14 наурыз күні елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді. Аталмыш баспасөз мәслихатында биыл Рамазан айы 23 наурызда басталып, 21 сәуірде аяқталатындығы жариялады. Сәуірдің 17-нен 18-не қараған түн – Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі. Биыл пітір садақа мөлшері 535 теңге болып бекітілді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz
Шағбан айының соңғы күні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мұсылман жұртшылығына айтқан насихатында: «Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндеріндегі намазды қосымша құлшылық етті... ...Рамазанда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз амалын орындағанға тең. Ал, парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парызды атқарғандай (сауап иеленеді). Бұл – сабырлық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Рамазан – өзара жанашырлық айы. Ораза айында мүміннің ырзық-несібесі еселенеді...», - деп сүйіншілейді.
Рамазан – тиылу айы. Жеп-ішуден ғана емес, күнә атаулыдан, жамандықтан тиылу маусымы. Әсілі, күні бойы аш жүріп ораза ұстау қиын емес. Ең қиыны он екі мүшемізге ораза ұстату. Хадисте: «Кімде-кім жаман сөзі мен жаман іс-әрекеттен тиылмаса, оның тамақ жеуден және сусын ішуден тиылғаны Алла Тағалаға ешбір керегі жоқ», - деген. Демек, дене-мүшелерімізді теріс іс-әрекеттен тыю ораза талаптарының бірі.
Бас мүфти үндеуіне үн қосу
Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы хазрет кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырған үндеуіне алматылық кәсіпкерлерді үн қосуға шақырамын. Халқымызда: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің», - деген даналық бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде-кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», – деген.
Осы сәтті пайдаланып, барша қауымға қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегімізді жеткіземін. Алла Тағала Рамазанның құрметі үшін жасаған жақсы ісіміздің себебімен баршамызды жақсылыққа кенелткей.
Рамазан дайындығы
Алматы мешіттерінде қасиетті Рамазан айын атап өту үшін арнайы жоспар бекітілді. Ораза айына қаладағы барлық мешіттің дайындығы пысықталды. Биыл қаладағы 54 мешіттің 50-інде тарауих намазында құран хатым түсіріледі. Қалған 4 мешітте, атап айтсақ:
- Медеу ауданы «Исмихан» мешіті
- Наурызбай ауданы «Күлиза ана» мешіті
- Түрксіб ауданы «Макка» мешіті
- Түрксіб ауданы «Ар-Рахим» мешітінде тарауих намазы құран хатымсыз оқылады.
Алматы орталық мешітінде «Рамазан шатыры» құрылып, күнделікті 500 кісіге ауызашар дастарханы жайылмақ. Сондай-ақ, қала мешіттерінде де ауызашар беріледі. Ауызашар бергісі келетін кісілер мешіттердегі жауапты мамандарға жолығуларына болады. (Байланыс тел.: 8 708 905 66 85).
Ақпараттық-насихат жұмыстары
Биылғы жылды ҚМДБ «Ислам және Ізгі қоғам» жылы деп жариялағандықтан ораза айында «Рамазан – ізгілік айы» аясында түрлі шаралар (кездесу, семинар, дөңгелек үстел, сұхбат, уағыз-насихат, қайырымдылық т.б.) ұйымдастырылмақ.
Сондай-ақ, Алматы тұрғындары арасында «Жарапазан-Party» байқауын жарияладық. Мақсат – ораза айында дін мен дәстүрдің сабақтастығын дәріптеп, кенжелеп қалған дәстүрімізді жаңғырту болып табылады.
Оразаның алғашқы күндері қала мешіттерінде «Оразаға қатысты сауалдарға жауап беру алаңы» деген атпен жамағаттың діни сұрақтарына жауап беру шарасы өткізіледі. Алматы өкілдігі «Оразаға қатысты 200 сұрақ» атты кітапшаны «Muftyat» баспасынан шығарып, мешіттерде 10 000 тиражбен және 20 000 тиражбен ораза кестесі тегін таратылмақ.
Алматы өкілдігіне қарасты «azan.kz» сайтына бір күнде 20 мыңнан астам оқырман кіреді. Ал, Рамазан айында оразаға қатысты мәлімет іздеушілер саны 50 мыңнан асып жығылады. Сайтқа бір мезетте кірушілердің көптігінен сайт жұмысы тоқтап қалатын кездері де болады. Сол себепті, «azan.kz/ kz/ramadan» парақшасын қазақ-орыс тілдерінде қосымша ұсынылып отыр.
Call орталық
Оразаға, жалпы діни мәселеге қатысты қандай да сұрақтар болса Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған Діни ақпарат беру орталығынан жауап алуға болатындығын хабарлаймыз. Орталық нөмірі – 8 (7172) 33-30-30. Сондай-ақ, Алматы орталық мешітіне қарасты орталық нөмері 8 (727) 329 09 66, 8 700 719 76 22.
Рамазан дәрістері
Алматы Орталық мешітінде аптасына бес күн бесін намазынан кейін оразаға қатысты тақырыптарда дәріс жүргізіледі. Рамазан құран айы. Сол себепті, осы айда қала мешіттерінде құран әліппесі мен намаз үйрету курстары жүргізіледі.
Сонымен қатар қала мешіттерінде күнделікті тарауих намазының алдында елді ынтымақ пен бірлікке шақыратын танымдық уағыздар мен оразаның хикметтері жөнінде дәрістер жүргізілетін болады. Одан бөлек «30 күнге 30 уағыз» және «Рамазан және Ихсан» тақырыптарында видео уағыздар оқырмандарға ұсынылмақ. «Отбасындағы ихсан» тақырыбында неке қиған жас-жұбайларға семинар өткізу де жоспарға енгізіліп отыр. Насихат жұмыстарына РАНТ пен ЖАНТ мүшелері тартылатын болады.
Қайырымдылық шаралары
Рамазан – қайырымдылық айы. Жақсылықтар еселенетін ай. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір өсиетінде: «Садақаның абзалы – Рамазан айында берілген садақа», - деп сүйіншілейді. Алматы мешіттерінде ораза айында «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазан тәбәрігі» сынды ауқымды қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар «Ел үлесі пәтерге» жобасын жүзеге асыру да қолға алынбақ.