Елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі екі негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні жыл сайын 18 қарашада атап өтіледі.
Бұл ресми кәсіби мереке 2024 жылдың көктемінде бекітіліп, алғаш рет 2024 жылғы 18 қарашада кең көлемде аталып өтті. Аталған күн сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрестің, қоғамда заңдылық пен әділдік қағидаттарын нығайтудың маңызын айқындауға, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің еңбегін құрметтеуге арналған.
Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің тарихы 1990 жылдардағы қаржы полициясынан бастап, дербес мемлекеттік органға және қазіргі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) құрамындағы құрылымға дейінгі даму кезеңдерін қамтиды.
Бұл мерекенің 18 қараша күнімен байланысты болуының себебі – 2014 жылғы 18 қарашада Қазақстан заңнамасында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары» ұғымының алғаш рет ресми түрде бекітілуі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қалыптасу кезеңдері
Қаржы полициясының бастауы (1994–2014 жылдар).
Алғашқы кезеңде экономикалық және лауазымдық қылмыстарға қарсы күресті салық және қаржы полициясы органдары жүзеге асырды. Осы кезеңдегі ең ұзақ жұмыс істеген құрылымдардың бірі – 2003 жылы құрылған Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігі (Қаржы полициясы) болды. Ол 2014 жылдың тамызында таратылды.
Мамандандырылған қызметтің құрылуы (2014–2019 жылдар).
2014 жылы қаржы полициясы таратылғаннан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес функциялары мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау міндеттерімен біріктіріліп, осы бағытта арнайы агенттік құрылды. Кейін оның құрылымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро жұмыс істеді.
Антикордың дербес мемлекеттік орган мәртебесін алуы (2019–2025 жылдар).
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 13 маусымдағы Жарлығына сәйкес Ұлттық бюро дербес Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) айналды.
Агенттік тікелей Мемлекет басшысына бағынды. Оның қызметі сыбайлас жемқорлық қылмыстарын қудалаумен қатар, олардың алдын алу шараларын жүзеге асыруды да қамтыды.
Қайта ұйымдастыру және қазіргі кезең (2025 жылғы маусымнан бастап).
Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында 2025 жылғы 30 маусымда Президент №927 Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына қосылды. Оның негізінде ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылды.
Қазіргі таңда өкілеттіктер қалай бөлінген?
2025 жылғы реформадан кейін бұрынғы Антикордың міндеттері бақылау мен алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында екі негізгі мемлекеттік орган арасында бөлінді.
Жедел тергеу бағыты. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау, жолын кесу және тергеу міндеттерін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүзеге асырады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы саясат. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау және олардың алдын алу жөніндегі міндеттер Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді.
Осылайша, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі екі негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді: құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеу, сондай-ақ олардың алдын алу мен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.