Б. Сұлтанов Нью-Делиде сауда келіссөздерін өткізді
Нью-Делиде (Үндістан) сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, өнеркәсіптік және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Үндістан үкіметаралық комиссиясының 14-отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
ҮАК-ның Қазақстан тарапынан тең төрағасы — Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Үндістан тарапын Үндістан Республикасының мұнай және табиғи газ министрі, тұрғын үй құрылысы және қалалық істер министрі Хардип Сингх Пури басқарды.
Отырыс барысында тараптар ағымдағы экономикалық жағдай туралы пікір алмасты. Екіжақты сауда мен инвестицияларды кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екені атап өтілді.
Атап айтқанда, Қазақстан мен Үндістан өзара экспорт-импортты ұлғайту үшін тауарлар тізімімен алмасуға келісті, сондай-ақ сатып алушылар/сатушылар туралы ақпаратты орталықтандыру үшін екі елдің экспорттық агенттіктері арасындағы өзара байланысты тереңдету қажеттігін атап өтті.
Сауданы ұлғайтудың неғұрлым перспективалы салаларының бірі – агроөнеркәсіптік кешен. Үкіметаралық комиссия отырысы барысында Қазақстан мен Үндістан ауыл шаруашылығы өнімдерінің екіжақты сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Осылайша, тараптар фитосанитариялық талаптарды сақтаған жағдайда елдер арасында карантинге жатқызылған өнімді өткізуге уағдаласты. Бұл АӨК өнімдерін өзара жеткізу көлемін кеңейтуге ықпал ететін болады.
Қазақстан тарапы отандық нарыққа үнді қантын жеткізуді ұлғайту бойынша ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.
Өзара инвестициялық мүмкіндіктерді талқылау барысында Қазақстан Республикасының делегациясы үнді компанияларына ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ үнді инвесторларын тау-кен және металлургия өнеркәсібі, энергетика (жаңартылатын энергия көздері), фармацевтика, машина жасау және агротехника, денсаулық сақтау, электроника, туризм және курорт, сондай-ақ ICT, IT-салаларындағы жобаларға шақырды.
Үнді тарапы өз компанияларының қазақстандық мұнайды ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша сатып алуға мүдделілігін растады. Бұл ретте үнді мұнай-газ компанияларының ҚР өндіруші және/немесе әзірленетін активтеріне инвестициялау мүмкіндіктерін зерттеудегі ниеті расталды.
Бұдан бөлек «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ мен Үнді midhani компаниясы (титан биоимпланттарын өндіру жобасы), сондай-ақ «IREL Limited» компаниясы (Үндістан Республикасында титан қожын өндіру жобасы) арасындағы ынтымақтастықты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Тараптар сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, қаржы саласы, туризм, ақпараттық технологиялар, IT-саласы және т. б. салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Үкіметаралық комиссияның қорытындысы бойынша 14-отырыстың хаттамасына қол қойылды. Сондай-ақ ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қазақстан стандарттау және метрология институты мен Үндістанның ғылыми және өнеркәсіптік зерттеулер жөніндегі кеңесінің Ұлттық физикалық зертханасы арасында метрология саласындағы ынтымақтастық бойынша Өзара түсіністік туралы меморандум жасалды. Тараптар метрология саласындағы ынтымақтастық және метрология саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру мүмкіндігі, қызметкерлермен академиялық алмасу бойынша бірлескен қызмет, оның ішінде тағылымдамаларды, симпозиумдарды және т. б. ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, өнеркәсіптік және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Үндістан үкіметаралық комиссиясының алаңында Б. Сұлтановтың Үндістан Республикасының Үкіметі мен іскер топтар өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулері өтті.
Сонымен, Үндістанның сауда және өнеркәсіп министрі Пиюш Гоялмен әңгімелесу барысында жеткізілетін тауарлар номенклатурасын әртараптандыру және кеңейту тақырыптары талқыланды. Сондай-ақ шығарылатын өнімді кейіннен ЕАЭО және ТМД елдеріне экспорттау үшін ҚР-да құрылатын трансшекаралық хабтар алаңдарындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту көзделеді.
«Adani Group» үнді конгломераты басшылығымен келіссөздердің күн тәртібінде үнді компаниясының қазақстандық экономиканың бірқатар салаларына инвестициялау жоспарлары тұрды. Атап айтқанда, «Adani Group» компаниясы көлік-логистика саласында, жасыл экономика мен жаңартылатын энергия көздерін дамытуда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде, ІТ-саласында және т. б. ынтымақтастық жасау мүмкіндігіне қызығушылық танытып отыр.
Қазақстан тарапы еліміздің аталған салаларға үнді инвестициялары мен технологияларын тартуға мүдделілігін растады, сондай-ақ «Adani Group» компаниясын трансшекаралық сауда-өнеркәсіптік хабтарды дамытуда ынтымақтастыққа шақырды.
Қазақстан делегациясы сондай-ақ RеNew Power (жаңартылатын энергия өндірісі бойынша әлемдегі ең ірі он компанияның құрамына кіретін «жасыл энергия» өндіру жөніндегі үнді компаниясы) компаниясының өкілдерімен келіссөз жүргізді. Компания ҚР-да тұрақты ЖЭК, сондай-ақ «жасыл» сутегін дамыту бойынша бірқатар жобаны іске асыруды ұсынады.
Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 2021 жылы $2 млрд асып, 2020 жылғы деңгейге қарағанда 7,4%-ға ұлғайды, Қазақстанның экспорты 2020 жылғы көрсеткішке қарағанда 3,4%-ға өсіп, $1,625 млрд құрады. Үндістанға қазақстандық экспорттың негізгі тауарлары: шикі мұнай, күміс, сутегі, инертті газдар, асбест, ферроқорытпалар, титан мен кадмийден жасалған бұйымдар. ҚР экспорттық әлеуеті тауарларының тізбесі жалпы құны $600 млн асатын өңделген тауарлардың 80 атауынан тұрады.