Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысы барысында отандық өнімді сатып алуды және қазақстандық өндірушілердің тауарларын кепілді өткізуді ұлғайту үшін ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар тетіктерін қолдануды кеңейту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Мұнда кәсіпорынның жаңа өнімін ұзақмерзімді шарт негізінде өткізуге кепілдік беретін офтейк-келісімшарттар бекіту тетігін кеңінен қолдану қажет. Бұл шығарылатын өнім номенклатурасын ұлғайтуға, қазақстандық шикізатты терең өңдеуге, сондай-ақ құзыреттерді арттырып, жаңа технологияларды игеруге мүмкіндік береді»,— деді Премьер-министр.
Осындай шарттарды жүзеге асыру кезінде жобаларды жүйелі түрде қолдауға, отандық және шетелдік инвесторлармен тікелей өзара іс-қимылға жауапты «Бәйтерек» инвестициялық холдингінің қаржылық құралдарын пайдалану қажет екені аталып өтілді.
Үкімет жетекшісі келесідей тапсырмалар берді:
- Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қаржы министрлігімен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін сатып алу рәсімдеріндегі кедергілерді жою бойынша шаралар қабылдап, отандық өндірушілермен жасалатын шарттардың көлемін ұлғайтуды қамтамасыз ету қажет.
- Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, қазақстандық кәсіпорындардан сатып алуды қамтамасыз ету үшін тауарлар тізбесі мен олардың көлемдерін айқындасын.
- Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық палатасымен, мүдделі мемлекеттік органдармен және компаниялармен бірлесіп, жыл соңына дейін импортты алмастыратын өнімдерге қатысты сатып алудың барлық түрі бойынша 2027 жылға арналған ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жоспарын бекіту қажет.