2025 жылдың соңғы айы қазақстандықтарға 9 демалыс күнін сыйлайды. Сенбі-жексенбі күндерінен бөлек сейсенбіде Тәуелсіздік күніне орай тағы бір күн демаламыз. Ал 30 және 31 желтоқсан жұмыс күндері болып қала береді. Ендеше, қыстың алғашқы айы қазақстандықтар үшін тағы қандай жаңалықтар мен өзгерістер әкелмек? Аqshamnews.kz тілшісі желтоқсанда күтетін маңызды ақпараттарды топтастырды.
Енді қазақстандықтар автолизинг рәсімдей алады
1 желтоқсаннан бастап Қазақстан азаматтары үшін автолизингтер қолжетімді болады. Бұған дейін лизингті негізінен тек компаниялар пайдалана алатын. Енді қарапайым азаматтар да жеңіл автокөлікті лизингке рәсімдеп, кейін оны толық сатып алуға немесе көлікті компанияға қайта өткізуге мүмкіндік алады.
Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының өкілі Олжас Құсбековтың айтуынша, бұл бастама ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың әлеуметтік жүктемесін азайту жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылып отыр. Депутаттың сөзінше, автолизинг бағдарламасы бұрын жеңілдетілген автонесие ала алмаған азаматтарға бағытталған.
"Біздің міндет – лизингтің жай ғана басқа шарттармен берілетін автокредитке айналып кетпеуін қадағалау. Ол шынымен де халыққа ыңғайлы, икемді қаржы құралы болуға тиіс", – деді Құсбеков.
сурет: Қайрат Қоныспаев
Жаңа әуе рейстері мен лоукостерлер пайда болады
Желтоқсаннан бастап Қазақстанның әуе нарығында Тайландтың жаңа лоукостері – Thai AirAsia X жұмысын бастайды. Әуе компаниясы Бангкок – Алматы бағыты бойынша тікелей тұрақты рейстерді аптасына төрт рет орындайды: дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстер санын арттыру бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр.
Сонымен қатар, 18 желтоқсаннан бастап Беларусьтің «Белавиа» әуе компаниясы Минск – Алматы бағытындағы рейстерін қайта жаңғыртады. Бұл туралы компанияның бас директоры Игорь Чергинец хабарлады. Бұған дейін бұл рейс орындалған, сұраныста жиі болған, бірақ кейінірек тоқтатылған еді.

Алматыдан Ташкентке Talgo пойызымен баруға болады
14 желтоқсаннан бастап «Жолаушылар тасымалы» АҚ Алматы – Ташкент бағыты бойынша күнделікті жүретін Talgo пойызын іске қосады. Маршрутта жайлылық деңгейі жоғары Talgo құрамдары пайдаланылмақ. Күн сайын жүру кестесі жолаушыларға сапарларын алдын ала ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді.
Жолда жүру уақыты – 17 сағат 38 минут.
Шамамен билет бағалары:
-
отыратын вагондар – 10 167 теңгеден,
-
купе – 20 711 теңге,
-
люкс – 30 772 теңге.
Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан немесе теміржол вокзалдарының кассаларынан сатып алуға болады.
сурет: AtyrauPress
Оқушылар қысқы каникулға шығады
Қазақстандағы 1–11 сынып оқушылары қысқы демалысқа 29 желтоқсаннан 7 қаңтарға дейін шығады. 8 қаңтарда олар үшінші тоқсандағы сабақтарына қайта оралады.
Қосымша демалыс бірінші сынып оқушыларына қарастырылған: олар үшін 9–15 ақпан аралығында қосымша тағы бір апта қысқы каникул болады.
Ал көктемде барлық оқушы 19–29 наурыз аралығында демалады.
сурет: Алматы әкімдігі
Алматылық "Қайрат" "Олимпиакосқа" қарсы ойнайды
Сейсенбі, 9 желтоқсанда алматылық "Қайрат" клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы матчін гректің "Олимпиакос" командасына қарсы өткізеді.
Алайда ауа райының күрделі жағдайына байланысты бұл кездесу, сондай-ақ бельгиялық "Брюгге" клубына қарсы матчі де Алматыда емес, "Астана Аренада" өтеді. Мұндай шешім УЕФА-мен бірлесіп қабылданған.
Ойынның басталуы – Астана уақытымен кешкі 20:30 деп белгіленіп отыр.
сурет: Қайрат Қоныспаев
Елена Рыбакина Үндістандағы турнирге қатысады
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Үндістанның Бангалор қаласында өтетін World Tennis League көрме турниріне қатысады. Жарыс 17–20 желтоқсан аралығында өтеді.
Әйелдер арасында Испаниядан Паула Бадоса, Украинадан Марта Костюк, Польша теннисшісі Магда Линетт және бірқатар үнді спортшыларының да қатысатыны хабарланған.
сурет: Matthew Stockman/Getty Images for WTA
Жаңа компанияларға арналған электр энергиясы тарифтері күшіне енеді
1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда электр энергиясына арналған жаңартылған шекті тарифтер күшіне енеді. Энергетика министрлігі қолданыстағы бұйрыққа өзгерістер енгізіп, өндірушілер тізіміне үш жаңа компанияны қосты:
-
«Sintra Energy» ЖШС,
-
«KAZ GREEN ENERGY» ЖШС,
-
«Aktobe Energy Gaz» ЖШС.
Бұл станциялар үшін алдағы жылға жоспарланған электр энергиясын өндіру шығындары негізінде шекті тарифтер белгіленеді.
Ведомствоның мәліметінше, нарыққа жаңа компанияның келуі біртұтас сатып алушы үшін электр энергиясының орташа бағасына әсер етпейді. Себебі бұл компаниялардың генерация көлемі салыстырмалы түрде аз болады, сондықтан жалпы сатып алу құнына айтарлықтай ықпал етпейді.
сурет: depositphotos.com
Доллар желтоқсанда қайта қымбаттауы мүмкін
Көптеген қаржы сарапшылары жылдың аяғына қарай, Жаңа жыл қарсаңында, теңге сәл әлсіреп, доллардың позициясы қайта күшеюі мүмкін деген пікірде екендерін жеткізді.
Мәселен, қаржыгер және бұрынғы банкир Сұлтан Елемесов жылдың аяғына таман доллар бағамы 540-қа дейін көтеріледі деп болжады:
"Қараша айында теңгенің нығаюы жалпы күткен нәрсе еді. Көптеген аналитиктер мұны болжаған еді. Ал жыл аяғында не болады? Мысалы, Halyk Finance, қателеспесем жылдың аяғында долларға 550–560 теңге деп болжам айтып еді. Өз басым ондай қатты пессимист емеспін. Менің ойымша, жыл аяғына 535–540 теңге аралығындағы бағамды көреміз", – дейді сарапшы.
Яғни сарапшылар теңге үшін аса күрделі сценарий болжамаса да, доллардың белгілі бір деңгейде қымбаттау ықтималдығын жоққа шығармайды.
сурет: rbc.ru