Қазақтың қайсар қыздары: әлемді мойындатқан спорттағы жеті "жұлдыз"

Қазақтың қайсар қыздары: әлемді мойындатқан спорттағы жеті "жұлдыз" Сурет: коллаж, Aqshamnews.kz

Кез келген саланың дамуы оның алғашқы көшбасшылары мен дара туған шеберлерінің еңбегімен өлшенеді. Спортта да дәл солай. Қазақстан атын әлемге танытып жүрген саңлақтар аз емес. Талай жылғы табанды еңбек пен төгілген ащы тердің арқасында  халықаралық аренада жарқырап көрінген нәзік жандылардың табысы тіптен өлшеусіз. Aqshamnews.kz осы жолы дәл сондай рухты, еңбекқор әрі табанды жеті спортшы қыздың өмір жолына, жеңістеріне және ел спортына қосқан үлесіне шолу жасайды. Олар - Сабина Алтынбекова, Назым Қызайбай, Зарина Дияс, Жансая Әбдімәлік және Әбиба Әбужақынова, Балауса Мұздыман және Элизабет Тұрсынбаева.

Сұлу да сымбатты спортшы

Сабина Алтынбекова - қазақ волейболының айқын әрі жарық жұлдызы, ел атын халықаралық аренада танытқан спортшы. 1996 жылы 5 қарашада Ақтөбе қаласында дүниеге келген Сабина ерте жастан спортқа қызығушылық танытты. Дарынды балаларға арналған интернатта оқыған ол 14 жасынан волейболға ден қояды. Алғашқы клубы - "Казхром", мұнда ол капитан болып, командаға жетекшілік етті. Ал 16 жасында "Алматиночка-Алматы" клубына ауысып, Анатолий Дьяченконың жетекшілігімен жаттығып, кәсіби мансабын жаңа деңгейге шығарды.

Сабина халықаралық деңгейде де өзін дәлелдеген спортшы. Ол Жапониядағы GSS Sunbeams клубында күн сайын сегіз сағаттық қарқынды жаттығулардан өтіп, техникалық шеберлігін шыңдады. Кейін БАӘ-нің Al Wasl клубына ауысып, 2022–2023 жылдары Араб лигасының чемпионы атанды. 2020 жылы Италиядағы Volalto Caserta клубында өнер көрсетуге мүмкіндік алды, алайда қаржылық себептермен келісімшарт уақытынан бұрын тоқтатылды.

Сабинаның халықаралық аренадағы танымалдығы тек спорттық жетістіктерімен ғана шектелмейді. 2014 жылы Тайбэйдегі Азия жасөспірімдер чемпионатында оның сұлулығы мен ерекше харизмасы жұрт назарын аударып,  оны жапондық аниме кейіпкеріне теңеген еді. Сол кезеңнен бастап Сабина интернет-жұлдызға айналды. 2021 жылы әлемдегі ең танымал үш волейболшының қатарынан орын алды, бұл оның кәсіби беделін тағы бір дәлелдеді.

Жеке өмірі мен спорт арасындағы тепе-теңдікті сақтаған Сабина 2020 жылы шаңырақ көтеріп, 2021 жылы ана атанды. Дегенмен, ол спортты тастамады және 2025 жылғы қыркүйектен бастап "Астана" командасында жаңа серпінмен өнер көрсетіп келеді. 

Сабина Алтынбекова – волейболшы ғана емес, елдің мақтанышы, халықаралық аренадағы қазақ қыздарының бейнесі, спорт пен сұлулықты үйлестірген дара тұлға.

Қазақ әйелдер боксының символы

Әйелдер боксының шынайы символына айналған Назым Қызайбай - қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Ол 1993 жылы 14 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген.

Назымның есімі әуесқой бокс әлемінде ерте танылды. Ол әлем біріншіліктеріндегі ең алғашқы жүлдесін 2012 жылы иеленген. Қытайдың Циньхуандао қаласында өткен әлем чемпионатында Қызайбай қола жүлдегер атанды. 

Араға екі жыл салып Назымға әлем чемпионатының алтыны бұйырды. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында ол 48 келі салмақта әлем чемпионы атанды. Бұл бокстан қазақ қыздары еншілеген әлемдік сынның алғашқы алтыны болатын. 

Ал 2024 жылы отыз жасында Назым Қызайбай алғаш рет бағын Олимпиада ойындарында сынап көрді.  Францияда өткен Париж олимпиадасында ол 50 келі салмақта сынға түсіп, жартылай финалда бокстан әлем және Азия ойындарының чемпионы, қытайлық қарсыласына есе жіберіп алды. Осылайша, алғашқы Олимпиададан "қоламен" қайтты. 

