Алматы облысы Қарасай ауданы Қырғауылды ауылының тұрғындары ауыз суға жарымай отырғанын айтып, жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Қырғауылды ауылы Алматының дәл іргесінде орналасқан. Тау етегі болғандықтан осы елді мекенге келіп, үй салып алғысы келетіндер көп. Бірақ мұндағы халықтың бүгінде мазасы қашқан. Өйткені суармалы су тұрмақ, 5-6 жылдан бері ауыз су да жоқ, деп жазды Sputnik Қазақстан
«Ауыл әкімдігіне өз басым 5-6 рет бардым. Ол ешнәрсе айтпайды. "Су болады" деп алдап шығарып салады. Осыдан бір жеті бұрын бүкіл ел, ауыл болып аудандық әкімдікке хат жаздық. Бүгін барып білсек, сол хат әкімнің қолына әлі тимеген. Әкімдікте судың мәселесін шешетін адамдар "проблема жоқ, су болады" деп шығарып салады. Мал ұстайық десек жер жоқ. Бәрін сатып жіберген. Бес қияр, бес ағашты да суғара алмай отырмыз», - дейді Қырғауылды ауылының тұрғыны Ахат Орынбаев.
Не керек, мұнда су таситын көлігі бардың дәуірі жүріп тұр. Олар Қырғауылдының тұрғындарына бір цистернаны 17 000 мыңға сатады.
«Сусыз отырамыз ба, сатып алып жатырмыз. Судың жоқ екенін біледі, су тасығыштар келіп бір цистерна суды 17 мыңға сатады. Жуынамыз, аздап есік алдында өсіріп жатқан қызанағымызға құямыз, сонымен-ақ 2-3 күнде ол су бітіп қалады. 5-6 жыл бұрын бір цистерна су 4000 теңге еді, бізде су жоғын білетіндер бағаны көтеріп жіберді», - дейді Қырғауылды ауылының тұрғыны Тұяқбай Кенжебаев.
Негізі бұл жердің мәселесі тым әріде жатыр. Алматының іргесінен бәленбай гектар жерді бірнеше жыл бұрын сатып алған кәсіпкер уақыт өте келе, оны тұрғындарға сата бастайды. Жекеменшік сатқан жерде инфрақұрылымға жағдай қарастырылмаған. Қоңды жер деп қоныс теуіп, бөркін аспанға атқандар арада 3-4 жыл өткен соң ауыз судың азабын тарта бастайды. Ол ол ма, тіпті электр бағаналары мен жолды да тұрғындар қалтасынан қомақты қаржы шығарып жасайды.
Суды айтып халықтың шулағанын естіп, аудандық әкімдіктің мамандары тайлы-тұяғы қалмай жиналды.
«Бұл жер жекеменшіктікі болған, жақында ғана аудан әкімдігінің балансына өтті. Иә, ауыз су мәселесі бары рас. Бұл жерде бір ғана су тартқыш қондырғы бар. Ауыл көлемі ұлғайғандықтан оның шамасы ауыз сумен толық қамтуға жетпейді. Біз екінші су тартқыш қондырғы орнатамыз. Жақында ғана сол қондырғыны орнату үшін байқау жарияладық. 15 шілдеден бастап құрылыс монтаж жұмыстарын бастаймыз. Бұйырса қазан айына дейін екінші су тартқыш қондырғы орнатылып бітеді деп жоспарлап отырмыз», - дейді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Мәрлен Қасенов.
Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Мәрлен Қасенов © Sputnik/Ертай Сарбасов
Алайда қырғауылдылықтарға алайқайлап қуануға ерте. Өйткені екі бірдей су тартқыш құрал орнатқанның өзінде бүкіл ауылды сумен қамти алмайды, тек ауыз суға жетуі мүмкін. Ал суармалы су әлі де тұрғындарды тығырыққа тіремек. Өйткені Қырғауылдыда арық қазатын да жер жоқ. Салдарынан халық ағашын суғара алмай отыр.
«Кезінде жекеменшік адам сатқандықтан инфрақұрылым еш ойластырылмаған. Бұл жерде халықтың да кінәсі бар. Жерді алар бұрын бәрін зерттеу керек еді. Енді әкімдікке де, халыққа да бұл проблема тудырып отыр. Арық қазу бойынша да қосымша жұмыстар жасалады. Оны халықпен бірге жүріп, ауылды аралап, шешеміз», - дейді аудан әкімінің орынбасары.
Айтпақшы, Қырғауылды ауылының тұрғындары мәселе 2-3 күнде шешілмесе, Алматы маңында жаңадан ашылатын БАКАД жолын жабамыз деп дүрліккен болатын. Алайда биліктің уәжін тыңдағаннан кейін тағы да сабыр сақтауды жөн көріп отыр.