XXI ғасырдың ең шешуші әрі тағдырлы күшіне айналған жасанды интеллект бүгінде әлемдік өркениеттің жаңа бетбұрысын бастап берді. Кеше ғана қиял-ғажайып фильмдердің арманын елестеткен интеллектуалдық машиналар бүгін ғылымнан бастап бизнеске, медицинадан журналистикаға дейін сан салаға дендеп еніп жатыр. Әлем елдері арасындағы технологиялық бәсекенің басты өлшеміне айналған бұл үдерістен Қазақстан да шет қалмай, ғылыми бағыттарын жаңаша жүйелі жолға түсіріп келеді.
Жасанды интеллект саласындағы отандық жетістіктер, оқыту жүйесіндегі өзгерістер мен ғылымдағы жаңалықтар қандай? Бұл сұрақтарға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі, профессор Мадина Есімханқыз, сондай-ақ, журналист әрі IT-маман, "Жасанды интеллект әліппесі" атты алғашқы қазақ тіліндегі оқу құралының авторы Мейіржан Әуелханұлы Айгерім Есімханның "АІ Ғылым" бағдарламасында жауап берді.
Жасанды интеллект және білім: Қазақстан қандай бағытта дамып келеді?
Профессор Мадина Есімханқызы жасанды интеллект түсінігінің тарихы тереңде жатқанын еске салды.
"Жасанды интеллект ұғымы ғылымға алғаш рет 1956 жылы еніп, өз алдына бөлек сала ретінде қалыптасты. Бірақ оның бүгінгі деңгейге жетуіне басты себеп - деректер көлемінің күрт көбеюі. Қазіргі университеттік деңгейдегі Data Science бағыты - осының заңды жалғасы. Өйткені ЖИ-дің түп негізі үлкен массивтегі деректерді сауатты оқу, өңдеу және моделдеу қабілетінде жатыр", - дейді ол.
Ғалымның сөзінше, Қазақстанда кейінгі жылдары мемлекет тарапынан жасанды интеллектке арналған ірі жобалар қолдау тауып, ғылыми институттар мен университеттер жаңа зерттеу орталықтарын ашып жатыр.
"Ең маңызды бастамалардың бірі - қазақ тіліне арналған ірі тілдік модельдерді жасау. Бұл өте күрделі, көпқырлы және ұзақ мерзімді ғылыми жоба. Оны жүзеге асыруда ҚазҰУ-мен қатар Назарбаев Университеті, Тіл білімі институты, Тіл Қазына ұйымы және Ақпараттық және есептеу технологиялары институты серіктес. ЖИ тек техникалық жоба ғана емес. Яғни, қазақ тілінің болашағына қатысты үлкен ғылыми міндет. Біздің тіліміз цифрлық кеңістікте толыққанды қызмет ету үшін, жасанды интеллект қазақша мәтінді дәл түсініп, сауатты жауап беруі тиіс. Қазір осы бағытта мыңдаған сағаттық мәтіндер сарапталып, тілдік құрылымдар талданып жатыр", - дейді профессор.
Жасанды интеллекттің білімге әсері:
Технология қарқыны ең алдымен білім саласын өзгертіп жатыр. Мейіржан Әуелханұлы бұл өзгерістің қазақ қоғамына жаңа тыныс әкелгенін айтады.
"Бүгінгі оқушы кеше компьютерді енді үйреніп жүрген мұғалімнен де көбірек ақпаратты ЖИ арқылы ала алады. Бұл - уақыттың талабы. Бірақ білім жүйесі мұндай серпінге дайын ба деген сұрақ туындайды. Өкінішке қарай, біздің мектептер мен ЖОО-лардың басым бөлігі жаңа технологияны енді ғана игере бастады. Негізгі мәселе - білікті кадрдың жетіспеушілігі", - дейді ол.
Шынында да, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін мамандарға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Ал модель құрастырып, алгоритм шығарып, бағдарламаны жүйелі дыбыстайтын кәсіби инженерлер - әзірге өте аз.
Мейіржан мырза мұндай жағдайда бірінші кезекте мұғалімдердің өзін оқыту қажеттігін айрықша атап өтті.
"Ертеңгі оқушыға сапалы білім беру үшін мұғалім жасанды интеллектпен жұмыс істеуді өзі білуі керек. Дәстүрлі оқыту әдісімен шектеліп қалмай, ChatGPT деңгейіндегі құралдарды қолданып, жаңа педагогикалық тәсілдерді игеруі қажет. ЖИ - бәсекелес емес, білім берудің қуатты құралы", - дейді автор.