Ал 2025 жылы Сербияда өткен әлем біріншілігінде үшінші рет алтын алып, өзінің нағыз аңыз спортшы екенін дәлелдеді. Осы жеңістері арқылы Назым Қазақстан тарихындағы ең табысты әйел боксшыға айналды.

2024 жылы Париж Олимпиадасында 50 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Қызайбай жартылай финалда қарсыласына есе жіберіп, қола медаль жеңіп алды. Бұл  - қазақ боксшы қыздары үшін үлкен белес. Олимпиададан кейін ол Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны болып сайланды.

Назым Қызайбай – рингте де, одан тыс өмірде де қайсар мінезімен, еңбекқорлығымен, табандылығымен танылған тұлға. Оның әр жетістігі қазақ қыздарының әлемдік аренадағы беделін биіктетіп келеді.

Қазақ боксының жаңа жұлдызы

Балауса Мұздыман. Ол кейінгі жылдары қазақ әйелдер боксының дамуына серпін беріп, жанкешті мінезімен, техникасымен ерекшеленген сұлу да сымбатты спортшы. 1997 жылы Алматы облысы Ақши ауылында дүниеге келген ол бала кезінен алғыр болып өскен. Мектепті "Алтын белгімен" аяқтаған Балауса бастапқыда хирург болуды армандап, Алматыдағы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түспек болған. Алайда мектеп бітірген соң АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынына кеткен кезінде ата-анасы оның спорттық жолына кедергі келтірмеу үшін құжаттарын Спорт және туризм академиясына тапсырған. 

Боксқа 13 жасында келгеніне бір жыл өткенде ол Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы чемпионы атанды. Тағы бір жылдан кейін жастар арасындағы әлем чемпионатының "алтынын" жеңіп алып, қазақ спортында жаңа есімнің жарқ еткенін көрсетті. Кейін ересектер арасында да жүлделі орындар алып, жоғары деңгейдегі спортшы ретінде қалыптасты.

Қазір Балауса 54 келі салмақта өнер көрсетіп, Қазақстан ұлттық құрамасының үміткерлері қатарында жүр. 

Кәсіби бокстағы мансабы да қызыққа толы. Балауса 2017 жылы АҚШ-тағы қарсыласы Тэнэйша Уэсті жеңіп, кәсіби рингте дебют жасады. Алайда одан кейін алты жыл бойы кәсіби бокста бой көрсетпеді. Тек 2023 жылы қайта рингке оралып, жерлесі Зухра Исраилованы ұтып, екінші жеңісіне қол жеткізді.

2024 жылы Балауса WBA Asia титулын жеңіп алып, кәсіби деңгейде бірінші белбеуіне қол жеткізді. Ал 2025 жылы Алматыда өткен бокс кешінде Үндістан өкілі Мамта Сингхпен жолығып, UBO тұжырымы бойынша екінші жеңіл салмақта әлем чемпионы атағын сарапқа салды. Он раундқа жоспарланған айқасты төртінші раундта ,  қазақстандық спортшы қарсыласын техникалық нокаутпен тоқтатып, кәсіби мансабындағы тоғызыншы жеңісіне жетті. Осылайша, Балауса Мұздыман өз мансабында алғаш рет әлем чемпионы атанды.

Балаусаның үлкен арманы – Қазақстанның әйелдер боксын дамыту, әлемге таныту және шын мәнінде өз елінің атын шығару. Ол "Әлем қазақ боксынан тек GGG-ді ғана емес, бүкіл Қазақстан бокс мектебін тануы керек" деп есептейді.

Қазақстан теннисінің нәзік те қайсар мінезді өкілі

Зарина Дияс - халықаралық теннис аренасында Қазақстанның атын асқақтатып келе жатқан дарынды спортшылардың бірі. Ол 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. Бала кезінде отбасымен Чехияға көшіп, Прагада орналасқан әйгілі "Спарта" академиясында тәлім алды. Дәл осы жерде оның кәсіби теннис жолы қалыптасып, болашақ чемпионның алғашқы қадамы басталды.

Зарина 9 жасынан бастап халықаралық жарыстарда көзге түсіп, Prague Open және RPM Junior Open турнирлерінде топ жарды. Табиғи таланты мен табандылығы оны жасөспірімдер арасында ең үміт күттіретін спортшылар қатарына қосты.

Оның мансабындағы ең жарқын сәттердің бірі - 2010 жылғы Кремль кубогы. Бұл турнирде ол әлемнің үздік теннисшілерінің бірі, сербиялық Елена Янковичті жеңіп, шын мәнінде үлкен сенсация жасады. Кейін Australian Open, Wimbledon, US Open және French Open жарыстарында бірнеше раундқа өтіп, Қазақстан әйелдер теннисінің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті.

