Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс білім алушыларын студенттер қатарына қабылдау салтанаты өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Биылғы дәстүрлі шара заманауи технологиялармен сабақтасып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдану арқылы ұйымдастырылды.
Ауқымды жиынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек, сондай-ақ Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан университеттерінің басшылары мен профессорлары, Иран, Ауғанстан және Әзірбайжанның дипломатиялық өкілдері, университет түлектері мен танымал тұлғалар қатысты.
Кешті оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, жаңа оқу жылын бастаған бірінші курс білім алушыларын университет студенті атануымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті, қауіпсіз, озық және таза Қазақстанды құру – баршамыздың қастерлі парызымыз. Осы жолда бәріміз белсенді жұмыс істеуіміз керек. Бәріміз адал, шыншыл және жауапты да болуымыз қажет», – деп нақты бағыт берді. Сондықтан бүгінгі жас азаматтың бойында терең біліммен қатар, заңды құрметтеу мен жауапкершілік мәдениеті қалыптасуы тиіс», – деді ректор.
Өз сөзінде Жансейіт Қансейітұлы университеттің халықаралық деңгейдегі көрсеткіштеріне тоқталып, ҚазҰУ қалашығын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ студенттер үшін жаңадан ашылған Farabi Hub, Суперкомпьютер орталығы, Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығы, Farabi Robotics, Цифрлық технологиялар және робототехника институты секілді ғылыми-технологиялық инфрақұрылымның маңыздылығын атап өтіп, мұнда жастардың ғылыммен айналысуына барлық жағдай жасалғанын жеткізді.
«Бүгіннен бастап сіздердің өмірлеріңізде жаңа, жарқын белес басталды. ҚазҰУ сіздерге әлемдік деңгейдегі білім мен зерттеу мүмкіндіктерін ұсынып отыр. Шет тілдерін үйреніп, заманауи стартаптар құрып, цифрлық әлемнің тек тұтынушысы емес, жаратушысы болу маңызды», – деп түйіндеді университет басшысы.
Іс-шара барысында студенттер атынан Омбы филиалының 1-курс студенті Ольга Назарова, Бішкек филиалының 1-курс студенті Дастан Тәжиев және шетелдік білім алушылар сөз сөйледі.
Мерекелік шара студенттер әзірлеген арнайы концерттік бағдарламамен жалғасты. Жастардың қатысуымен «Ретро», «ЖИ, ғылым, инновация», «Таза Қазақстан» және «Кітап оқитын ұлт» хореографиялық-музыкалық композициялары ұсынылды. Шарада қара шаңырақтың Қырғызстан мен Ресейдегі филиалдарының білім алушылары, сондай-ақ ҚазҰУ-дағы Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы (ҚХР) мен Солтүстік Кавказ федералдық университетінің студенттері белсенділік танытып, өз өнерлерін ортаға салды.
Салтанатты кеш қазақ эстрадасы жұлдыздарының ән шашуымен жалғасып, жастардың би кешіне ұласты.
Айта кетейік, жаңа оқу жылында ҚазҰУ-ға 8117 білім алушы қосылды. Биыл университет бакалавриатына 6236 студент қабылданды. Олардың қатарында 674 «Алтын белгі» иегері мен республикалық және халықаралық жарыстардың 58 жеңімпазы бар. Сондай-ақ магистратураға – 1167, докторантураға 462 зерттеуші оқуға түсті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі