Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары қазақстандық қарттардың өмірін өзгертуде, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Аға буынға қамқорлық көрсету мен олардың белсенді өмір сүруіне жағдай қалыптастыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа дейін жеткен жаһандық үрдісті ескере отырып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қамсыздандырудың дәстүрлі моделінен егде жастағы азаматтардың өзін-өзі жүзеге асыруына қолайлы орта қалыптастыруға кезең-кезеңімен көшуде.
Бұл бағыттағы негізгі құрал – «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының желісі. Бүгінде елімізде осындай 134 орталық жұмыс істейді. Онда егде жастағы азаматтар тек кеңес алып қана қоймай, бос уақытын тиімді өткізіп, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Орталықтар қызметі егде жастағы азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған: олардың денсаулығын нығайту, кедергісіз қолжетімді орта қалыптастыру және қоғамдық өмірге белсенді тарту. Атап айтқанда, келушілер үшін йога, скандинавиялық жүру және сауықтыру гимнастикасы бойынша сабақтар ұйымдастырылған. Когнитивтік денсаулықты сақтау және цифрлық ортаға бейімделу мақсатында IT және smart-сауаттылықты арттыру курстары, сондай-ақ шет тілдерін оқыту жүргізіледі. Орталықтар базасында жүргізілетін кәсіби медициналық, психологиялық және құқықтық кеңестер алу мүмкіндігі қолдау көрсетудің маңызды бөлігі болып отыр. Әлеуметтік оқшаулану мәселесі көшпелі іс-шаралар ұйымдастыру, мәдени нысандарға бірлескен сапарлар және тақырыптық концерттер өткізу арқылы тиімді шешілуде.
2025 жылы орталықтар 850 мың қызмет көрсетті. Бұл көрсеткіштердің артында негізгі нәтиже – қазақстандық қарттардың өмір сапасының сапалы өзгеруі тұр. Орталықтар денсаулық нығая түсетін, әлеуметтік оқшаулану азаятын және жаңа мүмкіндіктер ашылатын ортаға айналды. Бағдарламаларға қатысушылардың психоэмоционалдық жағдайы мен физикалық денсаулығының айтарлықтай жақсарғаны мониторингте байқалады. Осылайша белсенді ұзақ өмір сүру қазақстандықтар үшін тек ұғым емес, нақты өмір салтына айналуда.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың басында 65 жастан асқан азаматтар саны 1 млн 975 мың адамды немесе жалпы халық санының 9,6%-ын құрады.