ffin.kz

Қоғаммен үндес қойылым

Қоғаммен үндес қойылым Сурет: Almaty-akshamy.kz

Б.Брехтің «Есірген шешей және оның балалары» атты пьесасының желісі бойынша қойылған «Пері қатын» спектаклі көпшіліктің көңілінен шығып, көрерменнің көзайымына айналды десек те болады. 


Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театры «Пері қатын» спектаклінің премьерасымен 95-ші театр маусымын жапты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 



Қойылым басталғаннан-ақ көрермендердің назарын өзіне аударып, соңына дейін ұстап тұра алды. Спектакльде ана мен баланың махаббаты, соғыс салдарының адам тағдырына қаншалықты үрей әкелгені, қоғамдағы түйткілді мәселелер, қыз баласына деген қатыгездік шебер суреттелген.



 


Әсіресе, әйелдер мен соғыс тақырыбы, адамгершілік қасиеттер жан-жақты қозғалып, әрбір детальға ерекше мән берілген. Әрі онда көзге көрінбейтін, мылтықсыз майдан құрсауына алған ситуация адамдарды күреске итермелейді. Бірақ бұл соғыста жеңуші және жеңілуші тарап бола ма? Әлде тіршілік атаулы түбі жоқ құлқын құрдымына жұтылып тына ма? Қойылым осындай философиялық сұрақтарға жауап іздейді. 


Шешейдің үш баласы да соғыстың, дәлірек айтсақ, соғыс жылдарындағы қатыгез залымдардың құрбанына айналады. Десе де, перзентінен айырылып, жүрегі қан жылап жатса да, сына қоймаған Пері қатынның мықтылығына қайран қаласың. «Қалай болса да ісімді жалғастыруым керек» деп, саудамен күнелтіп жүрген әйелдің болмысын балаларының өлімі де өзгерте алмады. 



Шын мәнінде, қойылым - бүгінгі қоғамдағы шындықпен бетпе-бет келген бірегей туынды. Оқиға дәуірмен шектелмеген шартты бір әлемде өтеді. Неміс драматургінің туындысын қазақ аудиториясына сай етіп бейімдеген. Оны кейіпкерлердің қазақшаланған есімдерінен байқауға болады. 


Спектакльдің жарыққа шығуына атсалысқан шығармашылық топтың жұмыстары олардың нағыз шебер, өз ісінің кәсіби мамандары екендігін дәлелдеді. Басты рөлдерді танымал әртістер – Данагүл Темірсұлтанова, Индира Меңдібаева, Қайрат Нәбиолла, Алмас Шаяхметов, Бауыржан Қаптағаев жоғары деңгейде сомдап шықты.


Елік НҰРСҰЛТАН, 
«Пері қатын» драмасының қоюшы-режиссері:




– Бұл үлкен классикалық шығарма болғандықтан, көрерменге ауыр болуы мүмкін. Біздің театр Б.Брехтке бара білді. Жақында Қазақстандағы жалғыз брехттанушы Болат Атабаев қойылымды тамашалап, оң бағасын берген болатын. Бұл шығарманың бүгінгі күнмен үндестігі бар. Сонысымен ерекше. Бірақ бұл жерде белгілі бір мемлекет туралы айтылмайды. Акцент жалпы адамзатқа қойылады. Шығармада бір отбасының тағдыр тауқыметі мен жүріп өткен жолы арқылы адамзаттың сатқындығы мен адамдығы, бірін-бірі пайда үшін қолдануы, жалпы толық адамның проблемасы, адами құндылықтардың қақтығысы сияқты дүниелер қозғалған. Қойылымда бір кейіпкердің сөзінде «Өмірдің өзі соғыс» деген ой айтылады. Яғни театр әртістері әр кейіпкердің өмір жолындағы күресін көрсету барысында қоғамдық көріністі айқын жеткізіп бере алды.   


АҚНИЕТ, 
көрермен, ҚызПУ-дың 3-курс студенті:
– Бос уақытымда театрға барғанды жаным сүйеді. Ойым бөлініп, әжептеуір тынығып қаламын. Кезекті жаңа қойылымды бірден түсіну оңай болмады. Қойылым басталғаннан оқиға желісінің тереңіне сүңгіп, кейіпкерлермен бірге барлық сезімді бастан өткердім. Пері қатынмен бірге күйініп, мылқау қызының қиналғанын көргенде бірге жылап, ал дінбасының кейбір әрекеттеріне ішек-сілем қатып күліп те алдым. Өте ауыр шығарманы жарқыратып ел алдына паш еткен Елік Нұрсұлтанға және Пері қатынның рөлін сомдаған Дария Жүсіптің өнеріне тәнтімін. Қазіргі қоғамда өте көкейкесті болғанмен, қозғай алмай отырған тақырыптар бар. Сол үшін бізге жауырды жаба тоқымай, дәл осындай қоғамға қажет, қат дүниелерді сахнаға көптеп шығару керек сияқты. Бүгінгі қоғамдағы шындықпен бетпе-бет келгіңіз келсе, «Пері қатын» спектакліне барыңыз дер едім. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05