Сәуірдің тоғызы күні биылғы жылдың алғашқы найзағайы ойнап, күн күркіреп, толассыз жаңбыр жауды
Соңғы күндері жауын жиі көрініс беруде. Бір ауық тына қалып, қайта селдетіп шыға келеді. Айтпақшы, сәуірдің сегізі күні ақырын ғана сіркіреп тұрған жаңбыр ертеңіне шелектеп құйып берді. Ол-ол ма, найзағай ойнап, күн күркіреді. Бұл биылғы жылғы күннің алғашқы күркіреуі еді...
Бұрынғылардың айтуы бойынша, көктемде күн алғаш рет «Қызыр қамшысы» кезінде күркірейді. «Қызыр қамшысы» амалы осы айдың 15-інен басталады. Кейбір деректерде 17-18-інде көрініс береді дейді. Амал кезінде алғашқы найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанады. Найзағайдың осы жарқылын «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп санаған. Кей жылдары бір-екі күндік суық орын алатын болған. Көк жүзін жаздың бұлты қаптайды. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, ескіше он бесінші наурыз Қызыр Ілиястың қамшы сілтер күні деп аталады. Әлі ол күнге екі аптадай уақыт бар. Демек, бұл көрініс көктемнің ерте келгенін аңғартса керек...
Нөсер әлі тоқтар емес. Сәл тыныстап, сіркіреп тұрады да, көккөз долы жеңгейдей аяқасты сілкініп шыға келеді. Пайым бойынша, жауын-шашын жиі орын алатын, салқындық сезілетін, өкпек жел өрекпитін кез осы.
Өрік гүлін ашып болды. Бірақ шие мен алма әзір жым-жырт. Жердің көгі де көтерілер емес. Күн көзі көрінбей, Алматының аспаны ашылмай тұр.
«Сәуір келіп сілкінтті санамызды,
Еңбек маршы құлпыртты даламызды.
Жер жаһанды жайқалтып сән берсе де,
Нұрлантпады Алматы қала-қызды.
«Отамалы» амалы сірә, тынбай,
Астан-кестен қарбалас бір басылмай,
Бірде жаңбыр, бірде қар, бірде тұман...
Аспаны Алматының тұр ашылмай!» деген жыр жолдарының еріксіз ерніңнен шығып кеткенін байқамай да қаласың.
Бүгін сәуір айының 11-ші жұлдызы. Ай есебінше, айдың 20-сы. Ал қазақы жүйе бойынша, сәуірдің 8-жаңасы. Апта айдың басын да, ортасын да, соңын да қамтып тұр. Бұл аптаның құбылмалы болатынын білдіргендей. Дегенмен, өткен аптаға қарағанда жауын азаятын сыңайлы.
Алдымызда «Сәуір», «Қойшы»,«Құсқанаты», «Тобылғы жарған», «Бесқонақ» амалдары кезегін күтіп тұр. Бәрі де жауын-шашынды, желі көп, желігі мол амал.
Аспан денелері осылай дейді. Қалай болғанда да алдымыз жаз ғой...
БАБАЛАР БОЛЖАМЫ
Табиғат пен жануарлардың қимылына қарап жасалған жорамал:
*Торғай ерте жұмыртқаласа, күн ерте жылынады.
*Күн көп күркіресе, егін, шөп мол шығады.
*Қарға қар суына шомылса, күн жылынады.
*Таң күңгірт тартып, күн манаурап көрінсе, жыл жауын-шашынды болады.
*Таң шашырап атса, жыл берекелі болады.
*Ай қораланса, жаз жаңбырлы болады.
*Қоқиқаз былтырғы ұясын жөндемей жұмыртқаласа, жаз құрғақ, жөндеп, биіктетсе, жаңбырлы болады.