Баспа саласының майталманы, майдангер ақын, журналистің туғанына 100 жыл толды.
Мемориалдық тақта Есет Әукебаев тұрған Құрманғазы көшесі, 90 үйдің қабырғасына орнатылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz тілшісі.
Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының өкілдері, баспасөз ардагерлері, журналистер мен публицистер қатысты. Қатысушылар өз әріптестері мен тәлімгерінің отандық әдебиет пен кітап ісін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Салтанатты шарада Есет Әукебаевтың (1921-2008) өмірбаяны еске алынды.
Есет Әукебаев Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Теректі ауылында дүниеге келген. Қиыр Шығыстағы шайқастарға қатысқан майдангер өмірін әдебиетке арнағысы келді. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1956-1969 жылдары «Социалистік Қазақстан» республикалық партия газетінде редакция қызметкері, кейін республикалық «Жазушы» көркем әдебиет баспасының бас редакторы болды.
Есет Әукебаевтың «Шекарашының сөзі» атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1954 жылы жарық көрді. Одан кейін әр жылдары «Таң сәулесі», «Досыма хат», «Биік таулар», «Бірлік ағашы» жинақтары жарық көрді.
Осы шығармалары арқылы ол қаламгерлердің тұтас бір буынын тәрбиеледі. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып та бар. Салтанатты шара барысында ол қан майданды кешіп өткен Есет Әукебаевтың өлеңдері туған жерге деген сүйіспеншілікті оятатынын атап өтті. Әдеби қызметте де, баспа ісінде де жауапкершілігі мол жан еді, өзінен кейінгі жас әріптестерін де сол рухта тәрбиеледі.
Бұл сөздерді «Мектеп» баспасының бас директоры Ерлан Сатыбалдиев те растап, Есет Әуекбаевтың басшылығындағы жұмыс ол үшін кәсіби шеберлік мектебіне айналғанын айтты.
«Мен «Жазушы» баспасына 40 жыл бұрын, Есет Әукебаев бас редактор болып тұрғанда келгенмін. Ол кезде оқырмандар көбейіп, кітаптар өте үлкен тиражбен басылып, баспа басшысы ретінде оған үлкен жауапкершілік жүктелді. Қол астындағылардың бірі қателессе, таяқ Есет Әукебаевқа тиетін. Бірақ ол бізді кешіре білді – соғыс көрген майдангер ретінде жанашырлықпен қарау керек екенін жақсы білсе керек. Сонымен бірге ол бізді кәсібилікке үйретіп, өте жақсы ұжым жинады. Ол өз қарамағындағы талантты болғанымен, мінез-құлқы әр түрлі адамдарды бір үйдің баласындай жұмылдыра алды», - деп пікір бөлісті Ерлан Сатыбалдиев.
Есет Әукебаеваның келіні Татьяна Әукебаева Алматы қаласының әкімдігіне және барлық әріптестеріне ескерткіш тақта орнатқаны үшін отбасының атынан алғысын білдірді.
«Есет Әукебаевтың бейнесін толық ашатын жылы сөздер айтылды. Біз, әулеттің өскелең ұрпағы, оны сағынышпен еске аламыз. Ол бізге соғыс туралы, өзінің қызметі туралы көп айтатын, біз бұл оқиғаларды күні бүгінгідей есте сақтаймыз. Алпыс жасқа толған мерейтойында оған полковник шенінің берілгені есімде – ол нағыз майдангер, туған жеріне адал адам болғанын мақтан тұтатын. Зейнеткерлікке шыққан соң уақытын немерелеріне арнады, мектепке ертіп барды. Олар одан көп нәрсе үйренді», - деп түйіндеді сөзін Татьяна Әукебаева.