2011 жылы иығына жасалған ауыр операция мансабына қауіп төндіргенімен, Зарина табандылық танытып, кортқа қайта оралды. 2018 жылы Майами турнирінде Светлана Кузнецованы, 2019 жылы Гифуда Лян Эн Шуоны ұтып, өз деңгейін тағы бір дәлелдеді. 2020 жылы Гонконгтағы ITF турнирінде кезекті титулын жеңіп алды.

Қазақстан атынан өнер көрсетуді саналы түрде таңдаған Зарина ешқашан жеке өмірін жариялап, жаһанға жар салған емес. Спортқа адалдығы, еңбекқорлығы, тәртібі мен шыдамдылығы - оның басты ерекшеліктері. Соның нәтижесі ретінде ол әлемдік рейтингтің үздік 100 қатарына алғаш рет 2014 жылы енген.

Жуырда Зарина Жапонияның Такасаки қаласында өткен турнирдің 1/8 финалында Оңтүстік Корея спортшысы Со Хён Пакты 6:4, 7:6 есебімен ұтып, тағы да өз шеберлігін көрсетті.

Зарина Дияс - Қазақстан теннисі тарихындағы ерекше орын алатын, ойыны мықты, таланты дара спортшы. Оның әрбір жеңісі - ел спортының беделін биіктетіп келе жатқан үлкен еңбек жемісі.

Қазақ шахматының жаңа дәуірін ашқан дара талант

Жансая Әбдімәлік - әлем шахматындағы ең жарқын жұлдыздардың бірі, Қазақстан тарихында алғаш болып "халықаралық гроссмейстер" атағын иеленген әйел. Алғашқы жаттықтырушысы әрі тірегі - әкесі Данияр Аширов.

Жансаяның шахматтағы таланты өте ерте байқалды. Бар болғаны алты жасында Алматы қаласының 8 жасқа дейінгі қыздар арасындағы чемпионатында жеңіске жетіп, алғашқы титулын иеленді. Бір жылдан соң Қазақстан чемпионы атанып, Украинадағы халықаралық турнирде алтын медаль алып, бірінші разряд нормасын орындады.

2008 жыл - оның жұлдызы жарқыраған кезең. Жансая Қазақстанның абсолют чемпионы атанып қана қоймай, Иранда Азия чемпионы болып, Қазақ шахмат тарихындағы ең жас құрлық чемпионы атанды. Ал Вьетнамда өткен әлем чемпионатында 10 ұпай жинап, 8 жасқа дейінгі әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

Өсе келе ол жасөспірімдер жарысында да ерекше жетістіктерге жетті. 2010 жылы - ФИДЕ шебері, 2011 жылы – әлем чемпионы және халықаралық мастер атанды. 2013 жылы 20 жасқа дейінгі әлем біріншілігінде күміс жүлде алып, Чехиядағы ерлер турнирінде топ жарды.

2014 жыл Жансая үшін тарихи кезең болды. Ол ФИДЕ-ден халықаралық гроссмейстер-әйел атағын алып, әйелдер рейтингінің үздік жүздігіне енді. Сол жылы әлемнің экс-чемпионы Анатолий Карповтың өзі қатысқан шахмат академиясының ашылуы - оның беделінің және талантының мойындалуы еді.

Жансаяның мансабы одан әрі қарқынды дамыды. 2016 жылы Қазақстан чемпионы атанды. 2017 жылы - Қазақстан тарихында алғаш болып әйелдер арасынан ерлердің халықаралық мастері атағын иеленді. Сол жылы АҚШ-та өткен World Open турнирінде гроссмейстерлік норманы орындап, 20 жасқа дейінгі әлем чемпионы атанды. 2018 жылы барлық үш гроссмейстерлік норманы толық орындап шықты.

2021 жылы Гибралтардағы әйелдер Гран-приінде жеңіске жетіп, халықаралық гроссмейстер атағын толықтай ресми иеленді. Бұл жетістік - әлемдік шахматтағы қазақ қызының биік мәртебесін айқын көрсетті.

2022 жылы Германияның OSG Baden-Baden командасымен бірге әйелдер Бундеслигасының чемпионы атанды. Шахматтан бөлек, ол жас буынға қолдау көрсетіп, елімізде шахмат мектебін дамытуға ерекше үлес қосып келеді. 2025 жылы Жезқазғанда Қазақстандағы ең ірі шахмат академиясын ашуы - соның дәлелі.

Былтыр тұрмыс құрған Жансая 2025 жылы ана атанып, қазір бала күтіміне байланысты демалыста. Дегенмен ол шахматтан алыстаған емес, еліміздің жастарымен жұмыс істеп, жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге атсалысуда.

