Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Quantum AI» зертханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің базасында құрылған жаңа ғылыми-білім беру орталығы республика аумағындағы баламасыз әрі теңдессіз инновациялық орталық ретінде іске қосылды.
Ауқымды жоба алдыңғы қатарлы кванттық жүйелерді өндіруге маманданған SpinQ Technology (ҚХР) халықаралық технологиялық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.
Жаңа орталыққа заманауи жеті кванттық есептеу жүйесі жеткізілді. Бүгінгі таңда бұл – Қазақстан аумағындағы жалғыз кванттық компьютерлер. Бірегей жабдықтар студенттер мен ізденушілерге оқу сабақтары мен зертханалық жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізуге, күрделі ғылыми-зерттеу жобаларын орындауға және машиналық оқытудың бірегей алгоритмдерін әзірлеуге мүмкіндік береді.
Салтанатты шарада сөз алған ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев бұл қадамның университетті әлемдік деңгейдегі зерттеу орталығына трансформациялаудағы рөлі зор екенін қадап айтты. «Қазіргі уақытта жасанды интеллект, үлкен деректер мен кванттық есептеулер әлемдік ғылым мен экономиканың жаңа бағытын айқындап отыр. Кванттық технологиялар мен ЖИ интеграциясы криптография, медицина және күрделі жүйелерді модельдеу саласындағы бұрын классикалық компьютерлердің қауқары жетпеген ең күрделі міндеттерді шешуге жол ашады», – деді университет басшысы.
Ректор өз сөзінде білім, ғылым және өндірісті ұштастыру бағыты жалғасатынын, ал зертхана нәтижелері еліміздің технологиялық егемендігін нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұловтың айтуынша, отандық мамандар озық жабдықтармен жұмыс істеуге толық дайын. Жаңа зертхана жоғары курс студенттеріне тәжірибелі тәлімгерлермен бірлесіп, нақты өндірістік жобаларға қатыса алатын ашық платформа ретінде қызмет етеді. Бұл база факультет түлектерінің халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады.
Шарада көпшілікке «Quantum AI» зертханасының және машиналық оқытудың бірегей алгоритмдерін әзірлеу жоспарлары кеңінен таныстырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі