Құлпынай таңдағанда нені ескеру керек? Оның пайдасы мен зияны қандай? Толығырақ aqshamnews.kz материалында.
Мамандардың айтуынша, сатып алмас бұрын құлпынайға мұқият қарау қажет. Жидектің түрі оның сапасына тікелей байланысты. Жақсы құлпынай құрғақ болады, ал шірік дақтары болмайды. Піскен жидектің түсі біркелкі әрі қанық болады, ал жапырақтары жасыл болуға тиіс.
Сондай-ақ, құлпынайдың құрылымына да мән беру керек — жидек майысқан немесе жарылған болмауы қажет.
Құлпынайдың иісіне де мән беріңіз. Жақсы піскен жидектердің хош иісі анық болады.
Ал ең басты белгі — құлпынай мен жапырақтың арасында сәл кеңістік болса, ол тәтті болады. Қышқыл құлпынайдың жапырақтары жидекке тығыз жабысып тұрады.
Құлпынайдың пайдасы мен зияны қандай?
Құлпынай құрамында С дәрумені көп тағамдардың тізімінде көш басында тұр. Бар болғаны бес құлпынай адам ағзасына қажет С дәруменінің тәуліктегі мөлшерін толық қамтиды.
Бұл дәрумен ағзаның жұмыс істеуіне аса маңызды. Атап айтқанда, ол коллагеннің синтезіне қатысады. Сондықтан құлпынай теріні жұмсақ күйде сақтауға көмектеседі.
Сонымен қатар, құлпынай терінің жарқырауына ықпал ететін антиоксиданттарға бай.
Құрамының арқасында құлпынай - жүрек-қантамыр жүйесінің саулығын ойлайтын адамдар үшін де таптырмас өнім. Ол калийге бай, ал бұл элемент қан қысымын реттеуде маңызды рөл атқарады.
Артық салмақтан арылғысы келетіндер үшін де құлпынай өте пайдалы. 150 грамм тәтті жидекте небәрі 50 калория мен 3 грамм жасұнық бар. Сондықтан құлпынай - бәліш пен шоколадқа балама іздеп, арықтағысы келетіндер үшін мінсіз таңдау.
Бірақ құлпынайдың кемшіліктері де бар
Жидекті тым көп мөлшерде жеу жүрек айну мен іштің кебуіне себеп болуы мүмкін. Дәрігерлер құлпынайды аш қарынға жеуді ұсынбайды. Бұдан басқа, құлпынай тіс эмалін бүлдіреді.