Жансая Әбдімәлік - қазақ спортының жаңа толқынына шабыт сыйлаған, әлемдік деңгейдегі интеллектуал тұлға. Оның жеңістері – табандылықтың, дарынның және асқан еңбекқорлықтың көрінісі.

Қазақ дзюдосының жарқын жұлдызы

Әбиба Әбужақынова – Қазақстанның дзюдо тарихындағы жарқын тұлға, әлемдік аренада ел намысын биікке көтерген спортшы. 1997 жылы дүниеге келген Әбиба 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. Ол өзінің табандылығы мен еңбекқорлығы арқылы Қазақстан әйелдер дзюдосының көшбасшысына айналды.

Дзюдоға Әбиба 11 жасында келді. Туған жері мен отбасы жайлы көп ақпарат жоқ, бірақ спортқа деген махаббаты оны Ташкенттен Алматыға жетеледі. Жеке өмірінде көп нәрсені жарияламаса да, спорттағы жетістіктері әрдайым ел назарында болды. Ол Республикалық спорт колледжінде жалғыз оқып, жаттығуларын табандылықпен жалғастырды.

Әбибаның халықаралық арендағы жетістіктері назар аударарлық:

  • 2021 жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатының финалында қытайлық Ли Янаннан жеңіліп, күміс медаль алды.
  • 2022 жылы Астанада өткен Азия біріншілігінде жапон спортшысы Вакане Когаға жол беріп, тағы да күміс медаль жеңіп алды. Сол жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленді – бұл Қазақстан әйелдер дзюдосындағы маңызды жетістік болды.
  • 2023 жылы Португалиядағы Гран-при сериясында алтын медаль жеңіп, бұл турнирде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық әйел дзюдошы атанды.
  • 2025 жылы Будапешттегі әлем чемпионатында күміс медаль алып, әлемдік деңгейдегі спортшы екенін тағы дәлелдеді. Жартылай финалда бельгиялық Лоис Петирді иппонмен жеңсе, финалда тек жапон спортшысына жол берді.

Әбиба Әбужақынова - дзюдошы ғана емес, қазақ қыздарының қайсарлығы мен табандылығын көрсететін үлгі тұлға. Ол өзіне ғана емес, жас буынға да мотивация беріп келеді. Еліміздің туын биікке көтеріп, халықаралық жарыстарда Қазақстан атын танытып келеді.

Төрт айналымдық секіруді орындаған тұңғыш спортшы

Элизабет Байтаққызы Тұрсынбаева - Қазақстанның ең дарынды және әлемге танылған мәнерлеп сырғанаушыларының бірі. Ол 2000 жылы Мәскеу қаласында дүниеге келген. Денсаулығы әлсіз болғандықтан, ата-анасы оны шынықтыру мақсатында жастайынан мәнерлеп сырғанауға берген. Дәл осы шешім кейін оның мәнерлеп сырғанау спортында жұлдызының "жануына" сеп болды. 

Элизабет жасынан Ресейдің белді мектептерінде жаттықты: Наталья Дубинская, Александр Шубин, Елена Водорезова, Светлана Соколовская, кейін әлемге әйгілі Этери Тутберидзенің дәрістерін алды. 2013 жылы ол Торонтоға көшіп, Олимпиада чемпиондарын даярлаған канадалық бапкер Брайан Орсердің тобында жаттықты.

2014 жылдан бастап Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатысып, жасөспірімдерден ересектер қатарына өтті. 2019 жылы оның мәнерлеп сырғанау мансабындағы ең жарқын кезеңі басталды. Элизабет төрт құрлық чемпионатында және әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді.

Тұрсынбаеваның спорт тарихындағы ең үлкен жаңалығы 2019 жылы  болды. Сайтамада өткен әлем чемпионатында ол  төрт айналымдық сальховты "таза" орындады. Осы арқылы ол ресми жарыста төрт айналым секіруді орындаған әлемдегі тұңғыш ересек фигурист атанды.

Жетістіктері үшін Элизабет "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын иеленіп, "Еңбек сіңіргені үшін"  медалімен марапатталды.

Алайда спортшының сәтті басталған мансабы ұзаққа бармады. Денсаулығына байланысты, созылмалы арқа жарақаты 2021 жылы Элизабеттің ресми түрде спортты аяқтауына себеп болды.

Элизабет Тұрсынбаева - төрт айналымдық секіруді орындауы бүкіл әлемдік мәнерлеп сырғанауға жаңа леп әкелген тарихи оқиға болды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:33

10:15

10:00

09:59

09:39

09:25

09:14

09:03

08:57

08:55

08:45

08:30

22:16

18:12

18:07

17:58

17:47

17:41

17:25

17:10

16:59

16:45

16:23

16:13

16:05