Ведомство басшысы Аида Балаеваның айтуынша, ол ЮНЕСКО қағидаттарына сәйкес жергілікті және халықаралық деңгейде жұмысты қамтитын үш негізгі бағыт бойынша жүйелі шараларға негізделген.
«Бірінші бағыт – Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі конвенцияға сәйкес, ЮНЕСКО қорғауындағы ескерткіштермен кешенді жұмыс жүргізу. Екінші, ЮНЕСКО конвенциясының қағидаттарына сәйкес, материалдық емес мәдени мұраны немесе «жанды» мұраны сақтау және қолдау. Үшінші бағыт – ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында құжаттық мұраны сақтау, оның қолжетімділігі мен танылуын қамтамасыз ету», – деп атап өтті министр.
Сонымен қатар, Қазақстанда материалдық емес мәдени мұра объектілерінің элементтерінің Ұлттық тізімі қайта қаралды. Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің Ұлттық тізімін қайта зерделеу нәтижесінде, бұған дейінгі 45 элементтің санын 79 элементке дейін арттырды. Қазіргі кезде Қазақстанның атынан Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне 14 элемент енгізілген.
Бүгінде еліміздегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің саны 25 мыңнан асады. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінде 265 ескерткіш болса, жергілікті маңызы бар 12 мыңнан аса тарихи және мәдени ескерткіші тіркелді.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде еліміздің 10 тарих және мәдени ескерткіші бар.