арнайы жоспар бекітілді. Қала мешіттерінің дайындықтары пысықталды. Биыл қаладағы 54 мешіттің  50-інде тарауих намазында құран хатым түсіріліп, елдің амандығы үшін дұға жасалады.


Рамазан айында орындалатын сауапты істердің бірі – көпшілікке ауызашар дастарханын жаю. Алматы орталық мешітінде «Рамазан шатыры» құрылып, күнделікті 500 кісіге ауызашар дастарханы жайылмақ. Сондай-ақ, қала мешіттерінде де ауызашар беріледі. Ауызашар бергісі келетін кісілер қала мешіттеріндегі жауапты мамандарға жолығуларына болады. (Байланыс тел.: 8 708 905 66 85).


Биылғы жылды муфтият «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялауына орай, Рамазан айындағы іс-шаралар салт-дәстүрімізбен сабақтастырып өткізілетін болады. Мысалы, ораза айы әз Наурыз мерекесіне сәйкес келгендіктен ауызашар кезінде мешіт қонақтарына наурыз көже, бауырсақ тарту етілмек. Ауызашар өтетін орындарды қазақи нақышта безендіріп, рамазанның келгенін сүйіншілеу мақсатында Жарапазан жыры айтылады.


Қала тұрғындары мен қонақтары ораза кестесін мешіттерден алуына болады. Сонымен қатар ораза кестесі мен рамазанға қатысты ақпараттарды «muftyat.kz» және «azan.kz» сайттарынан таба алады. 


Call орталық


Оразаға, жалпы діни мәселеге қатысты қандай да сұрақтар болса Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған Діни ақпарат беру орталығынан жауап алуға болатындығын хабарлаймыз. Орталық нөмірі – 8 (707) 233-30-30. WhatsApp: +7 (707) 662 6561.  Сондай-ақ, Алматы орталық мешітіне қарасты орталық нөмері – +7 707 939 7708.


Рамазан дәрістері


Бұл айда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі нәрсеге қатты көңіл бөлген. Біріншісі – құран оқу болса, екіншісі – қайырымдылық жасау. Сол себепті, Алматы Орталық мешітінде аптасына бес күн бесін намазынан кейін оразаға қатысты тақырыптарда насихат айтылып, қала мешіттерінде құран әліппесі мен намаз үйрету курстары жүргізіледі.


Сонымен қатар мешіттерде күнделікті тарауих намазының алдында елді ынтымақ пен бірлікке шақыратын танымдық уағыздар мен оразаның хикметтері жөнінде дәрістер жүргізілетін болады. Одан бөлек «30 күнге 30 уағыз» және «Рамазан және Ихсан» тақырыптарында видео уағыздар оқырмандарға ұсынылмақ. «Бақытты жанұя – дәстүр жалғаушысы» тақырыбында неке қиған жас-жұбайларға семинар өткізу де жоспарға енгізіліп отыр. Насихат жұмыстарына РАНТ пен ЖАНТ мүшелері тартылатын болады.


Қайырымдылық шаралары


 Рамазан – қайырымдылық айы. Жақсылықтар еселенетін ай. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір өсиетінде: «Садақаның абзалы – Рамазан айында берілген садақа», - деп сүйіншілейді. Алматы мешіттерінде ораза айында «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Жомарт жұма» сынды ауқымды қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар «Ел үлесі пәтерге» жобасын жүзеге асыру да қолға алынбақ.



Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32