Алғашқы қазақша оқулық: ұлттық білім үшін жаңа қадам
Мейіржан Әуелханұлының биыл жарық көрген "Жасанды интеллект әліппесі" - қазақ тіліндегі алғашқы толыққанды әдістемелік құрал. Еңбек көпшілікке арналған жеңіл оқу нұсқаулығы емес, ЖИ-мен жұмыс істеудің нақты қадамдарын түсіндіретін кәсіби бағыттағы маңызды кітап дейді,- автор.
"Кітапта жасанды интеллектке арналған 1000-нан астам дайын промпт бар. Бұл - нақты сұрақтарды дұрыс құраудың үлгілері. Адам ЖИ-ге неғұрлым сауатты сұрақ қойса, соғұрлым жақсы жауап алады. Көпшілікке жасанды интеллекттің мүмкіндігін дұрыс пайдалану үшін осындай жүйелі құрал қажет болды", - дейді.
Оқулық жарық көргеннен кейін студенттер, кәсіпкерлер, журналистер, тіпті мұғалімдер тарапынан үлкен қызығушылық байқалған.
ЖИ мамандарын қалай даярлау керек?
Профессор Мадина Есімханқызы жасанды интеллект маманы боламын деген талапкерге қойылатын негізгі талаптарды түсіндірді.
Профессор Мадина Есімханқызы талапкерлерді ЖИ саласына бейімдеу үшін математика мен логикалық ойлаудың маңызына тоқталды.
"Студенттер математиканы терең меңгеруі керек. Ықтималдық теориясын білу, код жаза алу – базалық талап. Сонымен қатар, деректермен жұмыс істейтін Data журналистердің де орны ерекше. ЖИ маманы – болашақта сұранысы арта түсетін бағыт", – дейді ол.
Қазақ тілі және жасанды интеллект: жаңа дәуірдің басталуы
Мейіржан Әуелханұлы жасанды интеллекттің қазақ тіліне тигізген игі ықпалын ерекше атады.
"ЖИ-дің келуі қазақ тіліндегі контенттің сапасын көтерді. Бұрын шетел тілдерінде ғана жасалатын талдауларды енді қазақ тілінде де жасауға болады. Бұл дегеніміз тілдің дамуына жасанды интеллекттің қосқан үлкен үлесі. Қазір қазақ тіліндегі ақпаратты өңдейтін модель көптеп пайда болды. Осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың үлкен жетістігі", - дейді маман.
Шынында да, кейінгі екі жылда қазақ тілінде мәтін тудыратын, мәтінді танып, сараптайтын құралдардың саны күрт өсті. Яғни тілдің технологиялық дамуына серпін беріп, жаңа буынға қазақ тілімен цифрлық кеңістікте жұмыс істеуге мүмкіндік беріп жатыр.
Университеттердің рөлі: ғылым, медиа және технологиялар тоғысы
Жасанды интеллект бағыты дамыған сайын университеттердің да жауапкершілігі артып отыр. ҚазҰУ, Назарбаев Университеті және өзге ғылыми орталықтардың жаңа зертханалар ашып, халықаралық ұйымдармен байланыс орнатуы - осының бір айғағы.
ҚазҰУ-дың журналистика, механика-математика, экономика, ақпараттық технологиялар, медицина, биология, архитектура факультеттері бүгінде білім беру бағдарламаларын жаңартып, заманауи құралдармен жабдықталып жатыр. Студенттер шетелдік медиа ұйымдармен бірлескен жобаларға қатысып, халықаралық платформада тәжірибе жинауда.
Оқу аудиториялары тек дәріс тыңдайтын орын емес, нақты жобалар жасалатын зертханаларға айналуда. Университеттің мақсаты - студентті теориямен қоса нақты практикалық дағдыға үйрету.
Қазақстан жасанды интеллект дәуіріне дайын ба?
Қазақстанда жасанды интеллект саласына қатысты басталған ізденістер - ғылымның жаңа кезеңге аяқ басуының белгісі.
• Ұлттық тілге арналған ірі тілдік модельдердің жасалуы
• Қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтардың жазылуы
• Жас ғалымдар мен инженерлердің көбеюі
• Университеттердің жаңа ғылыми жобаларды қолға алуы - елдің технологиялық өркендеуінің нақты дәлелі.
Жасанды интеллекттен бас тарту - прогрестен бас тарту. Ал оны дұрыс меңгеру - болашаққа нық қадам. Қазақстан қазір осы жолдың басында тұр. Бүгінгі еңбектер ертеңгі технологиялық ұрпақтың іргесін қалайды. Сондықтан, жасанды интеллект технологиясы біздің бәсекелесіміз емес, керісінше, қазақ ғылымының жаңа тынысын ашатын қуатты мүмкіндігіміз.